31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Өткен ғасыр қазақ халқы үшін ауыр нәубет пен қасіреттерді, «екінші ақтабан шұбырындыны» кешу ғасыры болды. Тарих қатпарларында қаншама жазықсыз төгілген көз жас пен аққан қан қалды. Кеңес өкіметінің қолдан күштеп ұжымдастыруымен Қазақ жерінде бір емес үш бірдей ашаршылық болды. Халық қамын жеген саяси қайраткерлер, ұлт зиялылары, автономиялық республика құрушыларды бір сөзбен айтқанда ұлт қаймағынан сескенген Кеңес өкіметі И.В.Сталиннің «Троцкийшілдер және басқа да екіжүзділерді құрту бойынша партиялық жұмыстардың жетіспеушіліктері» атты баяндамасын талқылағаннан кейін жаппай қудалау басталды. Бұл тарихта «үлкен террор» деген атпен қалды.

1925 жылы қыркүйекте Қазақстанға басшылық қызметке Ф.И.Голощекиннің келуі елде орын алып отырған жағдайды одан бетер ушықтырды. Ол Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп санап, онда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға, «асыра сілтеу болмасын аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен жаппай ұжымдастыру мемлекеттің жоспарын шамадан артық орындау мақсатының нәтижесі халықты аштыққа ұшыратты. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды қызметтерінен алып, республикадан қуды, олардың көзін жоюды қолға алды.  

Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасында Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Осылайша «халық жаулары», «ұлтшылдар», «исламшылар», «түркішілдер», «жапония тыңшылары» және т.б. желеулермен қазақтың бас көтерген зиялыларынан бастап, қарапайым еңбек адамдары да жазықсыз саясаттың құрбандығына шалынды. Тіпті, Л.И.Мирзоян Сталиннің бұйрығымен жазықсыз атылғандар санын қолдан мейлінше арттыруға тырысты. 118 мың адам жазықсыз тұтқындалып оның 25 мыңы атылды. Қазақ зиялыларының әйелдері де бұл жазадан тыс қалмады. Күйеуінен бас тартпаған әйелдерді қамады. Бұл лагерь «Алжир» деген атпен тарих беттерінде қалды.

Міне, осының салдарынан ұлт зиялылары – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұханмедов, Жаһанша Досмұханмедов, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиндер сталиндік саясаттың құрбанына айналып, атылып кетті...

ХХ ғасыр басында қазақ халқының саны ХХ ғасырдың ортасындағыдан 2 есе көп болды. 1872 статистикалық есеп бойынша қазақ даласында 5 миллионнан аса халық болған екен. 1910 жылдары Ахмет Байтұрсыновтың «6 миллион қазақпыз» деп өлеңінде келтіруінің өзі 40 жыл ішінде қазақтардың саны тағы шамамен 1 миллионға көбейгенін білдіреді емес пе? Ал 1939 жылғы санақта қазақтар 2 миллион 300 мың болды. Яғни екі есе азайды.

1916 жылғы көтеріліс, азамат соғысы, тосыннан келеген жұт, 1919-1922 жылдардар аралығында бірінші аштықтың тууына себепкер болды. Мұның салдарынан 1,5 млн адам қайтыс болды. Ол көбінесе елдің оңтүстік аймақтарын қамтыды, нақ осы және басқа да деңгейде Қазақстанның барлық тұрғындары да зардап шекті. Екінші ашаршылық Голощекиннің сталиндік тапсырманы жоспардан тыс асырып орындауының салдарынан туындады. Мысалы, бір Павлодар өңірінде орталықтан астық  дайындау көлемін жыл сайын ұлғайтып отыруға нұсқау беріліп тұрған. Мәселен, 1929-1930 жылдары округ үшін жоспар 2 млн. 300 мың пұт делінсе, 1930-1931 жылдары бұл мөлшер  екі есе ұлғайтылып, 7 млн. 750 мың пұтқа жеткізілген.  

Әртүрлі мәліметтер бойынша, 1930 жылдарда 1,5 миллионнан 2,5 миллион адамға дейін шығын болды. Ал үшінші ашаршылық соғыстан кейінгі еліміздегі экономикалық ахуалдарға байланысты туындады. Бірақ та, бұл ашаршылық сол жылдары халықтан жасырын түрде ұстады. Осылайша қазақтар іс жүзінде 15–20 жылдың ішінде халқының жартысына жуығынан айырылған.

1919 — 1922 жылдардағы аштық (1,5 млн адам)

 1931 — 1933 жылдардағы аштық (2,5 млн адам)

1946 жылдары болған аштық.

Осыған қарап отырып, 42 жылда қазақтар азамат соғысы, байларды кәмпескелеу, жаппай колхоздастыру, 1932–33 жылдардағы аштық, 1937–38 жылдардағы репрессия салдарынан миллиондаған адамынан айрылған деуге әбден болады. Осы аштық, қуғын сүргін салдарынан қазақтар — 22 пайызға, украиндықтар — 21 пайызға кеміген. Бұл екі халық Кеңес өкіметінде ең көп шығынға ұшыраған ел болып есептеледі.

Қазақ халқының үдере көшу көлемі туралы қазақтың белгілі ұлы тұлғасы Тұрар Рысқұловтың И. Сталинге, В. Молотовқа жазған (1933 ж. 9 наурыз) хатында: «Қонысын тастап, Қазақстанмен көршілес өлкелерге көшкен қазақтардың мекен-жайларынан келіп түскен, шамамен алынған соңғы деректерге қарағанда: қазір Орта Еділде – 40 мың, Қырғызстанда –100 мың, Батыс Сібірде — 50 мың, Қарақалпақстанда — 20 мың, Орта Азияда – 30 мың қазақ бар. Қонысынан ауғандар қалмақ жеріне, Тәжікстанға, Солтүстік өлкеге және басқа да осы сияқты шалғай жерлерге де көшіп кетті. Байлар бастаған бір қауым Батыс Қытайға ауды... Бұл қазақтардың көші қоны емес, басы ауған жаққа кетуі», – деген дерек келтіреді.

Мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған соңғы деректер бойынша, сталиндік қуғын-сүргіннің құрбандарының саны 40 миллионға жеткені айтылады. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы сәуірдің 14-інде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданады.

1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығы бойынша, 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды.

Тәуелсіздік жылдары 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды.

Т. Раушанұлы