«Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының есеп беру – сайлау конференциясы болып өтті

Кезекті ХIX есеп беру – сайлау Конференция жұмысына «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің Бюро мүшесі, партия қалалық филиалының Төрағасы, Алматы қаласының Әкімі Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов, «Нұр Отан» партиясықалалық филалы Саяси кеңесі мен Бюро мүшелері, қалалық Мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, танымал нұротандықтар – Аягүл Миразова, Карл Байпақов, Николай Кремениш, Ислам Байрамуков т.б. тұлғалар қатысты.

Конференцияда филиал жетекшісі, қала әкімі Бауыржан Байбек Алматының бүгінгі әлеуметтік-экономикалық дамуы, партиялық бағдарламалардың орындалуы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының жүзеге асырылуы туралы іс-шараларға кеңінен тоқталды.

«Нұр Отан» – бұл халықтық партия. Бұл – осында отырған бәрімізге жүктелген зор жауапкершілік деген сөз. Алматылықтар бүгінгі есеп беру-сайлау конференциясына сол жауапкершілік үдесінен шығып, үлкен жетістіктермен келіп отыр», - деп атап өтті Б.Байбек.

Бүгінгі күні 80 мыңнан астам адамды біріктірген Алматы қалалық филиалдың 720 бастауыш ұйымы жұмыс істейді. Жыл өткен сайын партия мүшелерінің қатары өсіп келеді. Өткен екі жыл ішінде 200 жаңа бастауыш ұйым құрылып, 14 126 адам мүшелікке қабылданды (оның 3 мыңнан астамы – жастар).

Есепті кезеңде Елбасының стратегиялық бағытын жүзеге асыруға арналған «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» Сайлауалды тұғырнамасы Алматы қаласы бойынша мерзімінен бұрын орындалғаны хабарланды. Екі жыл аралығында 500 мыңнан аса адамды қамтыған 6000 іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында 750 ҰОС ардагерлерінің паспорты жасалып, оларды құрметтеу мақсатында 2000 қайырымдылық шаралары өткізілді. «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында 200 нысанға мүгедектерге қандай жағдай жасалғаны жөніндегітексеру жұмыстары жүргізілді. 1012 мүмкіндігі шектеулі жандар еңбекке орналастырылды.

Алматы қалалық мәслихатындағы депутаттық фракция «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан нысандарға Ұлттық қордан бөлінген бюджеттік қаржылардың тиімді жұмсалуын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Мәселен, «Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту» бағыты бойынша 2 нысанға 1 млрд. 700 млн.теңге бөлінсе, ол толықтай игеріліп, «Шаңырақ-2» ықшамауданында №26 орта мектепке 900 орындық, «Қалқамандағы» № 157 орта мектепке 600 орындық қосымша ғимараттар пайдалануға берілді.

Ал, «Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық инфражүйесін жаңғырту, су және жылу желілерін дамыту, тұрғын-үй саласын нығайту» бағыты бойынша 39 нысанға (оның ішінде 5-еуі республикалық бюджет есебінен) 21 млрд. 967 млн. 117 мың теңге, «Индустриалды, энергетикалық инфражүйені дамыту, ШОБ пен іскерлік белсенділікті қолдау» бағыты бойынша 28 жобаға 5 млрд. 319 млн. теңге бөлінді.

«Бизнестің Жол картасы – 2020» бағдарламасы негізінде 136 жоба енгізіліп, қала әкімдігі тарапынан 13 миллиард теңге қолдау көрсетілді.Соның нәтижесінде қосымша2 700жұмыс орны ашылды. Бұдан басқа жалпы құны 4,2 млрд теңгені құрайтын жоба негізінде «DUAL-SP», «HundaiTransAuto» және «Үркер АШ» жеке шағын серіктестіктері 208 адамға тұрақты жұмыс орнын ашып берді. Алдағы уақытта «Индустрия картасы» бойынша шаһарда 6364 тұрақты жұмыс орны болатын, жалпы сомасы 100,5 млрд. теңгені құрайтын, 43 жоба жүзеге асырылатын болады.

Фракция ұсынысымен жергілікті бюджет есебінен мақсатты трансферттерді қаржыландыруға 10,2 млрд. теңге бөлінді. Әлемдік экономикалық ахуалдың қиындығына қарамастан, шығындардың 50 пайыздан астамы қалалықтардың өткір әлеуметтік мәселелерін шешуге жұмсалып отыр.

- Халықпен байланыс әртүрлі жолдармен жүргізіледі, соның ішінде Қоғамдық қабылдау жүйесі басты орында тұр. 2015 жылы қалалық филиалға келіп түскен 2,5 мың арыз-шағымның 23% білім мен денсаулық саласына қатысты, 20% тұрғын үй–коммуналдық мәселелерге қатыстыболған, - деп атап өтті Б.Байбек.

Қала әкімінің ұсынысынан кейін емхананың бас дәрігерлері, мектептің директорлары, бала бақшаның меңгерушілері, пәтер иелері коопертивтерінің басшыларыөздеріндегі қаражаттың кірісі мен шығысы туралы жұрт алдында есеп беріп, қалай, қайда жұмсалғаны туралы қорытынды ақпаратын жергілікті баспасөзде үзбей жариялап келеді. Нәтижесінде – аталған салалардығы заң бұзушылық көріністері туралы шағымдар үлесі азайды.

Филиал жетекшісі Алматыда салынған жаңа тұрғын үйлер, жаңа мектептер, жаңа бала бақшалар туралы айтып өтті. 2015 жылы 60 жаңа бала бақша ашылса, биыл тағы да 147 бала бақша пайдалануға берілді. Білім саласы үшін жұмсалған осынау қамқорлықтың нәтижелері де жоғары. Ұлттық бірыңғай тестілеуде алматылық мектеп бітірушілері бесінші мәрте еліміз бойынша бірінші орынды жеңіп алды, 6 түлек ең жоғары нәтиже – 125 балл көрсеткішке ие болды. Жоғары сынып оқушылары арасында Президенттік олимпиадада 3 жыл қатарынан алматылық шәкірттер бірінші орынды иеленіп отыр. Мың жылдан астам тарихы бар Алматы тойына 200-ден астам жас дарындар 68 алтын, 80 күміс, 142 қола медальді тарту етті.

«Нұр Отан» партиясының қолдауымен, Орталық мемлекеттік мұрағаты мен Еуразиялық топтың қатысуымен «Қазақстандықтар – Советтер Одағының Батырлары» атты 70 қысқаметражды фильмдер түсірілді. Оған Алматы қалалық филиалы да белсене қатысты, маңызды құжаттар мен материалдар жинастырды.

Партияның «Жастар кадрлық резерві» бағдарламасы аясында 2015 жылы Алматы қаласынан 132 үміткер жобаға қатысып, оның 60-сы республикалық кезеңге өтті. 5 жас маман Астана қаласындағы инновациялық жоғары оқу бағдарламасымен білім алу жолдамасын жеңіп алды. 3 үміткер Республикалық кадрлар резервіне алынды.

2016 жылы жоғары оқу орындарын бітірушілерді жұмысқа орналастыру бағытындағы «Сәтті қадам» жобасы бойынша партияның Алматы қалалық филиалында 150 жас маман іріктеуден өткізілді. Жоба аясында сыннан өткен 50 үміткер мемлекеттік мекемелер мен ұлттық компанияларда кәсіптік тәжірибеден өтуге жіберілді.

Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мектеп бітірген соң жоғары білім алуын қамтамасыз ету үшін, мемлекеттік білім беру жинауқтау жүйесі арқылы салым салу акциясы өткізілді. Республика бойынша 3000 балаға салым салу көзделсе, Алматыда 118 жетім балаға есеп шот ашылды.

Елбасының тапсырмасы бойынша, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, үнемделген бюджеттік қаржы есебінен бардлық бюджеттік қызметкерлерге бір айлық жалақы көлемінде сыйақы берілетіні және тұрмысы төмен топтағы жандарға 50 мың теңге көлемінде бір жолғы жәрдемақы төленетіні айтылды.

Конференция барысында қалалық филиалдың Саяси кеңесі мен Бюросының жаңа құрамы сайланды, алдағы атқарылар ұйымдық-партиялық, қоғамдық-саяси іс-шараларды жандандырудың ауқымы белгіленді.

Өз сөзінде «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов Алматы қалалық филиалының есепті кезеңдегі жоспарланған міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарына жоғары баға берді.