Н.Назарбаев: Семей полигонын жабу – еліміз тәуелсiздiк алар сәтте қабылданған ең маңызды шешім

Қазақ елінің Тәуелсіздік алғанына биыл – 25 жыл. Егемендікке қол жеткізгеніне ширек ғасыр ғана толса да, Қазақстанның бағындырған белесі аз емес. Бастысы, тарихи тамыры терең халқымыздың ұстанған бағыт-бағдары айқын. Еліміз бүкіл әлемге ядролық қарудан бас тартқан бейбіт өмірдің жаршысы ретінде танылды. Бұл қазіргі қақтығыс пен қантөгіс жайлаған уақытта аса құнды. Талай қиындық пен қайғы-қасіретті басынан кешірген қазақ халқы үшін Тәуелсіздік пен Бейбітшіліктен асқан қастерлі ұғым жоқ шығар. Қанша жығылса да, қайта қасқайып тұруға жігері жеткен халықтың тәуелсіздік таңы атар сәтте бейбітшілік жолын таңдауы да осыдан болар.

КСРО күйрегеннен кейін 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Ал сол жылдың 29 тамызында Қазақ ССР Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылған болатын.

29 тамыз – қазақ халқына қасiрет пен үміттi қатар сыйлаған күн. 1949 жылы 29 тамызда полигонда алғашқы сынақ жасалса, 40 жылдан астам уақыттан кейiн дәл осы күнi Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сынақ полигонын жабу туралы Жарлығы шықты. Бұл күн халықтың қасіреттен құтылуына жол ашты, бүгінде бүкіл әлем осы датаны Халықаралық ядролық сынаққа қарсы iс-қимыл күнi ретінде атап өтеді.

Тарих беттерінде Семей ядролық сынақ полигонының құрылуына 1945 жылы қабылданған қаулы тікелей ықпал еткені жазылған. Қаулыға сәйкес, жойқын қаруды жасау жұмыстары кеңестік деңгейде дереу қолға алынды. Бұл әрекетке Хиросима мен Нагасаки қалаларына атом бомбасының тасталуы ықпал етті. Мемлекеттер «бәсекелестігі» сынақ алаңын құруға әкеп соқты. Алғашқы ресми қадам 1945 жылдың тамызында жасалды. Сталиннің қолтаңбасы қойылған қаулыға сәйкес, КСРО ХКК жанынан басқарма құрылып, оған тікелей атом бомбаларын жасау мен уранның қуатын пайдалану жүктелдi. Таңдау Қазақстанға түстi. Осылайша, 1947 жылы әскерилердің алғашқы легі Семейге келiп, қазақ даласында полигон құрылысы басталды. Аймақта әскери бөлімдер құрылып, зерттеу жұмыстары жүргізiлдi, нысандарды жобалау жұмыстары да қолға алынды. Кеңестік деңгейдегі осы құпия операция барысы туралы сынақ жұмыстарына жетекшілiк еткен Лаврентий Берияның Иосиф Сталинге берген есебi де сақталған. Берияның Сталинге жазған хаты және полигонға қатысты «өте құпия» белгісімен талай жылдар бойы мұрағатта сақталған басқа да құжат-деректер ҚР Тұңғыш президенті – Елбасының кітапханасында көпшілік назарына ұсынылды.

1949 жылдың 29 тамызында Семей полигонында жергілікті халыққа ескертілмей, алғашқы сынақ жүргізілді. Тұрғындар жақын маңда плутоний заряды жарылғанынан бейхабар едi. Сынақ нәтижесі туралы КСРО басшылығына жазылған хат пен КСРО Министрлер кеңесі жанындағы Арнайы комитет отырысының хаттамасында баяндалды.

Алғашқы жарылыстың орнында үлкен шұңқыр пайда болды. Бірақ негізгі залал шұңқырдан емес, соққы толқынынан туындаған. Келесі күні тәжірибе алаңындағы үйлер мен көпірлер қирап, вагондар мен машиналар тұрған жерлерінен 100 метрдей қашықтыққа ұшқан. Соққының күшін сынау үшін қойылған автокөліктер өртенiп, танкілер бүйірлеп жатса, зеңбіректер майысқан металға айналған. 

Сол жылдың 23 қыркүйегінде газетте хабарлама жарияланды. Онда Кеңестік кеңістік басшылығы болашақта атом қаруын қолданбайтынын, әлемдік қауымдастықтың алаңдауына негіз жоқ екендігі айтылған. Дегенмен, олар Семей аумағында бір сынақпен шектелмей, ядролық қарудың жаңа түрлерін жасай бастайды.

1953 жылы Семей полигонында сутекті бомба сыналып, ең жойқын жарылыс жасалды. Сынақтың кесірінен 40 адам бiр мезетте ажал құшқан. Олар жаппай қырып-жоятын қаруды сынау кезінде қарауылда кезекшілікке болған. Тізімі төменде.

Ал 1965 жылы қаңтар айында жасалған жарылыс салдарынан 3,5 млн текше метр жер көкке ұшты. Сынақтың мақсаты – жасанды су қоймасын жасау болатын. «Айна-көл» бетінің диаметрі 400 метр, тереңдігі – 100 метр шамасында. Көл радиоактивті ыдыраудың қалдықтарымен ластанған.

Осындай 500-ге жуық сынақты көрген Семей жерінде 1989 жылы соңғы жарылыс жасалды. Жойқын қару Делеген тауының аумағында жер астында сыналды. Бұның барлығы қоршаған ортаға және жақын тұратын адамдарға әсер етпей қоймады.

Тұрғындарды қорғаудың арнайы шаралары қарастырылмады. Сынақтың қасіретін жергілікті халық тартты. Радиацияның әсерінен түрлі індеттер кеңінен тарап, жан-жануарлар қырылды. Сол себептен астыртын зерттеу жұмыстары қолға алынып, 1957 жылдың наурызында Семейде құпия медициналық мекеме құрылған еді. «№4 бруцеллезге қарсы диспансер» «өте құпия» белгісімен қызмет еттi, оның мамандары медициналық-демографиялық көрсеткіштер талдамасын әзірледі.

Семей полигонында 40 жыл ішінде барлығы 456 ядролық сынақ өткізілдi, оның 86-сы әуеде, 30-ы жер үстiнде, 340-ы жер астында жасалды. Полигон аумағы 18500 шаршы метрдi құрады. Жылдам тараған улы радиация осы аумақта тұрған 1,5 млн адамға зиянын тигізді. Қазақ жерiндегi жарылыстар Хиросимаға тасталған бомбалардан 2,5 мың есе қуатты болды.

1989 жылы белгілі ақын, мемлекет және қоғам қайраткері, КСРО Жоғары Кеңесінің депутаттығына кандидат Олжас Сүлейменов ядролық сынаққа қарсы «Невада-Семей» антиядролық қозғалысын құру туралы үндеу тастады.

«Біз де, яғни семейліктер де қол қусырып отыра алмадық. Дереу Семейдің медициналық институтының партия комитетіне жиналып, «Невада -Семей» антиядролық қозғалысының облыстық бөлімшесін құрдық. Мені бөлімшенің төрағасы етіп сайлады. Ол кезде медициналық институттың партия комитеті хатшысы лауазымынан босатылған едім. Қозғалысты құрудағы мақсат біріншіден, халықты ояту, екіншіден, полигонды жабу, үшіншіден, зардап шегіп отырған халыққа көмек көрсету туралы заңды қабылдауға ықпал ету болатын. Әрине, бүгін қозғалыстың алға қойған мақсаттары толықтай орындалды.1991 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен полигон жабылды», - дейді О.Сүлейменов.

40 жылдан астам уақытқа созылған зұлмат Қазақ ССР Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен тоқтады. Құжатта Елбасы сынақ жылдары мыңдаған адамның денсаулығы мен өмiрiне нұқсан келгенiн айтып, полигонды жабу туралы бастама жасаған. Сондай-ақ, Президент зардап шеккен азаматтарға өтемақы төлеу тәртiбiн белгiлеп, сынақ алаңы мен iргелес аумақтардың әлеуметтiк жағдайын және медициналық қызметiн жақсартуды қаулы еткен.

«Бұл шешім Қазақстан жерінде сансыз қасірет пен шығынға әкелген жүздеген ядролық жарылысқа тоқтау қойды. Полигонның жабылуына танымал қоғам қайраткер Олжас Сүлейменов бастаған «Невада-Семей» антиядролық қозғалыс үлкен үлес қосты», - дейді Елбасы.

Қазақстан осылайша ядролық қарудан бас тартты. Президент атап өткендей, сынақ алаңын жабу еліміз тәуелсiздiк алар сәтте қабылданған ең маңызды шешім еді. Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда мемлекет аумағы ядросыз аймақ деп жарияланды. Бүгінде қазақ елінің бұл бастамасын бүкіл әлем қолдайды.
«Семей сынақ алаңын жабу ядролық қарусыз әлем құру жолындағы қазақ халқының ұлы қадамдарының бастауы болды. Қазақстан Семей сынақ алаңы жабылған сәттен бастап адамзат тарихындағы ең зұлмат сойыл – ядролық қарумен күрестің көшбасшысы атанды», - дейді Н.Назарбаев.
Жойқын қарудан бас тарту жолдарын халықаралық қауымдастық өкілдері 29 тамызда Астанада өткен «Ядролық қарусыз әлем құру» конференциясында талқыға салды. Семей полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай өткен басқосуға әлемнің 50 елінен 200-ге жуық халықаралық ұйым басшысы, беделді саясаткерлер, парламенттік қоғамдастықтың мүшелері мен сарапшылар қатысты.

Елбасы конференцияда Қазақстан қуаты жағынан әлемде төртінші орынға ие ядролық қарудан өз еркімен бас тартқанын атап өтті.
«Полигон аумағында СС-18 деп аталатын 104 баллистикалық ракета орналасты. Аэродромдарда 40 бомбалаушы ұшақ болды. Біздегі атом қаруының қуаттылығы Франция, Ұлыбритания, тіпті Қытайдан да мықты еді. Бірақ соған қарамастан еліміз әлемдегі төртінші ядролық державадан бас тартты. Қазақ елі бейбітшілікті қалады. Біздің еліміз ядролық мәртебесінен бас тартқанмен, бейбіт атомды дамыту мүмкіндігін сақтап қалды. Осылайша, жаһандық антиядролық қозғалыста Қазақстан көшбасшы атанып, «АТОМ» жобасын жүзеге асыруда», - деді Президент.
Қазақстанның қауіпсіздік бағытындағы сан жылдық ерік-жігері Елбасының «Әлем ХХІ ғасыр» манифесінде де көрініс тапқан.

Басқосуда атом энергиясын ХХІ ғасырдағы ғылымның үздік жетістігіне бағалаған Нұрсұлтан Назарбаев, оның әскери мақсаттарға пайдаланылуын адамзат тарихындағы ең ірі қателікке айналғанын айтты. Мемлекет басшысы атом қаруы пайдаланылған соғыста жеңiске жету мүмкiн емес, мұндай шайқаста барлығы жеңiледi және баршаның ұтылар тұсы – әлем жойылады, деді.

Осылайша, Астанадағы конференцияда ядролық қарусыз әлем құру мәселелерi әлемдiк деңгейде талқыланды.

Қазақстан сияқты Жапония да атом бомбасының күшінен қасірет шекті. Сондықтан болар, Жапония да ядролық қаруға тыйым салу туралы бастаманы ұдайы көтеріп отырады. Қос елдің осы саладағы ынтымағы мен татулығына Мемлекет басшысына Жапония тарапынан тартылған сый дәлел. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасында орналасқан ерекше тарту ешкімді бейжай қалдырмасы анық.

«Бұл «Мың қағаз тырна» сыйлығы. Оны Елбасыға Хиросима қаласының жастар комитеті сыйлаған. Жапонияда бейбітшілік символына айналған қағаз тырналарды жапон балалары жасаған. Күншығыс елінде кішкентай жапон қызы туралы оқиға кең тараған. Хиросима мен Нагасаки қалаларындағы жарылыстан кейін аққанға шалдыққан кiшкентай қыз 1000 қағаз тырна (оригами) жасасам, міндетті түрде жазылып кетемін деп ойлаған. Аңыз бен француз жазушысының шығармасы бойынша, қыз шынымен мың тырна жасап, жазылып кетедi. Ал шын өмірде қыз 600-ге жуық оригами жасап, ауруынан айықпай, көз жұмған», - дейді кітапхананың Мәдени ағарту қызметiнiң сарапшысы Жансұлу Махамбетчина.

Жапонияда ядролық қарудан бақилық болған қыз аңызға айналса, елімізде бұндай жандар тіптен көп еді. Бүгінгі таңда Кәріпбек Күйіков, Берік Сыздықов сияқты азаматтар полигонның бізге берген зардабының бейнесіндей. Осындай қасіретті бастан кешірген ел ғана бейбіт өмірдің қадірін түсінеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарылыстардың үнін өшірген Семей сынақ алаңын жабу туралы Жарлығы – еліміздің ең басты жетістігі. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында алынған асулардың барлығы тек бейбіт өмірдің арқасында мүмкін болды. Қазақ елінің тәуелсіздігі баянды болғай!

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ