Аграрлық сектордың алға шығатын кезі алыс емес

Аграрлық сектордың алға шығатын кезі алыс емес
Фото: agro-new.ru

Парламент Мәжілісінде палата Төрағасының орынбасары Владимир Божконың төрағалық етуімен «Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың жаңа бағыттары мен отандық агробизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру перспективалары» деген тақырыпта үкімет сағаты өтті. Онда Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов пен Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Сапархан Омаров баяндама жасады.

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко атап өткендей, ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды сала­ларының бірі. Жыл өткен сайын агроөнеркәсіп кешеніне баса назар аударылып келеді. «Қаз­Агро» АҚ пен оның мекеме­лері ауыл шаруашылығы саласын 13 ин­вестициялық бағыт бо­йынша қаржыландыруда. «Ауыл шаруа­шылығын қаржылық қолдау­дың нәтижесінде 2012-2015 жыл­дардың аралығында өндірілген өнім көлемі 1999 миллиард теңгеден 3307 миллиард теңгеге артты», – деді. В.Божко.

Ал Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы минис­трі Асқар Мырзахметов Қа­зақ­стан Республикасының агро­өне­р­кәсіптік кешенін дамыту­дың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жобасында көзделген негізгі міндеттерге тоқталды. Вице-премьердің атап өтуінше, министрлік жүргізген талдау саланың дамуын тежейтін мынадай негізгі факторларды айқындады: бірінші – жеке қосалқы шаруашылықтар мен ұсақ шаруа және фермерлік қожалықтардың ресурсын пайдаланудың төмендігі.

Өйткені, өндірген өнімді дайындау және өткізу мәселелері шешілмеген, ал олар сүттің, еттің, картоптың, жемістер мен көкөністердің 70-90%-ын өндіреді. Екінші – өнімді өңдеу үлесінің төмендігі. Қазіргі уақытта еттің, сүттің, жеміс пен көкөністің
30%-ы ғана өңделеді. Үшінші – бидай өндірудің артық көлемі. Себебі, жыл сайынғы өтпелі қалдық 2-3 млн тоннаны құрайды. Ал құ­рама жем, арпа, жүгері, азықтық және майлы дақылдар өндірудің жетіс­пеушілігі өз кезегінде мал шаруа­шылығының дамуын тежейді.

Төртінші – импорт үлесінің жо­ғары, ал экспорт деңгейінің төмен болуы. Мысалы, өндіріс көлемі ішкі қажеттіліктерден асып түсетін ет, тірі мал, дәнді-бұршақты дақылдардың 5%-дан аз көлемі экс­портталады екен. Сондай-ақ, елде өндіруге болатын қант, көкө­ніс қалбырлары, ет және сүт өнім­дері, өсімдік майы, құс еті им­портының үлесі жоғары. Ол – 40%-дан 90%-ға дейін барады. Бесінші – аграрлық ғылымның әлсіздігі және аграрлық технологияларды трансферттеу жүйесінің болмауы. Осы проблемалар 2015 жылы 1,3 млрд АҚШ доллары көлеміндегі ішкі сауданың теріс сальдосына әкеп соққан.

А.Мырзахметов мемлекеттік бағдарламаның мақсаттары мен міндеттерінен де хабардар етті. «Анықталған проблемалардың негізінде нарықта сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік кешеннің өнім өндіруін қамта­ма­сыз ету – бағдарламаның мақсаты болып айқындалды, – деді ол. – Олар: 500 мыңнан астам жеке қо­салқы шаруашылық пен ұсақ шаруа (фермер) қожалықтарына арналған ауыл шаруашылығы кооперациясы; агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеуді жетіл­діру; агротехнологияларды трансферттеудің тиімді жүйе­сін қалыптастыру; мақсатқа бағыт­талған экспорттық саясат, ор­ганикалық өнім брендін ілгерілету; ауыл шаруашылығы тауарын өн­ді­рушілерді барынша қамти оты­рып, мемлекеттік қолдаудың тиім­ділігі мен қолжетімділігі; мал шаруашылығының тиім­­ді­лігін 40%-ға, өсімдік шаруа­шылы­ғының тиімділігін 30%-ға, кәсіп­орындардың өңдеу және жүктелу үлесін 1,3 есеге арттыру».

Вице-премьер өнімді өткізу мен өңдеуге арналған ауыл шаруа­шылығы кооперациясына қа­тысты мәселелерді де атады. Оның айтуынша, небәрі 5 жыл­дың ішінде 500 мыңнан астам жеке қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалықтарын ауыл шаруашылығы кооперациясына тарту жоспарланып отыр. Кооперативтер мынадай негізгі бағыттар бойынша құрылады: сүт, ет, жеміс және көкөністерді жинау. Мұндағы ерекшелік – есеп айырысу тікелей өндіруші кооператив мүшесімен жүргізіледі, ал субсидияны кооператив алатын болады. Кооперативтер, сондай-ақ ветеринария, ұрықтандыру, жемшөп өндіру, агрохимия, логистика және басқалар бойынша қызметтер көрсетеді.

Жоғарыда аталған шаралар өңдеуші кәсіпорындардың жүк­телуін 30%-ға арттыруға, өндіруші мен соңғы тұтынушы арасындағы сауданың үстеме бағасын 15-20%-ға төмендетуге және ауылға ауыл шаруашылығы өнімі үшін қосымша шамамен 300 млрд теңге пайда алуға мүмкіндік береді.

«Өнімді сыртқы нарықтарға ілгерілету кезінде отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндіру­шілерді қолдау мақсатында бір мез­гілде «ҚазАгроГарант» акцио­нерлік қоғамымен және «KAZNEX» акцио­нерлік қоғамы­мен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, «Азық-түлік келісімшарт компания­сы» акционерлік қоғамы базасында Агроөнеркәсіптік ке­шендегі экспорттық орталық құ­ру жоспарлануда», – деді А.Мырзахметов әрі қарай. – Құ­рылатын орта­лық­тың функцияларына ауыл шаруа­шылығы тауарын өндіру­шілерден сыртқы нарықта сұранысқа ие ауыл шаруашылығы өнімдерін – сиыр, қой, шошқа етін, дәнді-бұршақты, майлы, жеміс-көкөніс дақылдарын форвардтық сатып алу және экспорттық арналар құру, сыртқы нарықтарды талдау және өткізудің перспективалы елдері – Ресей, Қытай, Үндістан, Орталық Азия және Таяу Шығыс елдері үшін жол карталарын жасау, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің экспорттық келісімшарттарын саудалық қаржыландыру және сақтандыру және «КZ ORGANIC FOOD» шатырлы брендтерді ілгерілету».

Премьер-Министрдің орынбасары, сондай-ақ, өсімдік шаруа­шылығы мен мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығын сумен қам­тамасыз ету, суармалы жер­лердің көлемін ұлғайту, агроөнер­кәсіп кешенін, инфрақұрылымдық қамтамасыз ету, тағы басқа да мә­се­лелерден хабардар етті. Саланы мемлекеттік реттеуді жетіл­діру аясында ғылым мен өндіріс ара­сындағы байланысты қамта­­масыз ету бойынша іс-шаралар­дың жүзеге асыры­ла­тын­дығына да тоқ­талды. Сонымен қатар, ол де­­путаттар тарапынан қо­йылған сұ­рақтарға нақты мәлімет­тер келтіре отырып, жауаптар қайтарды.

Үкімет сағатында қосымша баяндама жасаған Мәжілістің Аг­рарлық мәселелер коми­те­тінің төрағасы Сапархан Ома­ров Ауыл шаруашылығы минис­тр­лігіне «Агроөнеркәсіп кеше­нін дамытудың мемлекеттік бағ­дарламасын» және «Агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауды өзгерту тәсілдерін» әзірлеуде бірқатар мәселелерге ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Депутаттың айтуынша, олардың ең бастысы – мемлекеттік реттеу тетіктерінің тұрақтылығын және мемлекеттік қолдау шараларын қамтамасыз ету. «Мемлекеттік префенциялар фермерлерге кепілдік болуы қажет, – деді С.Омаров. – Барлық мақсатты бағдарламалар қаржылық және материалдық ресурстармен толық қамтамасыз етілуге тиіс. Өз кезегінде «Агро­бизнес-2020» бағдарламасы бо­йынша бірқатар нәтижелерге қол жеткізілмеудің бірден-бір себебі, бағдарлама құралдарының толық қаржыландырылмауы салдарынан орын алғанын атап өткен жөн».

Бұған қоса, ол ауылша­руа­шылық саласына бөлінген бюджет қаражатын пайдалану мә­се­лесіне ерекше назар аудару қажет екендігіне, субсидиялау механизмдерін автоматтандыруға, ветеринарлық және фито­сани­тарлық қауіпсіздікті күшейтуге қатысты мәселелерді ортаға салды.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

T. Кіршібаев