Ана да, пана да болған қазағымның тілі қымбат маған

Енді санаулы күндерден кейін ел болып, қауым болып Тіл мерекесін атап өтеміз. Осы мереке қарсаңында тілдің көкейкесті мәселелерін ортаға салсақ артық болмас. Олай дейтін себебім, біз қазақ тілінің кез келген мәселесіне бейжай қарамауымыз керек. Тіл мәселесіне келгенде немқұрайлықтан бойымызды ада ұстап, шын жанашырлығымызбен атсалысуымыз қажет. 

Кейбіреулер мені: «Сіз осы мемлекеттік тіл мәселесін қайта-қайта қозғай бересіз» деп айыптамақ болады. «Қашан мемлекеттік тіл өз тұғырына қонғанша, қашан Қазақстанда өмір сүріп жатқан әрбір азамат қазақ тілін өзінің ана сүтімен берілген туған тіліндей меңгергенінше, мен тіл мәселесін айтудан жалықпаймын» деп жауап беремін. Өйткені кезінде менің ұлтымды жатсынбай, Елбасы айтпақшы, саман үйлерінде қабылдаған қазақ халқының алдында қарыздармын. Жүрген жерімде: «Қазақ халқы маған ана да болған, пана да болған» деп айтып жүремін. Қазақтар кең пейіл, жүрегі мен ниеті таза халық. Ұлтың кім, қай елден келдің деп кеудеден итермей, осында жиналған барша ұлт өкілдерін қолтығының астына алып, төріне шығарып, құрмет көрсетті. Олай болса, Қазақстандағы әрбір ұлт өкілі осыны айрықша сезініп, бағалай білуі тиіс.

Абайдың «Өнер алды – қызыл тіл» дегені жайдан-жай емес. Сөз деген құдірет. Тіл дегеніміз киелі дүние. Соның киесін жан-жүрегімізбен сезініп, қасиетін ардақтап, кейінгі ұрпақтарға саф алтындай күйінде жеткізу – парызымыз. Иә, дәуірлер мен ғасырларды артқа тастап, телегей теңіз тарихтың толқындарынан аман-есен өтіп, халқымен бірге ұзақ та мәңгі жасай беретін екі құндылық болса, соның бірі бұл сөзсіз – тілі. Сөз – тілдің жаны, тіл – ұлттың жаны. Рухының үні, ең құнды дүниесінің алтын қоймасы. Бұл орайда осынау құдіретті тілдің иесі қазақ – дара болмыс-бітімі бар, ешкімді жатсынбайтын, бөліп-жармайтын, баршаның баласын бауырына басатын, өзгені өгейсітпейтін айрықша халық.

Биыл күллі өміріміздегі баға жетпес құндылықтың ең асылы, тұғырлысы – Тәуелсіздігімізге 25 жыл толып отыр. Ал сол тәуелсіздігіміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тілі емес пе? Өзіңнің тәуелсіз елің, жерің барда сол тәуелсіздікті нығайтуға, оның мемлекеттік тілін өз тұғырына қондыруға атсалысу – Қазақстанды Отаным деп білетін әрбір азаматтың ту етіп ұстар ұстанымы, сөз етер ұраны, ділгір мақсаты болуы тиіс. Тіл, ең бірінші, рухани дүниенің өзегі. Ал оның еркіндігі мен бостандығының негізі де осы тілде жатқанын сезіне бермейміз. Яғни, тіл арқылы – рухани дүниең кемелденіп, дәстүрің сақталып, мәдениетің байып, бітім-болмысың дараланып тұрады. Ал тіліңді жоғалтсаң, мұның бәрінен де айырыласың. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік тіл мәселесіне асқан жауапкершілікпен қарап, оның көкейкесті сауалдарын жадымыздан шығармай, аясын кеңейтуге қоғам болып, ел болып үлес қосуымыз қажет. Бұл еліңнің ертеңі үшін, мемлекетіңнің жарқын келешегі үшін керек.

Кезінде қоғамда үш тұғырлы тіл туралы бастама көтеріліп, оны ендірудің мәселелері жан-жақты талқыға түсіп жатқанда, қазақ тілі шеттеп қалмай ма, оның дамуына дұрыс мән берілмей қала ма деген мәселе ойландырғаны рас. Бұл орайда Елбасының «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді», «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген сөздері күдігімді сейілтіп, сенімімді арттырды. Президенттің осы сөздерінен кейін ендігі жерде біз нық та, сенімді қадамдармен алға жүріп, мемлекеттік тіл саясатын ілгерлете беруіміз қажет. Қазақ тілінің мәртебесі Ата Заңымызда тайға таңба басқандай айқындалды. Тіл аясын кеңейтуге мүмкіндік беретін заңдар қабылданды. Мемлекеттік тілді дамытуға айрықша даңғыл жол ашылып отырғанда тартыншақтауымыз жараса ма? Қазақ халқы айтпақшы, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», тізе қосқан әрекет керек.

Биыл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының биік мінберінен барша әлемге қазақ тілінде үн қатты. Дүниежүзінің алпауыт елдеріне, халықтарына өзінің парасатты ойын, ұстанымын, ортақ мәселеге орайласқан мақсат-мұратын ана тілінде жеткізді. Сол алқалы жиыннан кейін журналистерге берген сұхбатында: «Менің мемлекеттік тілдегі сөзім, оның ұйымдағы барлық ресми алты тілге ілеспе аударылуы да жақсы нышан болды. Біздің тіліміз дүниежүзіне естілсін, құлақтарына сіңсін деп ойладым. Ары қарай жылжыта береміз. Мен әдейі солай жасадым. Бәрібір ол барлық тілге аударылады. Бірақ, әбден үйреніп кеткен біздің адамдар. Қазақша сөйлескісі келмейді. Тілі басқа жаққа үйреніп, жаттығып кеткен. Сондықтан мен айтқаннан кейін менен кейінгі біздің басшылар солай сөйлейді деп сенемін!» деді. Алты алаштың тілін биік мінберден алты құрлыққа танытып айтқан кезде менің қуанышымда шек болған жоқ. Өйткені мен сонау 1984 жылдан бері қазақтың тілінің үнін, әуезін әлем жұртшылығы да естісе екен, қазақтың барлығын білсе екен деп армандаушы едім. Елбасы БҰҰ-ның биік мінберінен қазақша сөйлеген кезде сол арманыма жеткендей болдым. Мемлекеттік тіліміздің әлемдік тұрғыда бағы жанған сәтін көру – мен үшін аса бір тарихи қуаныш болды.

Ана тілі – жүректің үні, ұлттың рухы, абыройы, болмыс-бітімі. Кез келген ұлттың туған тілі болады. Ол әркімнің өзі үшін керек. Ол – жалпы ұғым, ал қазақтың тілі, яғни мемлекеттің тілі – жалқы ұғым. Осы жердің иесі қазақ халқының тілі – мемлекеттің тілі. Ал мемлекеттік тіл – бәрімізге ортақ. Олай болса, мемлекеттің тілі барлық қазақстандыққа да ортақ. Демек, барша халықты біріктіруші, ортақ мақсатқа ұйыстырушы да – мемлекеттік тіл, қазақ тілі. Мұны жетік сезінбейінше, толыққанды тіл сая­сатын жүзеге асыра алмайтынымыз кәміл. Тіл әлемдік қауымдастықтағы мемлекеттердің басты белгілерінің бірі, ұлт саясатының көрсеткіші. Ендеше, біздің еліміздің де мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Ұлы даланы мекен еткен байырғы қазақ халқы басқа да ұлт өкілдерінің тарихи тағдырын тоғыстырып, теңдік пен татулықты қалыптастырып, бейбіт қоғамды орнықтыруға қол жеткізіп отырған бірден-бір себепкер де тіл екені мәлім. Өйткені тіл білген қашанда табыс­тырады.

Мен «қазақтың тілі құрып бара жатыр, жоқ болып бара жатыр» деген жаман ойдан аулақпын. Қазақ тілі – VII ғасырда алып арабқа да, XIII ғасырда тегеурінде моңғолға да, ХIХ-ХХ ғасырда ормандай қаптаған орысқа да төтеп беріп, сақталып қалған. Қанша уақыт өтсе де, халықтың өзімен бірге жасап келе жатқан, сыны кетпейтін, құны кемімейтін, өміршең, құнды да киелі, қасиетті қазақ тілі түркітілдестердің ішіндегі ең байы да, сом, таза сақталған бай тілді баянды етсек деген арман ғой менікі. «Байтақ жер де, бай тіл де – қазақтыкі» деген Ахмет Байтұрсынов текке айтпаған, қазақ тілі – тек қазақ топырағында ғана өркендейді, қолданыста болады, өз биігіне көтеріліп, өз тұғырына қона алады. Басқа жерде мұндай дәрежеге көтеріле алмайды, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие бола алмайды. Сол үшін де тіл деген ұлттың жаны, ерекшелігі өте нәзік. Оған жанармен ғана емес, жан-жүрегімізбен, сезім көзімен қарай білуіміз керек. Бүгінгі таңда жері гүлденген, елі түрленген, ұлысы көбейіп, тынысы кеңейген кезде байды зорсынбай, кедейді қорсынбайық.

Реті келіп тұрғанда тағы да бір мәселеге тоқтала кетсем деймін. Жалпы, мемлекеттік тілге байланысты айтылған пікірлерді ой елегінен өткізіп, бұл туралы жазылған мақалаларды баспасөз бетінен оқып, танысып отыру – бұрыннан келе жатқан әдетім. Өзім сүйіп оқитын «Ана тілі» газетінің №29 (1339) 21-27 шілде аралығындағы санында Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия директоры, Қазақстан ПҒА-ның академигі Нұрлыбек Даумовтың «Өзге тілді өгейсімейік» атты мақаласы жарық көрді. Айтыңыздаршы, Қазақстанда өзге тілді өгейсітіп жүрген жан бар ма? Тілші ретінде қаншама ұлттың өкілімен араласып жүріп қазақ тұрмақ, өзге ұлттың өкілінен ондай жанды кездестірмедім. Автор өз мақаласында: «Халқымызда «тұғыр» деген сөз бар, ол сөз – діңгек, қазық деген мағынаны білдіреді. Біздің алтын діңгегіміз, тұғырымыз – қазақ тілі, ал жан-жағынан өзге тілдер мемлекеттік тілді қолдап уық секілді қадалады» деп жазыпты. Осы орайда «тұғыр» деген сөз өз мағынасында, өз мәнінде қолданылып тұрған жоқ.

«Қазақ тілінің» көп томдық түсіндірме сөздігінде «Тұғыр» сөзіне мынадай анықтама беріледі: «Тұғыр – қолға үйретілген саят құстың қонақтайтын орны. Биіктеу ағаш қондырғы. Екінші мағынасы – бір нәрсенің астына қойылған тірек, сүйеніш. Сонымен қатар «Тұғыр» сөзінің омонимі – мініске төзімді, жабы тұқымдас жылқы; жұмыс көлігі. «Діңгек» сөзінің де мән-мағынасы бар. Тағы да «Қазақ тілінің» көп томдық түсіндірме сөздігіне назар аударайық. «Діңгек» – жерге қазып, орнатқан бағана, тіреу. 2.Арқасүйер таяныш, тірек. «Қазық» сөзінің мәнін тарқататын болсақ, ол аталған сөздікте – бір нәрсені байлауға арналған үшкір, кішірек келген жұмыс ағаш я темір. 2. Бір нәрсенің негізі, сүйеніші, тірегі» деп берілген. Мұндағы негізгі айтайын деген ойым, тұғыр сөзінің мағынасы ашылмаған. Автор бұл сөздің мағынасын жетік білмесе, ең болмаса сөздікке қарау керек еді ғой.

«Тұғыр» деген сөз тек қазақтың тіліне тән. Өзге елдердің мемлекеттік тілдері өз елдерінің тұғырына қонып тұр. Мысалы, орыс тілі де, ағылшын тілі де солай. Сондықтан біз мемлекеттік тілімізді де өз тұғырына қондырайық деп мақала жазғанмын. Қазақстан тілін біз баршамыз бірігіп тұғырына қондыруға атсалысуымыз керек. Елбасы 2006 жылдың қазан айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ құрылтайында «Үш тұғырлы тіл» туралы идеяны жария еткен болатын. Осы алқалы жиынға мен де қатысып, үш тұғырлы тілдің бастысы – мемлекеттің тілі қазақ тілі болуы керек деп айтқанмын. Сол кезде ғана біз мемлекеттік тілімізді өркендете аламыз.

Жалпы, айтайын дегенім, тіл туралы мақала жазған адам оқырманға дұрыс бағыт-бағдар сілтейтіндей, ең бастысы – қазақ тілінің мәртебесін биіктетуге, қолданыс аясын кеңей­туге үн қосатындай болса, шіркін! Өз басым оқырман қауым алдындағы жауапкершілікті ұмытпаған абзал деп ойлаймын. Қашанда шындықтан қорықпайық, жалтақтамайық. Мән-маңызын жоғалтпай, бояуын солғындатпай, айтары – анық, бояуы – қанық дұрыс пікір білдіргеніміз жөн. Өзгелердің көңіліне қарап, өз елімізде, өз мемлекеттік тіліміз салтанат құрып, өз тұғырына қондыра алмасақ, азаматтығымызға сын болмай ма?! Әр сөздің астарына терең бойлап, байыппен үңіліп, ұлттық рухты тайға таңба басқандай, мән-мағынасын кетірмей, оқырман алдына табиғи қалпын сақтай отырып, тарта білейік, ағайын! «Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіркеледі: ақылға, қиялға, көңілге» дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Сондықтан да әр жазған-сызғанымызда қазақтың өз болмысы, өзіндік ерекшелігі, салты, тек-тамыры, тілдік байлығы, шешендігі – бәрі де көрініс тапқаны абзал.

Біздің Отанымыз – Қазақстан. Ал Қазақстан­ның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Демек, біздің Отан алдындағы парызымыз да, қарызымыз да мем­лекеттік тілді білу. Осыны өзге ұлт өкілдері түсінсе, жүрегімен ұғынса деймін. Біз қазақ хал­­қына деген алғысымызды қазақ тілін үйрену ар­қылы білдіруіміз керек. Қазақстанды Ота­ным, елім деп сүйген әрбір азамат ең алдымен осы елдің мемлекеттік тілін білуі керек. Елің­ді құр­меттеу – мемлекеттік тілді білуіңмен өлшенеді!

Асылы ОСМАН, 
филология ғылымының кандидаты, 
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Мемлекеттік тілге – құрмет» бірлестігінің төрайымы,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі

Дереккөз:  anatili.kazgazeta.kz