Қазақстанда "түрме халқының" саны азайып келеді

Қазақстанда "түрме халқының" саны азайып келеді
Фото: pixabay.com

Қазақстан Республикасының Президенті ұсынған Ұлт жоспарының 33-қадамында бас бостандығынан айыру орнынан босаған және сынақтан өту қызметіне тіркелген азаматтар үшін әлеуметтік оңалтудың кешенді стратегиясын жасау көзделді.

2016 жылы желтоқсан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017 - 2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды.

Бұл қадамды орындау жұмыстары 2014-2020 жылдарға арналған "Түрме халқын" азайту мемлекеттік бағдарламасын іске асырумен қатар жүріп жатыр. Еліміздегі "түрме халқы" санын азайту өзекті мәселелердің бірі болатын. Себебі ол мемлекетке кері әсерін береді. Еліміздің Ішкі істер министрлігінің тарапынан бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды дамыту бағытында көптеген шаралар жасалуда. Пробация қызметі сол шаралардың біріне жатады. "Пробация" дегеніміз – қылмыстық жазалардың қоғамнан оқшауланбай орындалуын қамтамасыз ету және олардың әлеуметтік құқықтық көмек алуына көмектесу мақсатында жүргізілетін шаралар жиынтығы. Пробацияның негізгі мақсаты – қылмыстың себебін зерттеп, барынша сотталушының қылмысты қайталамауы үшін психологиялық тұрғыдан көмек беру.

Осы уақытқа дейін, "Түрме орнына – пробация мен электронды білезік", "Бітімгершілік", "Колониядағыларды жұмыспен қамту – 2017" және "Түрме халқын" азайтуға арналған шаралардың жүзеге асыру нәтижесінде қамаудағылардың саны азайды. Себебі 15 жыл бұрын Қазақстан түрмедегі халық саны бойынша әлемдік рейтингде 3-ші орында тұратын. Ал қазір Қазақстан 68-ші орында тұр.

"Біздің тарапымыздан істелген жұмыстар жағдайды тұрақтандырды. Қазіргі таңда біздің мекемелерде тәртіп орнатылды. Оны сенімді түрде айта аламын. Сонымен қатар біздің қылмыстық іс жүргізу жүйеміз әлі күнге дейін кеңес жүйесінің келбетін сақтап отыр. Сондай-ақ қылмыстық іс жүргізу жүйеміз халықаралық талаптардан әлі алыс. Осы орайда Елбасының тапсырмасымен қылмыстық іс жүргізу мен жазаны орындау саясаты жетілдіру үстінде", - деді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Сотталған адамдар қайта қылмыс жасамау үшін тәрбиелік сұхбат жұмыстар жасалып жатыр. 33-қадам бойынша жасалып жатырған шаралар сотталған адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуге, олардың қайталап қылмыс жасамауына, оның алдын алуға және жазасын өтеуге арналған уақытты барынша тиімді пайдалануға бағытталып жасалуда. Қоғамда сотталған адамдарға жаман көзқарас қалыптасқан. Бұрын сотталғандар түрмеден шыққан соң жұмысқа тұра алмай қиналатын. Соның зардабынан өзінің отбасын асыра алмайды, өзін ешкімге керек емес сезініп, тағы қылмыс жасауға мәжбүр болатын жағдайлар көп кездесті. Ал қазіргі кезде қолға алынып жатырған шаралар сотталғандарды қоғамның толық мүшесі бола алатындығына сендіріп, заңға бағынатын азамат болуына көмектеседі. 

А. Жапатова