Аягүл МИРАЗОВА: «Тәуелсіздік мерекесі еліміздің ең үлкен бақыты»

Аягүл МИРАЗОВА: «Тәуелсіздік мерекесі еліміздің ең үлкен бақыты»
Фото: akjunis.kz

– Аягүл Төреқызы, алда келе жатқан мемлекеттік мерекелер құтты болсын! Осы орайда, Тәуелсіздікке қол жеткізген 25 жыл ішінде еліміздің ең басты жетістігі деп нені айтар едіңіз?

– Тәуелсіздік мерекесі еліміздің ең үлкен бақыты, бары, бағы! Тәуелсіздік кезеңінде қол жеткізген әрбір жетістіктің маңызы зор! Еліміздің әрбір саласында жасаланып жатқан, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер, табыстар жетерлік. Мұндай ел мерейін үстем ететін жетістіктерді күнбе күн көріп жатырмыз. 1990-1991 жылдары еліміздің жағдайы қандай болды, бүгін қандай дәрежеге жеттік?! Бұл екі аралықтан үлкен өзгерістерді, жер мен көктей айырмашылықтарды байқауға болады. Мұның бәрі Тәуелсіздігіміздің табысы деп санаймын! Оның бәрін жіпке тізгендей айтып беру мүмкін емес. Бірақ өз басым білім саласында еңбек етіп келе жатқандықтан, бұл саладағы өзгерістерді, жетістіктерді күнделікті көз алдымда көріп отырмын.

– Мәселен қандай өзгерістерді атап айтып өтер едіңіз?

– Білім саласында өте үлкен жетістіктер, өзгерістер болды. Қаншама заманауи, білім ордалары – мектептер, балабақшалар салынып жатыр. Жаппай қаншама жаңа мектептердің, балабақшалардың салынуы, ел тарихында ешқашан болмаған. Көптеген қазақ мектептері ашылды. Қаншама білімді, білімімен шетелді мойындататын жастар шығып жатыр, еліміздің мектептерінде заманауи материалдық-техникалық база да бұрын соңды мұндай дәрежеде жарақталмаған еді. Жалпы мемлекетіміз білім саласынан қаржыны аяп жатқан жоқ. Соның рахатын көріп жатырмыз. Білім саласында реформалар да жасалынып жатыр. Шын мәнінде бүгінгі күні білім саласында жасалынып жатқан реформалардың барлығы осы салаға қажет болғандықтан жасалынып жатыр. Өзіміздің төл оқулықтарымыз жазылды. Бұл да Тәуелсіздіктің арқасында жеткен бір жетістігіміз. Қазақ тіліндегі мектептер саны айтарлықтай көбейді. Тілдің өрісін кеңейтіп жатқан мұндай жетістіктерге қалай қуанбайсың?! Өзіміздің ұлттық болмысымызды, құндылығымызды, салт дәстүрімізді ұрпағымыздың бойына құюда қазақ мектептерінің маңызы зор! Қазір бұл мектептер нағыз қазақы ұрпағымызды тәрбиелеп жатыр. Демек, еліміздің келешегі мұнан да жарқын болмақ. Балабақша жасынан бастап, нағыз қазақ тілді ұрпақты қалыптастыру арқылы біз мемлекеттің ертеңін жасап жатырмыз деп айта аламын.

Сондай-ақ соңғы жылдары ұрпағымыз, өз ұлтының тілін, ұлттық құндылығымен қоса, шетел тілдерін де мектеп қабырғасынан бастап игертуге сол арқылы, заманауи ұрпақ қалыптастыруға тырысып жатырмыз. Мұны да қолдаймын. Бұл оларға жасалынып отырған үлкен мүмкіндік. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» дегендей, басқа елдің тілін меңгертуге күш салу арқылы олардың ертеңгі күні заманауи маман болуына да атсалысып жатырмыз.

– Ал осы жылдар ішінде қоғамымыз қаншалықты өзгерді?

– Не ішеміз, не жейміз, не киеміз деп отырған жоқпыз. Халықтың да әл-ауқаты артып келеді. Менің жасымдағы, Тәуелсіздік кезеңіне дейін өмір сүрген адамдар Тәуелсіздіктің қадірін, жетістігін жақсы түсінеді. Тәуелсіздіктің арқасында елімізді әлем таныды. Тәуелсіздік алған соң, шекарамыз шегеленді. Бұл да Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген табысымыз дер едім. Тәуелсіз ел атанған соң Астанадай ғажап қала салынды. Бұл да болса Тәуелсіз ел ретіндегі жетістіктеріміздің бірі. Астана салына бастағанда ертеңіне күдікпен қарап, «апырай, қандай қала болар екен» деп қаланың ертеңіне сенімсіздікпен қараған адамдардың бірі мына менмін. Ал қазір Астананы, ондағы зәулім ғимараттарды көріп, өтіп жатқан түрлі халықаралық дәрежедегі жиындарды көріп, жүрегім шаттыққа толады. Мұның барлығы ертеңгі ұрпағымызға үлгі, өнеге болатын істер.

Жалпы спорт саласындағы жетістіктер, өнердің өркендеуі, ғылым мен білімнің дамуы көңілге қуаныш ұялатады. Осынша жетістіктерді, еліміздің дамуын көріп, Елбасының ұстанып отырған саясатын көрген көрші елдер қазір елімізге қызығып, әрі қызғанып қарауда.

– Астананың жетістігін айтып жатсыз, ал осы бір өзгерістер арқылы мың жылдық тарихы бар Алматы қаласының келбетінен айрылып қалған жоқпыз ба?

– Жоқ, астананы Елордаға көшіргенімен, Елбасы Алматы қаласын бір сәт есінен шығарған емес. Жыл сайын арнайы ат басын тіреп, қала әкімімен кездесіп, қаланың даму барысымен танысып, артық-кем тұстарын арнайы әкімнің назарына ұсынып, Алматыдай әсем қаланың келбетінің, рөлінің сақталуы үшін бар қолдан келгенін жасап жатыр. Алматының одан әрі дамымаса, керсінше кемімейтінін көз алдымызда дәлелдеп-ақ жатыр. Соның дәлелі Алматы қаласына тағы бір жаңа аудан қосылды, қала дамып, ұлғайып, инфрақұрылымдары жасалуда. Жаңа ауданның өз мәдени орыны, ірі халықаралық шаралар өтетін спорттық сарайлары бой көтерді. Метро іске қосылып, жыл сайын жаңа бір бекеттерімен толығуда. Қала тұрғындарына жағдай жасау мақсатында көптеген күрделі көпірлер салынды. Бұл қала тұрғындарына қызмет етіп қана қоймай, қаланың ажарына да ажар қосып жатыр. Мұның бәрі Алматыдай әсем қаланың кемігенін емес, алға қарай дамығанын дәлелдейтін іс-әрекеттер. Әсем қаламыздың мың жылдығы да ұмытылмай атап өтіліп жатыр. Алматы еліміздің әрбір азаматының көңілінің төрінен орын алатын әсем қала.

– Тәуелсіздікке айтар тілегіңіз...

– Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі құтты болсын! Еліміздің тыныштығы, бірлігі мәңгілік болғай! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Алла қазағыма, Тәуелсіздігімізге жар болсын! Еліміздің ертеңі мұнан да жарқын болатынына сенемін! Ұрпағымыз білімді де, білікті болып, көбейе берсін!

– Аумин, апай айтқаныңыз келсін!

 
T. Кіршібаев