"100 жаңа есім" жобасына өзгерістер енді

"100 жаңа есім" жобасына өзгерістер енді
Фото: 100esim.el.kz

Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасына орай былтыр алғаш рет өткен "100 жаңа есім" жобасының биыл да жалғасын табатынын хабарлаған едік. Аталған жобаға өзгерістер енгені белгілі болды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Енді өзгеріске сәйкес "100 жаңа есім" жобасына үміткерлерді үкіметтік емес ұйымдар да ұсына алады. 

Жаңа өзгеріс бойынша жобаға үкіметтік емес ұйымдар да ат салысып, елімізге еңбегі сіңіп жүрген кез келген азаматты ұсынып, оның жеңіп шығуы үшін насхат жұмыстарын жасай алады. Бұл туралы «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәурен Бабамұратов: "Былтыр "100 жаңа есім" жобасы өте сәтті жүзеге асқандығын білеміз. Жастардың арасында мықты деген, алайда танылмай жүрген азаматтар көрінді. Ағымдағы жылы – жобаның екінші кезеңі. Биылғы жеңімпаздарды анықтау үшін біршама өзгерістер енгізілді. Ең негізі өзгеріс "100 жаңа есімді" анықтауда басымдық үкіметтік емес ұйымдарға берілмек. Біздер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілі ретінде бұл тізімге азаматтарды ұсына аламыз. Өзіміз ол азаматтар туралы насихаттап, бұқараға танытамыз.

Енгізілген бұл өзгерісті өте маңызды және оңтайлы шешім деп есептеймін. Себебі биліктің, халықтың мойындауын қажет етіп жүрген адамдардың басым көпшілігі жұмысбасты. Ол дәрігер болуы да мүмкін, басқа салада қызмет етуі мүмкін. Сәйкесінше халықты өзіне дауыс беруге шақыруға қолы тимейді. Ал біз - үкіметтік емес ұйым шынымен сондай адамдарды тауып, сайт арқылы оларға дауыс беруге барша халықты үндей аламыз. Алдағы аптада Жастар қоғамдық бірлестігі алғашқы үміткерлерімізді ұсынамыз",– деді. 

Деректерге қарағанда, еліміздегі үкіметтік емес ұйымдар саны 20 мыңға жуық. Ал Алматыдағы үкіметтік емес ұйымдар саны 5863.

Т. Раушанұлы