Таныс та бейтаныс Зимбабве (тест)

Таныс та бейтаныс Зимбабве (тест)
Фото: akorda.kz

Астанаға Зимбабве Республикасының президенті Эммерсон Мнангагва ресми іссапармен келді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақты арттыру мақсатында келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынастарды тереңдетудің маңызын атап өтіп, ықпалдастықты одан әрі дамытудың негізгі бағыттарына арнайы тоқталды.

– Біз сыртқы саясатымызда, соның ішінде Африка бағытында кең ауқымды сауда қарым-қатынастарын дамытуға және халықаралық бастамаларды өзара қолдауға ұмтыламыз, – деді Қазақстан президенті.

Зимбабве Республикасының президенті Қазақстанға ресми сапармен келуге мүмкіндік туғызып, Зимбабве делегациясына қонақжайлық көрсеткені үшін мемлекет басшысына алғыс айтты.

Кездесу барысында тараптар ауыл шаруашылығы мен тау-кен өнеркәсібі салалары бойынша екі жақты ынтымақ орнату, сондай-ақ Зимбабвенің көлік-логистика желісін жаңғырту және қайта өңдеу ісінде бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады, - деп хабарлайды ҚР президентінің ресми сайты.

Зимбабве қазақстандықтар үшін аса таныс ел емес. Одан өзге Қазақстаннан жырақта орналасқан мемлекет. Нақтырақ айтсақ, Африка құрлығының оңтүстік бөлігінде ОАР, Мозамбик, Ботсвана және Замбия елдерімен шекараласып жатыр. Мұхитқа тікелей шыға алмайды. Тәуелсіздік алғанға дейін (қай жылы алғаны төмендегі тестте бар) Оңтүстік Родезия деп аталған.

Зимбабве доллары. Бір АҚШ доллары 322.36 Зимбабве долларына тең.

Зимбабве бір кездері Африкадағы экономикасы жақсы дамыған елдер қатарында болатын. Қазіргі таңда әлемдегі ең кедей мемлекеттердің бірі. 2000 жылдары елде басталған дағдарыс 2008 жылы шырқау шегіне жетті. Мемлекеттің сыртқы қарызы шектен тыс артты. 2009 жылы ақшасы құнсызданғаннан кейін АҚШ долларын мемлекеттік валюта ретінде қабылдады.

Африка құрлығындағы елдерге ең көп инвестиция құятын елдердің бірі – Қытай. Басқа мемлекеттерге қарағанда олар Зимбабвеге көп қаржы бөледі екен. Соның әсерінен осы елдегі саяси ықпалы да жоғары. Қытай Зимбабвенің тау-кен өндірісі саласына, ауыл шаруашылығына, энергетикаға, құрылыс саласына инвестиция салып келеді. Сонымен қатар аспан асты елі 2015 жылы Зимбабве экспортының 28 пайызын сатып алып, ең басты сауда серіктесіне айналды.

Зимбабве – Африка құрлығындағы ең сауатты елдердің көшбасшысы. Халқының 90 пайызы оқу мен жазуды біледі. Мемлекетте ресми 16 тіл тіркелген. Оның қатарында тіпті ым-ишара тілі де бар.

Халық арасында кең тараған спорт түрлері – крикет, регби және футбол. Зимбабве елінің спортшылары арагідік Олимпиада ойындарына қатысып та тұрады. Осыған дейін барлығы 8 медаль алған. Оның бірі көгалдағы хоккей болса, қалғандары жүзуден қоржындарына түскен.

Виктория сарқырамасы

Бұл елдің табиғаты да ерекше. Жасыл саванна, тұнық өзендері, экзотикалық жан-жануарларымен мақтана алады. Әйгілі Виктория сарқырамасы да осы елдің шекара аймағында (Замбия елі арасында) орналасқан.

Елдің астанасы Хараре таза, жайлы әрі жасыл қалалардың бірі. Себебі онда саябақтар көп. Көшелерінде сан түрлі гүлдер өсіріледі. Сондай-ақ қара құрлықтағы қауіпсіз қалалардың бірі де.

Зимбабве елі жайлы өзге де қызықты деректермен төмендегі тесттен өтіп таныс болыңыздар.

 
Massaget.kz