Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау жылдан жылға артып келеді

Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау жылдан жылға артып келеді
Фото: benchase.photoshelter.com

Қызылорда облысы ауылшаруашылығын дамытуды жылдан жылға ілгері жылжытып келеді. Бұл Елбасы Жолдауында айтылған бүкіл әлемге танылатын "Қазақстанда жасалған" табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілеуге мүмкіндік береді. 

Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау жылдан жылға артып келеді. 2017 жылы 84,6 мың тонна күріш сырт елдерге экспортталды. Бұл 2016 жылғы күріш экспортымен салыстырғанда 61,1 пайызға артық нәтиже. Жалпы, ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттау 60 пайызға артқан. Агрокарта аясында жылдам дамытуды қажет ететін салалар және ауыл шаруашылығы өнімдерін (күріш, балық, ет, бақша, т.б.) экспорттау көлемін 2020 жылға қарай 5 есеге дейін ұлғайту жолдары айқындалған. 

Бұл Мемлекет басшысының бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарығында талап етілген өндірісті ынталандыру жөніндегі тапсырмасына толық сәйкес келеді деген сөз. Өйткені, Елбасы биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында алдағы 5 жыл көлемінде ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми жетістіктерді пайдалана отырып, өңдеу саласына көп көңіл бөлу қажеттігін айтты. 

Елбасының тапсырмасына сай, өңделген өнімдерді экспортқа шығару көлемін 5 жылда 2,5 есеге көбейту талап етіледі. Әрі былтыр облыста күріш, қауын-қарбыз, пияз, болгар бұрышы секілді ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау 37 пайызға өскені белгілі болды. Яғни, 89,5 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері шетел асқан. 
Оның ішінде, Жаңақорған ауданының үлесі қомақты. 2018 жылы да оңтүстіктегі ауданның экспорттық әлеуеті арта түсетіні айқын.

Т. Раушанұлы