Дуальды оқыту: Әлемдік тәжірибе және қазақстандық оқыту жүйесі

Дуальды оқыту: Әлемдік тәжірибе және қазақстандық оқыту жүйесі
Фото: bilimnews.kz

Қазіргі кезде білім саласының шенеуніктері кәсіптік оқытуға келгенде «дуальды оқыту» туралы жиі айтады. Дуальды оқыту деген не? Ол қалай жүзеге асады? Әлемдік тәжірибеде қалай іске асқан? Міне, осы сұрақтарға Ақпараттық-талдау орталығы кеңінен жауап беріпті.

Дуалды оқыту немесе оқушылық бұл – жұмыс орнында оқыту түрлерінің бірі. Бұндай оқыту Германияда, Австрияда, Швейцарияда кең таралған. Германиядағы жұмыс күшінің нарығы, мысалы, 54%-ға дуалды оқыту бағдарламалары түлектері есебінен қалыптасады.

Германияның бәсекеге қабілеттілігі көп жағдайда дуалды оқытуға тікелей байланысты деп саналады. Оқушылықтың неміс жүйесі қосарлы деп аталады, өйткені оқушылар аптасына 1-2 күн колледждерде, ал қалған 3-4 күн кәсіпорындарда оқиды. Дуалды оқыту бағдарламалары 340 кәсіп бойынша оқытады (бірақ мамандыққа емес!). Мұнда оқушының өзі кәсіпорынға барып келісімшартқа тұрады. Жұмыс беруші содан кейін оны колледжде тіркеп, оқу ақысын төлейді. Студенттер фирмадан ел бойынша ең төмен жалақыға тең келетін жалақы (әдетте бұл 500-ден 1000 евроға дейін), медициналық сақтандыру және көлікте жүруге жеңілдік алады. Оқудың негізгі шығындарын бизнес (шамамен 23 млрд. еуро) және тек 3 млрд.-ты ғана мемлекет өтейді. Бұл сомманың жиынтығы елдің ЖІӨ 0,9% құрайды. Еске салайық, ҚР-да ТжКБ барлық шығындары – ЖІӨ-нің 0,2%.

Оқыту әдетте екі жылдан үш жылға дейін жалғасады және сертификациямен аяқталады, одан білім алушылардың шамамен 90% сәтті өтеді.

Тығыз әлеуметтік серіктестік неміс дуалды оқытудың басты табыстылығы болып табылады. Германияда ірі компаниялардың 90%-ы және әр бесінші компания оқушыларды тартады. Кәсіп палатасының бағалауынан өтіп, кәсіпорынның білім алушысы мәртебесін алуға болады. Әдетте құрал-жабдықтардың, материалдық-техникалық базаның, оқытуға жауапты тұлғалардың және сәйкес қызмет саласының болуы талап етіледі. Германияның кәсіпорындарында қызметкерлер санының шамамен 5%-ын оқушылар құрайды. Әр тәлімгерге өнеркәсіпте екі білім алушы беріледі. Бұл дара тіл табу мен оқытудың сапасын қамтамасыз етеді. Тәлімгер ешқандай жеңілдіктерді, жалақыға қосымша ақы алмайды. Оның еңбегінің табысы – оқушының өнімділігін өз «есебіне» алуы. Түлектердің 68%-ы, әдетте, оқуды аяқтағаннан кейін осы кәсіпорынға жұмысқа тұрады.

Дуальды жүйе жетілдіріліп келеді, сондықтан өзгерген жағдайларда мигранттарды тарту үшін, мысалы, «Үш қосу екі» ережесі қабылданды. Уақытша тұруға рұқсат алған, оқушылық бағдарламасы бойынша үш жыл оқитын мигранттар оқып жатқанда және оқуды аяқтағаннан кейін екі жыл ішінде жер аударып жіберілмейді.

Тағы бір жаңа сын-қатер – оқуға түсушілердің мектептегі дайындық деңгейін төмендету – Неміс сауда-өнеркәсіптік палаталардың және өнеркәсіптердің мектептерде оқушылық туралы танысу курстарын өткізу бойынша бастаманың себебі болды.

Соңғы зерттеулер осындай бағдарламалардың жоғары инвестициялық тартымдылығын көрсетеді. ЕО жұмысберушілерінің сауалнамасы нәтижелері бойынша оқушыларға жұмсалған қаржы орташа есеппен тоғыз ай – үш жылда ақталады. Оқытуға жұмсалатын шынайы шығындар айтарлықтай дәрежеде салаға және дайындық деңгейіне байланысты болады. Бәрінен ұзақ техникалық мамандықтар, мысалы, машина жасау өтеледі. Швейцарияда оқушылық төрт жылдық бағдарламаның үшінші жылдың өзінде-ақ табыс әкеледі. Ұлыбритания жұмсалған әр фунттың экономикалық қайтарымы 18 фунт стерлингті (немесе 25 еуро) құрайтынын есептеді. Ұлыбритания жұмысберушілерінің 96%-ы дуалды оқыту олар үшін тиімді екенін атап өтті.

Дуалды оқытудың табыстылығы қалай бағаланды? Қызметкерлерді іздеу, қажетті дағдыларға үйретуге жұмсалатын қаражатты үнемдеу назарға алынды. Еңбек нарығынан жұмысқа алынған қызметкерлерге қарағанда, анағұрлым аз жалақы төлеуден және жұмыс берушінің өзі «тәрбиелеген» оқушылардың жоғары біліктілігінен алынған табыс есепке алынды. Оқушылық тартымдылығының басқа да факторлары бар. Сарапшылар мамандардың тұрақтамауының төмендеуі, кәсіпорынның беделінің жақсаруы, оқушылар тәлімгерлерінің біліктілікті арттыру мүмкіндігі, білім беру ұйымдарымен өзара қарым-қатынас жасау мүмкіндігін алу туралы айтады.

Ұлыбританияда әлемдік деңгейдегі оқушылық бағдарламасы шеңберінде 2020 жылға қарай кәсіпорындарда 3 млн. оқушылық орын құру мақсаты қойылды. Қазір 900 мың жас адамдар оқушылық етуде. Мемлекет жұмысберушілерге бір оқушының оқуына 1500 фунт стерлинг мөлшерінде гранттар бөледі, бұған қоса бұл қызметкерлер саны 50-ге дейін болатын кәсіпорындарға ғана қатысты.

АҚШ-та 16 жасқа толған жастарды техникалық мамандықтарға оқыту бойынша Apprenticeship 2000 бағдарламасы (Оқушылық 2000) 1995 жылдан бері Солтүстік Каролинада жұмыс істейді. Тегін бағдарлама түлекке жылына 36 мың доллардан кем болмайтын жалақы алуға кепілдік береді.

Кішігірім кәсіпорындар үшін дуалды оқыту – талантты жастарды қолға түсірудің сәтті мүмкіндігі, өйткені басқа жағдайда олар бұндай фирмаға назар салмайтын еді. Сонымен қатар, дуалды оқыту кезінде компания қызметкерлерді сертификаттарға сүйінбей шынайы режимде бағалайды. Бұл жұмыс берушіге қызметкерлерді қалтаға жүк түсіретін жұмысқа қабылдауда қате жасамауға мүмкіндік береді.

Дуалды оқыту жүйесі бар мемлекеттерде білім алушылар арзан жұмыс күшін асыра пайдаланудан қорғалған. Механизмдері әртүрлі. Италияда жұмысберушілердің бағдарламаны сәтті аяқтағандардың 50%-ына дейін жұмысқа орналастыру міндеттері заңмен бекітілді. Бразилияда жұмыс күшінің бөлігі ретінде оқушыларға арналған, барлық қызметкерлердің 5-тен 15% дейін мөлшерінде міндетті квота енгізілді. 2005 жылдан 2013 жылға дейін оқушылар саны алты есе артты.

Мемлекет жұмысберушілердің қатысуын ынталандырады. Канадада оқушының білім алуына арналған салықтық несие жұмысберушіге әр оқушыдан жылына 5000 канадалық долларды қайтаруға мүмкіндік береді. Францияда жұмысберушілер әлеуметтік қамтамасыз ету шеңберінде 1600-дан 2200 еуроға дейінгі мөлшерде әр оқушының салықтық несиесінен өтемақы алуға құқығы бар. Ресейде жұмысберушінің оқушыға және оны оқытуға жауапты қызметкерге жұмсалатын қаражаттың жарты бөлігі өтеледі.

Заманауи әлемдегі оқушылық әлеуметтік лифт деп қабылданады. Нидерландыда ТжКБ-дегі дуалды оқыту кезінде алынған кредиттерді қайта есептеу ЖОО деңгейіне оңай өтуге мүмкіндік береді.

Дуалды оқыту Қазақстанда 2012 жылдан бері енгізілуде. Жаңа Еңбек кодексіне сәйкес түсініктер енгізілді. «Білім туралы» Заңмен колледждердегі теориялық оқыту және кәсіпорындағы өнеркәсіптік оқыту 40/60 арақатынасымен қарастырылды. Білім және ғылым министрлігі ТжКБ ұйымдарындағы дуалды оқытуды ұйымдастыру ережелерін бекітті. Білім алушыға берілетін бір айлық есептік жалақыдан (АЕЖ) кем болмайтын өтемақының мөлшері (22 859 теңге) анықталды. Сонымен қатар, өндірістік оқыту мерзімі білім алушыға еңбек өтілі деп есептеледі. Қазіргі уақытта дуалды оқыту техникалық, технологиялық және ауылшаруашылық бағыттар бойынша еліміздің 348 колледжінде жүргізіледі (жалпы санының 43%-ы). Енгізуге 22 мың студентті (жалпы контингенттің 4%-ы) қамтумен 1718 кәсіпорын қатысады (жалпы санының 0,1%-ы).

Дуалды оқытудың сапасын әлеуметтік серіктестіктің және өнеркәсіптің даму деңгейі анықтайды. Мықты индустриясы және білім беру саласы мен кәсіпорындардың қалыптасқан интеграциялық байланыстары бар Павлодар облысы дуалды дайындықты ілгерілеудің көшбасшысы болып табылады. Бұнда колледждердің 92%-ы ДО 76 кәсіп бойынша (86%) белсенді енгізіп жатыр. 1,5 мыңнан астам (облыстағы барлық санының 7%-ы) студент төленбелі практикадан өтіп жатыр, шамамен 400 студент жұмысберушіден шәкіртақы алады. Кейбір колледждер оқу мерзімін еңбек өтілі ретінде қосады. ТжКБ түлектерінің өңірде жұмысқа орналасу көрсеткіші – 75%, бұл ҚР бойынша орташа көрсеткіштен (67%) жоғары.

Павлодар химия-механикалық колледж – табысты колледждердің бірі. Қазіргі уақытта кәсіпорыннан берілетін шәкіртақының мөлшері — 57 мың теңге. Дуалды оқытуға жұмсалатын шығындар мұнда соңғы үш жылда 170 млн. теңгені құрады. Тағылымгерлерді біліктілігі жоғары 36 тәлімгер оқытады. 2015 жылы ПМХЗ тәжірибеден өткен түлектердің 61%-ы сонда жұмысқа орналасты.

Дуалды оқытуды жергілікті жағдайларды ескерумен енгізу тәсілдерінің түпнұсқалылығы неміс әріптестерінің қолдауымен кепілдендірілген. Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі неміс қауымдастығы (GIZ) (Меркель – Назарбаев» бастамасы шеңберінде 2014 жылдан бері төрт пилоттық өңірдің (ШҚО, Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстары) төрт колледжінде жұмысын бастады.

2015 жылғы мамырда «Атамекен» ҚКП-да Трир каласының (Германия) Кәсіптік палатамен бірлесіп, кәсіпорындардың, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының дуалды оқытуды ұйымдастырудағы ролін күшейту жөніндегі жобасы жұмысын бастады. Алты облыстың (Астана қаласы, Алматы қаласы, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік-Қазақстан, Алматы облыстары) ӨКП кіріктірілді.

Дуалды оқытудың сәттілігі әлеуметтік серіктестікті дамыту деңгейімен анықталғандықтан, Қазақстанды кәсіпорындар мен колледждердің өзара қарым-қатынасының механизмдерін әзірлеу бойынша үлкен жұмыс күтіп отыр. Мысалы, кәсіпорындарды оқушыларды оқытуға тарту үшін ҚР жағдайында даярлаудың экономикалық тиімділігін есептеуге және осы ақпаратты таратуға болады.

«Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ дуалды оқытуды енгізіп жатқан қазақстандық колледждердің мұғалімдерімен өткізген фокус-топтар бұл оқу орындары өз-өздерін кәсіпорындардың серіктестері ретінде әлі сезінбейтінін көрсетті. Қазақстанда дуалды оқытудың қолданыстағы жобалары мақсаттары, міндеттері және көрсеткіштері бойынша бір-бірімен байланыспаған. Олардың тиімділігі сапалы көрсеткіштердің болмауы, мерзімдер салдарынан бағаланбады. Осыған байланысты жобалардың мониторингін жасау және оларды тиімді басқару үшін бірыңғай деректер қорын құру керек. Жобалардың жоспарын Білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасымен (БҒДМБ) үйлестіру, Дуалды білім беру жүйесінің жол картасы бойынша атқарылған жұмысты бағалау керек.

Дуалды оқыту жүйесі дамыған елдерде оқытудың тартымдылығын кәсіптік бағдар беру қамтамасыз етеді. БҒДМБ-да ТжКБ тартымдылығын кәсіптік бағдар беру іс-шаралары арқылы жоғарылату міндеті қойылды.

Жалпы алғанда 2019 жылға дейін дуалды оқытудың элементтері колледждердің 80,1%-ына енгізіледі. Қазақстанда мамандарды даярлаудың «қосарлы» жүйесі жастардың еңбек нарығына сәтті өтуін және олардың кәсіптік құзыреттерінің сапалы өсуін қамтамасыз етеді.

Алима Ибрашева, Динара Әлімханова

Дереккөз: bilimnews.kz

Б. Қанатұлы