Іскерлік қасиеттері ілгері болса ғана лауазымы өседі

Іскерлік қасиеттері ілгері болса ғана лауазымы өседі
Фото: Ieshua.org

Үш жыл бұрын еліміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетті одан ары дамыту мақсатында ұлттың алдына жоспар қойып, оны нақты 100 қадамға сыйғызған бағдарлама дайындағанын білеміз. Осы нақты қадамдардың екінші кезегінде мына мәселе қарастырылады. Төменгі лауазымдарға кандидаттарды реттеу және одан әрі лауазымдық өсу ІСКЕРЛІК ҚАСИЕТТЕР негізінде жүзеге асырылуы тиіс. 

Мемлекет көтерілген биігінен құламай, ары қарай шыңдарға шыға беруі жолында аянбай қызмет ететін жанкешті жұмыскерлері болуы тиіс. Олардың қызметке қабылдануы неғұрлым оңай болса, ол адамның өз жұмысын махаббатпен жасап, лауазымының бағасын білуі де екіталай. Қиыншылықсыз қол жеткен нәрсенің қадірі де аз болса керек. Әр лауазымды тұлға өз ісі мен деңгейіне риза болып, оның құнын түсінуі үшін қызметке қабылдау шарттарын да күрделендіру тиіс. 

Ең бірінші кезекте лауазымға кандидат болуы үшін іргетасы берік қаланған қызметкер қажет, яғни оның білімі мен сауаттылығы бірінші орында тұрады. Қанша жерден ұйымдастырушылық қабілеті мықты, тіл табысқыш, жауапкершілігі зор болса да, ол алдымен өз саласының жілігін шағып, майын ішіп, бар ілімін меңгерген болмаса, өзіне берілген тапсырманы тыңғылықты орындауы екіталай. Тәжірибеде біліксіз болса да, істі ары қарай үйреніп, іліп алып кетуі үшін, сол салаға қатысты теориялық білімі бар, мамандықтың негіздерінен хабары мол болғаны жөн. 

Одан кейін Қаныш Сәтбаев айтпақшы, «Ісіңізге, еңбегіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен қарасаңыз, сөз жоқ, жеңіске жетесіз». Жаңадан жұмысқа орналасқан қызметкер ұжымның татулығына, ауызбіршілігіне сызат түсіріп, екі ортаға от жағып жүрсе ешкімге де абырой емес. Мұндайда таяқтың бір ұшы оны жұмысқа қабылдаған жауапты кісіге де тиеді. Осындай жайсыздықтардың алдын алу үшін оның ұжым қызметкерлеріне мінезі мен болмысы сәйкестігін, қандай жағдайда өзін қалай ұстап, қай іске қалай жауап беретінін, адамгершілік сипатын толықтай тексеріп алған жөн. 

Одан кейін ғана лауазымын жоғарылату жөнінде сөз болғанда, әр қызметкердің іскерлік қасиеті бағаланады. Түйіндемеде барлық адам көрсететін «жауапкершілігі зор, ісіне тиянақты, өзгелермен тіл табысқыш» деген секілді жаттанды сөздерге ісімен дәлел болатындай түрлі тапсырмалар, сынақтар беріп, тексеру істері де жұмысқа қабылдамай тұрып жүргізілуі тиіс. Өзін өзі дамытуға, ілгері жылжуға деген құлшынысы қандай екенін де алдын ала болжамдап алған жөн. Басқа іскерлік қасиеттер өмір көре келе, өсе келе қалыптасады. Ол ұжымның бір-біріне жанашырлығы, көмектесуге, білгенін үйретуге бейім болуына және де басшысы жақсы болып, дұрыс мотивация беріп, әр қызметкерін сөзбен де, қаржылай да қолдап, алға жетелеуіне байланысты. Ал іскерлік қасиеттері өзге қызметкерлермен салыстырғанда басымдық бермесе, оның лауазымын жоғарылатудан зияны болмаса, пайдасы тимейді. Ел ертеңі үшін жұмыс істейтін қызметкерлерді реттеп, лауазымын өсіруді де елеусіз қалдырмай, 100 қадамға қосу елбасының ең дұрыс шешімі.

 

@. @assel_assanova