Жаһанша Досмұхамедұлы. Күнбатыс Алашорда көсемі

Жаһанша Досмұхамедұлы. Күнбатыс Алашорда көсемі

Бүгін, яғни, 31 мамыр  –  саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл күн Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бастап атап өтіліп келеді.  

«Халық жауларын» анықтау бойынша жүргізілген қатаң әрі әділетсіз саясат салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандар артынан олардың жақындары да үлкен тауқымет көрді. Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың арасында қазақтан шыққан зиялылар көп еді. 

Жаһанша Досмұхамедұлының ауылында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу тақтасы

Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда Алаш қозғалысы қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан, яғни, 1928 жылдың орта шамасынан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылып, әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еркінен тыс жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген жала жабылды. 

Олардың қатарында Алаш қозғалысының аса көрнекті қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, Алашорда Батыс қанатының төрағасы, заңгер, Ресей империясы округінің орынбасар-прокуроры дəрежесіне дейін көтерілген, юстиция (əділет) генералы мəртебесіне жеткен Жаһанша Досмұхамедұлы да болды.

Туған жерінде қойылған ескерткіш. Алаш саябағы. 

Жаһанша Досмұхамедұлы 1887 жылы Батыс өңіріндегі Жымпиты  ауданының (қазіргі Сырым) Бұлдырты ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебінен хат танып, Жымпитыдағы бір сыныптық болыстық орыс-қазақ училищесінде білім алды. Оқушылар арасында озық ойлылығымен көзге түскен Жаһанша Оралдағы әскери училищеге оқуға түседі. 

Алғашыңда Жаһанша әскери  училищенің дайындық курсын аяқтап, кейін ғана училищенің курсанты атанады. Бұл оқу орнында  ол Алаш партиясына мүше болып, батыс өңірде Алашорда үкіметін құруға белсене ат салысты Халел Досмұхамедов, Ғұбайдолла Бердиев, Нұрғали Ипмағамбетов, Бақтығали Бейсенов және басқа да ұлт зиялыларының қатарын толықтырған азаматтармен бірге оқыды. Оның қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуына осы оқу орны тікелей әсер етті. Жаһанша училищені 1904 жылы үздік бітірді. 

Оқу бітіргендегі аттестаты

Бір жылдан кейін Орал облысының стипендиаты ретінде Мәскеу университетінің заң факультетіне түскен. Оны да 1910 жылы үздік аяқтады.

Жаһанша 1930 жылы ОГПУ тергеушісіне берген көрсетілімінде «Менің қоғамдық-саяси қызметім тұңғыш рет 1910 жылы көрініс тапты. Университет бітіргеннен соң Орал болысына келіп, Орал қаласында орыс тілінде жарық көріп тұрған «Уральский листок» («Орал парақшасы») газетіне қазіргі Қазақстан аумағына ішкі Ресейден шаруаларды жүйесіз көшіріп әкеліп қоныстандыруға қарсы бірнеше мақала шығарған болатынмын. Осы мақалаларым үшін мені Орал губернаторы облыстық басқармада (оқыған уақытымда алып тұрған) стипендиялар өтеуіне қызмет ету құқымнан айырды» деп өз қолымен жазыпты. Бұл кезде Жанша Досмұхамедұлы 23 жаста еді.

Жастайынан ерекше көзге түскен Досмұхамедұлын орыс үкіметі болашақ жауға айналуы мүмкін деген күдікпен Сібірге қызметке жіберді. Ол Сібірде жүрген кезінде қиындық деңгейі жоғары сот істерінде қорғаушы ретінде жеңіске жетіп, нағыз маман ретінде танылды. 1914 жылы Том округтік соты Каин учаскесі прокурорының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Жанша Досмұхамедұлы Сібірде жүрген кезінде Өмірлік серігі Ольга Колоссовскаямен жолығады. Ол – Тұрар Рұсқұловтың әйелі Надежданың әпкесі.

Жұбайы пайдаланған ыдыс-аяқ. Күнбатыс Алаш-Орда мұражайы. Жымпиты

Ольга Колоссовская ақ шәйі көйлек киіп Чайковскийдің «Лебединое озеросын» орындап отқан кезінде Жанша орыс қызының сұлулығына тәнті болып, ерекше сезімге бөленеді. 

1917 жылдың атышулы Ақпан төңкерісінен бастап Досмұхамедұы саяси іске батыл араласады. Сол жылдың сəуірінде Жанша Орал облыстық атқару комитетінің төрағасы Ғұбайдолла Əлібековтің шақыруымен осы өлкеге келеді.

Мұражай. Жымпиты.

Күнбатыс Алашорда үкіметінің құрылуы

1918 жылы 1 сəуірде Халел жəне Жаhанша Досмұхамедовтер Мəскеуге барып, Орталық Кеңес үкіметінің басшысы В.И.Ленинмен жəне Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен кездеседі. «Алашорда» атты ұлттық автономиялық үкімет құрылғанын, «Алашорда» үкіметінің төрағасы Ə.Бөкейханов екенін мəлімдейді. Бірақ «Алашорда» мемлекетінің қойған талап-тілектерін Орталық Кеңес үкіметі толықтай мойындамайды.

Мəскеуден қайтып оралған бойында Жаhанша мен Халел қазақтың Батыс аймағын басқаратын үкімет құруға кірісті.

«Ойыл уəлаяты» Уақытша үкіметі — ХХ ғасырдың басында Жайық өңірінде орнаған мемлекеттік- автономиялық құрылым болды. Ол 1918 жылдың мамыр айының соңында Жымпитыда өткен IV Орал облыстық қазақ съезінің қарарымен құрылды. Алашорда үкіметінің кейінгі тағдыры бүкіл Ресей аумағын қамтыған азамат соғысының күрделі оқиғаларымен тығыз байланыста өрбіді. 1929 жылы Жанша Алматыға келіп, мамандығы бойынша жұмыс жасайды. Ал 1930 жылдың ақпан айында жұмыс бабымен Мəскеуге ауыстырылып, бірінші қамауға алынғанға дейін жұбайы Ольга Константиновнамен сонда тұрады.

Жаһанша 1930 жылдың 30 қазанында Мəскеу қаласындағы «Мал шаруашылығы» басқармасында аға экономист қызметін атқарып жүргенде «Алаш» партиясы жəне  бұрынғы Алашорда үкіметінің мүшесі ретінде қамауға алынып, Бутырка түрмесіне жіберілді. 1932 жылы Воронежге 5 жыл мерзімге жер аударылады. 1938 жылы қайта тұтқындалып, үштіктің шешімімен ату жазасына кесілген.

Материалды дайындауға атсалысқан Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі
Айнагүл Ойшыбаеваға алғысымызды білдіреміз

А. Оралқызы