Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Экс-бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Мәңгілік ел / Жұмыстың бәрі халықтың жағдайын жақсарту үшін жасалуда

Жұмыстың бәрі халықтың жағдайын жақсарту үшін жасалуда

Жұмыстың бәрі халықтың жағдайын жақсарту үшін жасалуда

Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Онда ел экономикасының қазіргі жағдайы баяндалып, алдағы жоспарлар пысықталды. 

ӘЛЕУМЕТТІК АХУАЛ ТӨМЕНДЕМЕУІ ТИІС

Әрине, қазіргідей әлемдік экономиканың тұрақсыз тұсында ешбір елдің шекесі қызып отырған жоқ. Ал кемедегінің жаны бір демекші, жаһан жұртының нарық әлеміндегі жағдайы бір-біріне әсерсіз болмайды. Ендеше, қазіргі кезеңде Үкіметтің елдің әлеуметтік әлеуетін әлсіретпей, экономикалық өсімін өрістету бағытындағы жұмыстары бұрынғыдан да еселене түспек. Мұндай сәттерде әр ел өзіне тиесілісін игеріп, тиімді шешімдермен экономикасын барынша дамытуға күш салса керек. Үкіметтің кеңейтілген отырысында да Елбасы әлемдік экономиканың қазіргі қолайсыз ахуалын айтып, соған қарамастан, ел Үкіметі xалықтың жағдайын төмендетпеуі тиістігін атап көрсетті.

Дүние жүзіндегі аxуал жақсарып отырған жоқ. Еуропа да, Ресей де, төңірегіміздегінің бәрі де әсер етеді. Соған қарамай, біраз шаруа істеп, жалпы экономиканың деңгейін төмендетпеу іс-шараларын қолға алдық. Енді, қазіргі әлеуметтік аxуалды қарап, қалған уақытта не істеуіміз керек, қандай жаңа жұмыстар атқаруымыз қажеттігін ақылдасып алу үшін кездесіп отырмыз. Алдағы уақытқа қабылдаған жоспарларымыз бар. Оны өздеріңіз білесіздер. Әлемдік экономикалық жағдайды, мұнай бағасының, басқа шикізат бағаларының төмендеп отырғанын да көріп отырсыздар. Біз де әлемнің бір бөлшегі болғаннан кейін сыртта отырғанымыз жоқ. Осындай жағдайда біз жол тауып, экономикамызды алып шығуымыз қажет, xалықтың әлеуметтік жағдайын төмендетпеуге барлық жағдай жасауымыз керек, деді Президент.

Қазіргі қиын жағдайда Қазақстан өзекті шешімдерді дер кезінде қабылдағанына тоқталған Елбасы соның нәтижесінде экономикалық өсудің оң динамикасын көрсеткенін атап өтті. Мемлекеттік қолдау есебінен инвестициялық өзектілікті сақтай білдік. Сонымен қатар, жаңа шындық жағдайында даму бойынша алдағы болатын қадамдарды осы жылдың аяғына дейін және келесі жылы анықтауымыз керек. Қазір 2016 жылдың бюджеті қаралады. Сонымен бірге, біз келесі үш жылға арналған бюджетті бекітеміз. Үкіметке бекітуге барғанға дейін оны баршамыз бірге талқылауымыз керек, деді Мемлекет басшысы.

ОҢ КӨРСЕТКІШ БАЙҚАЛЫП ОТЫР

Кеңейтілген отырыста Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев еліміздің қазіргі экономикалық жағдайы туралы есеп берді.

Тамыз айында экономика тағы 0,1 пайызға өскенiн атап өткiм келедi. Осылайша, биылғы жылдың сегiз айының қоры­тындысы бойынша iшкi жалпы өнiм­нiң өсiмi 0,3 пайызды құрап отыр. Жалпы алғанда, маусым айынан бастап экономиканың оң өсiмi бай­қалады. «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен дағдарысқа қарсы iс-шаралар жұмыс iстей бастады», дедi министр. Б.Бишім­баев­тың айтуынша, өсiм үлкен болмағаны­мен, Қазақстандағы жағдай жақын әрiп­тес елдердегi ахуалдан жақсырақ. Мә­селен, осы кезеңде Ресей, Беларусь, Қыр­ғызстан және тағы да бiр­қатар елде iшкi жалпы өнiм төмендеген.

Министрдің мәліметінше, елімізде экономика өсімі құрылыс саласында – 6,7, көлік саласында – 4,2, ауыл шаруа­шылығында – 4,9, өңдеу өнеркәсібінде – 0,7, қызмет көрсету саласында 0,4 пайызға өсті. Дегенмен, тау-кен өңдеу саласында біраз қиындық бар. Мәселен, аталған саладағы өсім 4,8 пайызға артта қалған. Бұл мұнай және көмір өндірудің азаюы­мен байланысты болып отыр. Алайда, табиғи газды өндіру көлемі артқан, сондай-ақ, түрлі-түсті металдарды өндіру Бозшакөл мен Ақтоғай кен орындарының іске қосылуы арқылы өсіп отыр.

«2016 жылдың соңына дейін «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша толық игеру қам­тамасыз етіліп, дағдарысқа қарсы ша­ра­лар толық орындалады. Тауарлар мен қыз­меттерге бағаның негізсіз өсуі тоқ­та­ты­лады. Жалпы, экономикадағы оң өзге­ріс­­терге орай, біз ІЖӨ өсімін жоспар­лан­ған 0,5 пайызда күтіп отырмыз, деді министр.

Дағдарысқа қарсы жоспар аясында Үкімет кәсіпорындарды қолдау үшін бірқатар шаралар қабылдады: ТЖ көлігі мен электр энергиясына бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ, ведомство басшысы айтып өткендей, жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар нәтижесінде 170 мың жұмыс орны сақтал­ды, оның ішінде 114 мыңы тұрақты. Жал­пы, қабылданған шаралар 5 пайыз дең­гейінде тұрған жұмыссыздықты өсірмейді.

2016 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру үшін 60,3 млрд теңге қарастырылды. Шағын және орта бизнес жобаларына ин­же­нерлік инфрақұрылымды жүргізуге рес­публикалық бюджеттен 16,5 млрд теңге, оның ішінде Ұлттық қор қаражатынан 15 млрд теңге көзделген.

Қазақстанда «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасын іске асыру жалғасуда, оның шеңберінде шағын және орта бизнес субъектілерін жүйелі қолдау шаралары қабылдануда.

2016 жылы 34 жобаға инженерлік инфрақұрылымды жеткізу жүргізілуде.

Министр келтірген деректерге сүйен­сек, елдегі инфляция деңгейiнiң төмен­дегені байқалып отыр. Тамыз айында айлық инфляция 0,2 пайызға дейiн баяу­лап, жыл басынан 5,4 пайызды құрады, деді Қ.Бишiмбаев. Тағы бiр маңыз­ды фактор, экономиканы кредиттеу қайта басталды. Министрдiң айтуынша, егер қаңтардан сәуiрге дейiн несиелер көлемi төмендесе, мамырдан бастап өсiм бай­қалған. 1 тамыздан бастап несиелер 0,5 пайызға өсiп, 12,7 трлн теңгенi құраған. Ал республиканың сыртқы тауар айналы­мы бiрiншi жартыжылдықта 30,4 пайызға, яғ­ни 28 млрд долларға дейiн төмендеген. Экс­порт 17,1 млрд, ал импорт 12,3 млрд дол­ларды құраса, Қазақстанның халық­аралық резервi жыл басынан берi 4,2 пай­ызға өсiп, 95,2 млрд АҚШ долларына жеткен.

Негiзгi капиталға тартылған инвес­ти­цияның жалпы көлемi 4,3 трлн теңгенi құрады. Оның iшiнде 1,5 трлн теңгенi мемлекеттiк сектор салды, деп атап өтті Қ.Бишiмбаев. Министр экономиканың шикiзаттық емес салаларына тартылған инвестиция көлемiнiң айтарлықтай артқанын да айтты. Бұдан бөлек, тiкелей шетелдiк инвестиция көлемi артып, 5,7 млрд долларды құраған. Бұл өткен жылғы деңгейден 5 есеге артық. Шетелдiк инвес­тиция, негiзiнен, химия, фармацевтика, машина жасау, құрылыс, көлiк, мұнай өндiру салаларына тартылды. Тiкелей инвестициялар нәтижесiнде елiмiздiң халықаралық резервi жыл басынан берi 4,2 пайызға өсiп, 95,2 млрд АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордағы актив 64,7 млрд АҚШ долларына жеттi. Өсiм – 1,9 пайыз, дедi Қ.Бишімбаев.

ҚАРЖЫЛЫҚ АХУАЛ ОРНЫҚТЫ

Алқалы жиында келесі кезекте Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов еліміздің қаржылық жағдайы туралы баяндады. Министр бірінші кезекте биылғы жылдың 8 айындағы ел бюджеті көлемі бойынша ре­кордтық көрсеткішке жеткенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік қаржы тұ­рақты, ал кірістер бойынша алға жылжу бар, сондай-ақ, тапшылық төмендеп келеді.

Бюджеттік құралдар экономиканы әрта­рап­тандыру мен жұмыспен қамтудың өсуін қоса алғанда, бірнеше міндет­терді шешуге қайта бағдарланды. Бұл «Нұр­лы Жол» бағдарламасы арқылы дағдарысқа қарсы шараларды қолдауды, жергілікті бюджеттерге берілетін трансферттер арқылы өңірлерді дамытуға жәрдем көрсетуді қарастырады. Барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалды. Жылдың басынан бері бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жалақылары, студенттердің стипендиялары 25 пайызға көтерілді. Зейнетақылар мен басқа да әлеуметтік төлемдерді индексациялау сақталып отыр, деді Қаржы министрі.

Сондай-ақ, ол жекешелендіру, мүлікті жария ету және мемлекеттік сатып алу үдерістерін кеңейту экономиканы жандандыруға өз үлесін қосқанына тоқтала келіп, осы жылдың бюджетін нақтылауға және келесі үш жылдық мерзімге оң жоспарларды дайындау үшін ресурстық негіз қалыптасқанын жеткізді.

Одан әрі Б.Сұлтанов биылғы жылдың 8 айында мемлекеттік бюджеттің кірісі 25 пайызға асыра орындалғанын мәлім етті. Есепті кезеңде мемлекеттік бюджеттің кірісі жоспарға қарағанда 25 пайызға артық жүзеге асырылды, бұл – 800 млрд теңгеден астам қаржы. Жалпы, 4 трлн теңгеден астам қаржы түсті. Аталған көрсеткіш өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда 1,2 трлн теңгеге немесе 40 пайызға артық, деді министр. Оның айтуынша, мұндай өсім дағдарысқа қарсы шаралардың арқасында мүмкін болған.

Сонымен қатар, спикер көлеңкелі экономикаға қарсы күреске, бизнесті қорғауға, резервтерді іздестіру мен салық­тық мәдениетті арттыруға бағытталған бірқатар ұйымдастырушылық және әкім­шілік шаралар атқарылғанына екпін берді. Жарты миллионнан астам декла­ра­цияға талдау жүргізілгеннен кейін, салық төлеушілерге 85 мың ескертпе ба­ғыт­талып, соның нәтижесінде, өз еркімен жә­не санкциясыз бюджетке 11 млрд теңге қо­сымша төленді, деді ведомство басшысы.

Бұдан бөлек, Б.Сұлтанов респуб­ли­калық бюджеттің шығыстары жөнінде нақты көрсеткіштерді жеткізді. Осы жыл­дың 8 айында республикалық бюджеттің шығыстары 99 пайызға жуық, ал жергілікті бюджет шығыстары 96 пайызға орындалды. Нәтижесінде, мемлекеттік бюджет бойынша көрсеткіш 97,1 пайызды құрады. Бұл 2015 жылға қарағанда 0,4 пайыздық пунктке төмен болды. Бірақ біз осы үдерісті күзде қалпына келтіреміз деп ойлаймын, деді министр.

Бұдан басқа, министр биылғы жылы бюджеттің модернизациялық нәтижесі артып келе жатқанын мәлімдеді. 2016 жылға 1 трлн теңгеге жуық қаржы 700-ден астам инвестициялық жобаны жүзеге асыруға қарастырылған. Бюджетті нақтылаған жағдайда біз бұл нәтижені жаңа инвестициялармен толықтыра аламыз, деді ол. Б.Сұлтановтың пікірінше, алдағы жылы ІЖӨ-ге қарағанда шығыстар біршама азаяды, өйткені, шығыстардың бір бөлігі тікелей бюджеттен іске асырылмай, жеке сектормен серіктестікте атқарылады. Осы орайда, Қаржы министрі бірқатар ірі жобалар мемлекеттік жеке серіктестік негізінде іске асырылатынын атап көрсетті.

Б.Сұлтанов одан әрі дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға байланыс­ты Ұлттық қордан бөлінген 443 млрд теңгенің игерілгенін, оның ішінде 278 млрд теңге «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылғанын сөз етті.

Осы арада министр биылғы жылдың 8 айында «Нұрлы Жол» бағдарламасына қатысушылардың салықтық қайтарымы артып келе жатқанына тоқталды. Сондай-ақ, ол 8 айда тікелей және жанама қосылған салық төлеушілерден бюджетке 62 млрд теңге түскеніне назар аударды. Сонымен қатар, Қаржы министрі бүгінде мемлекеттік кіріс органдары «Нұрлы Жол» бағдарламасының қосалқы мердігерлеріне қатысты салықтық бақылауды жүргізіп жатқанын жеткізді.

Біз жеткізушілер мен мердігерлердің барлық тізбесіне талдау жасаудамыз. Бү­гінде осы «пирамиданың» түрлі деңгейлерінде бұзушылыққа жол берген 245 фирма анықталды. Оның ішінде 27-сі бой­ынша тексеру аяқталып, қосымша 15,6 млрд теңгеге жуық қаржы есепке алынды, деді Б.Сұлтанов. Сондай-ақ, Қаржы министрі жекешелендіру, мүлікті жария ету мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, жекешелендірудің екінші толқыны басталған 2014 жылдан бері құны 85,5 млрд теңгеге бағаланған 299 нысан жеке қолға өткен, оның ішінде 85-і биылғы жылдың үлесінде.

Осы арада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жекешелендіру бағдарламасын толық орындау үшін Қаржы министріне тиісті тапсырма берді. Елбасы бұл бағыттағы шаралар лайықты деңгейде орындалмаса, экономиканың дамуына кедергі болатынын ескертті. Сондай-ақ, Президент жекешелендіру, жария ету науқандары өтіп жатқанын, жылжымайтын мүліктердің де саны артып келе жатқанын, мұның барлығынан түскен салықтың есебінен мемлекеттің қазынасын арттыру керектігін, сол үшін салық саясатын жақсарту қажеттігін атап көрсетті. Ал Б.Сұлтанов бұл бағыттағы жұмыстар бақылауда екенін айтты.

Б.Сұлтанов мүлікті жария ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да қа­тысты көрсеткіштерді жария етті. Оның сөзіне қарағанда, жыл басынан бері мү­лікті жария етудің көлемі 5 есеге артқан.

Сөзінің соңында Қаржы министрі алда тұрған міндеттерге қысқаша шолу жасап өтті. Жылдың соңына дейін біздің алдымызда бірнеше маңызды міндеттер тұр. Ол биылғы және келесі жылдарға арналған бюджет жобаларына қатысты. Бюджет экономиканы әртараптандыруға бағытталатын болады, ал оның әлеуметтік бейіні күшейтіледі. Бюджет заңнамасына қаржыландырудың жаңа құралдары бойынша ұсыныстар дайындалды, сондай-ақ тапшылықты және борышты төмендету бойынша ұзақ мерзімді шаралар қабылданады, деді ол.

Б.Сұлтанов, сондай-ақ, жария ету акциясы аяқталып келе жатқанына және жылдың соңына қарай алдағы төрт айда қатысушылардың жаңа «толқыны» күтіліп отырғанына тоқталды. Сондықтан да акцияны аяқтауға байланысты жұмыстар азаматтардың сенімін қамтамасыз ететіндей жүргізіледі. Сондай-ақ, жылдың соңына дейінгі кезеңде қаражатты тиімді іске асырылып жатқан жобалардың пайдасына қайта бөле отырып, қаржы игерудің нәтижелі болуына мониторинг жасау жалғасады, деді министр.

ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТА ҰСАҚТАЛМАЙДЫ

Бұдан әрі сөз кезегі Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышевке берілді. Оның айтуынша, Ұлттық банк қысқа уақыттың ішінде ақша және валюта нарықтарындағы жағдайды тұрақтандырса, оған бірнеше себеп ықпал еткен екен. Бұған, біріншіден, шикізат нарықтарындағы әлемдік конъюнктураның жақсаруы себеп болды. Екіншіден, Үкімет пен Ұлттық банктің дағдарысқа қарсы бірлескен жедел шаралары әсер етті. Ұлттық банктің алтын валюта резервтері тамыздың соңында 30,7 млрд долларды құрады. Осы жыл басынан бастап 10 пайызды немесе 2,8 млрд долларды көрсетті. Ұлттық қордың валюталық активтері 64,9 млрд доллар болса, бүгінде оның деңгейі өзгермеді, яғни тұрақтылық бар. Бұл жағдай трансферттерді Ұлттық қордан жоспарлы түрде алуға қарамастан орын алды. Ел резервтерінің жалпы сомасы бүгінгі таңда 95,6 млрд долларды құрап отыр, деді Д.Ақышев.

Сонымен қатар, ол бизнес және халықтың валюта нарығындағы жаңа жағдайға байланысты бейімделуін қамтамасыз ете келе, мән-жайдың қалай болуы қажеттігін түсіндіргенін атап өтті. Отандық тауар өндірушілердің бәсе­кеге қабілеттілігін теңестірдік. Соның арқа­сында тауар ғана емес, қызмет көрсетуге қатысты импорттың өсуі байқалады, деді Ұлттық банк төрағасы.

Д.Ақышев қазіргідей экономикалық өсім баяулаған кезде және соған сәйкес, экономикалық белсенділікті қайта қалпына келтіру мақсатында арнайы іс-шаралар атқару үшін Ұлттық банк алдында тұрған басым міндеттердің бірі – банк секторының позициясын қалпына келтіру екенін атап өтті. Ұлттық банк BASEL 3 стандартын енгізу бойынша бұған дейінгі қабылданған шешімдерді, мә­селен, банктердің жеке капиталын көте­ру бойынша шешімді тоқтата тұру­ға мәжбүр болды. Алайда, мұндай жағ­дай банк жүйесін бірнеше жылға артта қалдырады. Ал бұған нарықтағы қазір­гідей бәсекелестік жағдайда жол беруге болмайды. Жаңа цифрлық технологиялар және инновациялар жағдай ережесін мүлдем өзгертіп, қазіргі таңдағы банк секторының халықаралық үрдістер перифериясына қарай жылжуына алып келуі мүмкін. Бізге қазіргі заманғы, жоғары технологияға негізделген Ұлттық банк секторы қажет. Ол елімізге өзінің эконо­микалық міндеттерін шешуге мүмкіндік бермек. Сол себепті, Ұлттық банк ел Үкіме­тімен бірлесіп, 2016 жылдың соңына дейін банк секторы мен елдегі кредит­тік белсенділіктің артуына нақты ұсы­ныс­тар енгізуге және мемлекет тара­пы­нан болуы мүмкін қаржылық қолдау­дың жүзеге асырылуына дайын, деді Д.Ақы­шев.

Еліміздің бас банкирінің айтуынша, 2016 жылдың екінші жартыжылдығында бизнесті несиелендіру үдерісі біртіндеп қалпына келмек. Қазірдің өзінде оң үдерістер байқалып келеді. Мәселен, экономиканың жалпы несиесі 0,5 пайыз болғанымен, экономиканың бұдан бас­қа секторларында өсім бар. Шағын кәсіпкерлікке бөлінген несие 3,6 пайыз, ауыл шаруашылығы саласына бөлінген не­сие 13 пайыз, құрылысқа бөлінген не­сие 3 пайызды құрап отыр. Ал жалпы, эко­но­­миканың барлық кредиттік құры­лымы­ның 83 пайызы бір жылдан астам уақытқа берілген несие болып есептеледі, деді ол.

Отырыс барысында Ұлттық банк төрағасы, сондай-ақ, банк секторының елдің эко­номикалық қажеттіліктерін қар­­жы­­лан­дыруды қамтамасыз етуші маңызды элемент қана емес, соңғы уақытта экономиканың нақты секторында эконо­микалық реформаларды ілгері­лететін және өсіретін жетекші драй­вері болып саналатынын да атап өтті. Біз банк жүйесіндегі қаржылық дағда­рысқа қар­сы түйткілдерді шешуде едәуір тәжірибе жи­нақтап қалдық. Алайда, соған қарамас­тан, аталған секторды қалпына келтіру­дегі прогресс деңгейі төмен болып тұр. Мәселен, әлі күнге дейін банктер­дің мем­лекеттік көмек беру бағдар­ла­ма­ларына тәуелділік деңгейі сақталуда. Са­лыс­тырмалы түрде несиенің төмен рей­тин­гісі де сол қалыпта тұр, деді бас банкир.

Бұл күні ол Ұлттық банктің инфля­ция­лық таргеттеу саясаты мен теңгенің айырбас бағамының «еркін жүзу» режімін одан әрі жүзеге асыра беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Ұлттық банктің негізгі міндеті – 2016 жылдың соңына қарай инфляция деңгейінің Ұлттық банк пен Үкімет белгілеген дәлізге сәйкес, 6-8 пайыз болуына қол жеткізу. Ұлттық банк қаржы-несие саласындағы таргеттеу деңгейін қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерін жұмсайтын болады. Бұл ретте, біз инфляцияны қадағалау бағытында Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың күш біріктіре жұмыс атқаруына сенім артып отырмыз. Ал 2016 жылы ішкі валюта нарығындағы жағдай қалпына келе бастады. Айырбас бағамының «еркін жүзуі» отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, тауар және қызмет көрсету түріндегі импорттың өсуіне әсер етеді. Теңгенің еркін айырбас бағамын енгізу үлкен қажеттіліктен туған үдеріс еді. Біздің соңғы зерттеуімізге сәйкес, экспортерлер тарапынан ішкі валюта нарығында шетел валютасын ұсыну 2013 жылдан бері екі есеге азайған. Егер 2013 жылы Қазақстандағы экспорттық түсімнің 60 пайызын қалыптастыратын 100 ірі экспортер валюта нарығында 30 млрд АҚШ долларын сатса, ал 2015 жылы бұл көрсеткіш 13 млрд АҚШ доллары болған. Себебі, олардың экспорттық түсімі 33 млрд-тан 17 млрд долларға дейін қысқарған, деді Д.Ақышев.

Сонымен қатар, Ұлттық банк Қор нарығын қайта шығаруды жоспарлап отырғанын да жеткізді. Еліміздің Ұлттық банкі жақында ғана қор нарығын қайта шығарудың қажеттілігі туралы айтқан болатын. Бұған сәйкес, нақты секторды қаржыландыруды банктік кредиттер көмегімен ғана емес, қор нарығында шығарылатын борыштық құралдар көмегімен де қамтамасыз ету үшін балама алаңдар құрылатыны қарастырылып отыр. Қазірдің өзінде біз қор нарығына қаражат тартатын кәсіпорындардың белсенді түрде айтарлықтай жандана бастағанын көрдік. Осыған байланысты қысқа мерзімдік облигациялар шығару көзделеді. Ең бастысы, біз мұндай құралдарға қызығатын және оны қажет ететін инвесторлардың белсенділігін байқап отырмыз, деді Д.Ақышев.

Д.Ақышевтің айтуынша, жыл басынан бері елімізде долларсыздандыру үдерісі анық байқалып отыр. Мәселен, теңге бойынша депозиттер 50 пайызға дейін артса, керісінше шетелдік валютадағы депозиттер 4 пайызға кеміген. «Солай бола тұра, қоғам мен бизнестің теңге бағамының еркін айналымына бейімделуіне де біраз уақыт керек. Активтердің долларлануынан ғана емес, сананың долларлануынан құтылу оңайға түспейді. Теңгемен бағамдауға, ұлттық валютамен өлшеуге келгенде қиналып жататындар бар. Ұлттық банк, бұл орайда, активтерді долларсыздандыруға қатысты жүйелі шараларды атқарып келеді, деді бас банкир.

Мәселен, ол сананы долларсыздандыру бойынша интернет сайттарында көліктер бағасын, жылжымайтын және басқа да мүліктерді теңгеден басқа кез келген валютада көрсетуге тыйым салынғанын атап өтті. Тауарлар мен қызметтердің бағасын көрсетуде, оларды жарнамалауда теңгені ғана көрсету, өзге шетелдік валюталарды көрсетуге тыйым салу шараларын қамтамасыз етуде заңнамалық ынталандыру жұмыстарын жалғастыра беретін боламыз. Әрине, бұл жерде біз ұлттық валютамен өлшеуге келмейтін жағдайларды айтып отырғанымыз жоқ. Мәселен, Олимпиада чемпиондарына сыйақыны белгілегенде, оларға берілетін қаржының мөлшерін шетелдік валютамен емес, теңгемен ай­туға болады деп ойлаймын, деді Ұлттық банк басшысы.

Жиын аясында Д.Ақышев, сонымен қатар, Ұлттық банктің қазақстандықтарға өздерінің қор-жинақтарын аффирленген алтынмен сақтауды ұсынатынын да жеткізді. Біз халыққа өздерінің жинақ­тарын қарапайым және түсінікті тәсілмен алтын түрінде сақтауды ұсынамыз, бұл шын мәнінде шетелдік валютаға балама бола алатын еді. Бұл ретте Ұлттық банк екінші деңгейлі банктермен бірлесе оты­рып, осы нарықтың өтемпаздығын қамтамасыз етуді қарастырады. Халықтың кез келген уақытта алтынды сатып алуға, сатуға мүмкіндігі болуы тиіс, деді ол бұл орайда.

Нұрсұлтан Назарбаев өз кезегінде Ұлттық банктің жалпы алғанда қазіргі қалыптасқан жағдайда өзіне жүктелген мін­деттерді атқарып отырғандығын айта келе, елдің қаржылық-несиелік жүйе­сіне қатысты банктің атқарып жатқан жұмыстарымен халықты үнемі түсінікті және ұғынықты тілде ақпараттандырып отыру қажеттігіне, сонымен қатар, 2007-2009 жылдардың тәжірибесінен сабақ алудың маңызды екеніне тоқталды.

* * *

Мемлекет басшысы отырысты өзі қорытындылап, Үкіметке бірқатар тапсырма жүктеді. Елбасы бүгін мемлекет алдында тұрған негізгі міндет – халықтың өмір сүру деңгейін арттыру екенін атап өтті. Күрделі жағдайларға қарамастан, біз 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджеттік қызметкердің орташа жалақысын 30 пайызға, стипендиялар мен жәрдемақыларды 25 пайызға арттырып, зейнетақыны 9 пайызға индексацияладық. 673 мың адамға мүгедектігі және асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақылар көлемін 25 пайызға арттырдық, деді Президент.

Сондай-ақ, Н.Назарбаев жаңа өмір шындығы қосымша нақты шаралар қабылдауды талап ететінін айтты. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы алдағы кезеңге келесі бағыттар бойынша бірқатар нақты міндет қойды.

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ – БАСТЫ МІНДЕТ

Елбасы Үкіметтің басты жұмыс бағытының бірі болып жаппай кәсіпкерлік мәселелері табылатынын атап өтіп, тиісті бағдарламаларды одан әрі дамытуды жүзеге асыруды және қолдау құралдарын жетілдіруді тапсырды. Үкімет бүгінде шағын несие беру аясын одан әрі кеңейту жөнінде шаралар қабылдауы тиіс. Өзін өзі жұмыспен қамтитындардың 60 пайызы ауылда тұрады. Осыған байланысты, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында біз 5 өңірде қанатқақты режімде «Ауылдағы жұмыс орны» жаңа жобасын іске асыруды бастадық. Оған 10 млрд теңге бөлінді. Бұл жұмысты жүргізу барысында кооперацияларды дамыту ісіне айрықша көңіл бөлу қажет. Тиісті «Кооперациялар туралы» Заң қабылданды. Енді жер-жерлерде үлкен ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстары күтіп тұр. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, елді мекендерде ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу және қайта өңдеуді қамтамасыз ететін кооперативтер ұйымдастыру жөніндегі шаралар қабылдауды тапсырамын, деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы «Барлығына тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы аясында жұмысты жалғастыру қажеттігіне тоқталды. Бұдан бөлек, Президент Үкіметке және әкімдерге еңбек мобильділігін қамтамасыз ету және жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің бір-бірін табуға ықпал ету жөніндегі жұмыстарды бақылауды ұстауды тапсырды. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Әбішұлы кәсіпкерлер қызметі мен мемлекет-жекеменшік серіктестігінің тетіктерін белсенді қолдану үшін шекараны кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

Бүгінде барлық жағдай жасалып, құқықтық алаң қалыптасты. Қазірдің өзінде жағымды мысалдар бар. Мектепке дейінгі білім беруде мемлекет бизнеспен бірлесіп мемлекеттік тапсырыс жеке мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне орналастыру арқылы тиімді жұмыс жасай бастады. Бұл жағдайда бизнес өзінің инвестициясын құрылысқа салады, деді Президент. Елбасы министрліктер мен ведомстволардың өздеріне бағынышты ұйымдарына оларды бәсекелестік ортаға немесе жергілікті деңгейге беру мақсатымен қайта инвентаризация өткізу қажеттігін атап өтті.

ӘРТАРАПТАНДЫРУ – ӨСІМ ӨРІСІ

Н.Назарбаев жыл соңында мемлекеттік қазынаның 830 миллиард теңге қосымша кіріске толығуы күтіліп отырғанын айтты. Бұл биылдың өзінде дағдарысқа қарсы жоспардан шығуға және стратегиялық даму міндеттерін орындау үшін қазіргі проблемаларды шешуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты, Президент негізгі үш міндетке тоқталды. Біріншісі – агроөнеркәсіп кешені. Мемлекет басшысы «Агробизнес-2020» бағдарламасының аясында жыл соңына дейін АӨК-ті дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.

Бағдарламаның басымдықтары болып нарыққа неғұрлым қажетті өнім түрлеріне назар аудара отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту және әртараптандыру, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау, ауыл шаруашылығы өндірушілер үшін бірінші кезекте ұзақ мерзімді қолжетімді несиелендіру, қызмет көрсету-дайындау кооперативтерін, бастапқы қайта өңдеудің, өнімді сақтау мен өткізудің инфрақұрылымын құру, сондай-ақ, суармалы жердің айналымын енгізу табылуы тиіс. Алдағы бес жыл ішінде кемінде 600 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға қатаң бақылау жүргізуі тиіс. Бұл жерлерді апатты жағдайдағы су қоймаларын жөндеу және жаңасын салу есебінен қажетті су көлемімен қамтамасыз ету керек, деді Н.Назарбаев.

Президент агроөнеркәсіп кешеніндегі субсидиялау жүйесін жетілдіру, тиімсіз субсидиялауды доғару және өнімділікті арттыруға назар аудару қажеттігін атап өтті. Елбасы ветеринарлық қауіпсіздік мәселелерін қозғай отырып, Үкіметке биыл АӨК-ті қолдауға қажетті қосымша 97 млрд теңге қаражат бөлуді тапсырды. Биыл Сібір жарасы бірнеше өңірде орын алып, адамдар да қайтыс болды. Біз ауруды емдеуге қаражатты көбейтудің орнына, оны түбегейлі жоюымыз қажет. Әкімдер ветеринарлық қауіпсіздікті сақтауға жеке жауапты болады. Бұл мәселелер 2014 жылдан бастап жергілікті биліктің құзыретіне жатады, деді Н.Назарбаев.

Екіншісі – экспорттық әлеуетті индустрияландырудың жаңа кезеңі есебінен әртараптандыру жайы. Президент барлық экономика мен экспорттың әртараптануы оның тұрақтылығының кепілі болатынын, нәтижесінде Үкімет пен әкімдер экспортты ынталандыру және дамытуға бағытталуы тиіс екенін айтты. Біз индустриялық бағдарламаның екінші бесжылдығына көштік. Таңдалатын жобалардың сапасын арттыру өте маңызды. Жаңа бесжылдықта шикізаттық емес экспорттық өнімге бағыт алу қажет екенін басып айтамын. Экспорттық әлеует, жоғары өнімділік, жаңашылдық таңдалатын жобалардың негізгі өлшемдері болуы тиіс. Үкіметке бұл бағдарламаны қолдауға қажетті қосымша 112 млрд теңге көлемінде қаражат бөлуді тапсырамын, деді Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, Н.Назарбаев экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыты Қытаймен «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасының аясындағы келісімді іске асыру болып табылатынын атап өтті.

Қазақстан мен Қытайдың 51 жобасынан тұратын тізім құрылды. Бұл жобалар осы кезеңде айрықша өзекті болып саналатын қосымша құн мен жаңа жұмыс орындары түріндегі жақсы экономикалық әсер береді. Үкімет «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасының аясында белгіленген жобалардың уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етуі тиіс, деді Президент.

Үшіншісі – көлік инфрақұрылымын дамыту. Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы бүгінде көлік инфрақұрылымын дамыту мен экономиканы қолдаудың басты құралы болып отырғанына назар аударды. Көлік әлеуетін дамыту мен өңірлік көлік-логистика хабын құру жөнінде міндеттер тұр. Азия – Еуропа бағытындағы контейнерлік көлік тасымалының көлемі қарқынды өсуде. Биылғы жеті айдың ішінде ғана ол былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 2,5 есеге артты. Бұл жұмысты биыл жалғастырып, жыл соңына дейін «Алматы – Шу» теміржолы желісінің алғашқы іске қосылатын кешенін, Құрық портындағы паром кешенін іске қосуды, 920 шақырымдық автомобиль жолының құрылысы мен қайта құруды аяқтау қажет, деді Н.Назарбаев. Президент көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі басталған жобалардың іске асырылуын жеделдетуге биыл қосымша 74 млрд теңге бөлуді тапсырды.

МАКРОЭКОНОМИКАЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚҚА ҚАДАМ

Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке алдағы уақытта бірінші кезекте іске асырылуға тиіс бірқатар міндеттер қойды. Мәселен, Н.Назарбаев Ұлттық қордан алынатын трансферттерді қатаң регламенттеуді тапсырды. Тағы бір мәселе – бюджетаралық қатынастар. Соңғы 10 жылда республикалық бюджеттен мақсатты трансферттер есебінен қаржыландыру көлемі едәуір артып, қаржыландырылатын салалар да айтарлықтай көбейді. Оның мөлшері 2016 жылы жергілікті бюджеттерден түсетін қаражаттың 36 пайызына жетті. Жергілікті маңызы бар жобаларды республикалық бюджет есебінен қаржыландыруды тоқтату қажет. Бұл мәселені әкімдіктер өздері дербес шешуге тиіс. Үкіметке бюджетаралық қатынастарды жетілдіру жөнінде келісілген ұсыныстар әзірлеп, енгізуді тапсырамын, деді Президент.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы 2016 және 2017 жылдары инфляция деңгейін 6-8 пайызға дейін төмендету макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажетті маңызды шарт екенін атап өтті. Еркін айырбас бағамына көшу арқылы біз өнім өндірушілеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қол жеткіздік. Өңдеу өнеркәсіптеріндегі өсім қарқыны қалпына келе бастады. Бірақ теңге бағамына түзету енгізу инфляциялық үдерістердің белең алуына әкеліп соқтырды. Бізге инфляция деңгейін биылғы жылдың соңына дейін бір таңбалы санға дейін төмендетуге қол жеткізу маңызды. Халықтың әлеуметтік бақуаттылығы үшін бұл аса қажет. Сондықтан, биыл бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мен тиісті шаралар қабылдап, табиғи монополиялар қызметінің тарифтерінің өсуіне жол бермеуді тапсырамын, деді Н.Назарбаев.

Президент валюта нарығындағы ахуалдың тұрақталуы қазірдің өзінде оң нәтиже бере бастағанын айтты. Долларсыздандыру үдерісі басталды. Теңгемен салынған депозиттер өсіп келеді, бұл банк қорын толықтырудың теңгелік базасын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Теңгемен салынған депозиттер үлесі 2016 жылдың басындағы 31 па­йыздан 1 тамызда 41 пайызға дейін артты. Соған орай несие беру мөлшері қай­та­дан көбейе түсуде. Биылғы жеті айда шағын бизнеске берілген несие порт­фелі 2,1 трлн теңгеден 2,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды, өсім 740 млрд теңге немесе 36 пайыз болды. Дегенмен, қарқын­ды экономикалық даму үшін бұл жеткі­ліксіз, деді Мемлекет басшысы. Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк­ке Үкіметпен бірге ұзақ мерзімді несие­лік белсенділікті қалпына келтірудің қосым­ша шараларын қабылдауды тапсырды.

Президент экономикаға инвестиция тартудың елеулі жолының бірі халық­аралық қаржы ұйымдарынан қаражат алу екенін айтты. Халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жөніндегі бағдарлама 2014 жылы мақұлданған болатын. Сол себепті, осы бағдарлама бойын­ша халықаралық қаржы ұйымдары, оның қатарында Дүниежүзілік банк, Еуро­па Қайта құру және даму банкі, Азия Даму банкі, Ислам Даму банкі 5 жылда Қазақстанға 7 млрд доллар бөлуді жоспар­лап отыр. Үкімет пен әкімдер осы бағ­дар­ламаның аясын кеңейту және экономикаға қосымша қаражат тарту мүмкіндігін қарастыруы қажет, деді Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, Н.Назарбаев тұрғын үй мәселесіне арнайы тоқталды.

Тұрғын үй құрылысын дамытуға біз зор көңіл бөліп отырмыз. Былтырдың өзінде республикада 9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – еліміз үшін рекордтық көрсеткіш. Тұрғын үй құрылысының көлемі 2016 жыл қорытындысында 10 млн шаршы метрден асады деп болжануда. Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін орындау үшін 2005 жылдан бері тиісті мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Дегенмен, көпшіліктің тұрғын үйге мұқтаждығы әлі де айтарлықтай жоғары. Жұртты тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін орындау ісі кешенді жаңа шараларды талап етеді, деді Президент.

Осы орайда, Мемлекет басшысы Үкіметке бірыңғай «Нұрлы жер» тұр­ғын үй құрылысы бағдарламасын әзір­леуді, оған қазіргі қолданыстағы бағдар­ламалардың барлық мәселесін кіріктіруді тап­сырды. Жаңа бағдарламада мына мәселелерді ескеру керек. Тұрғын үй құрылысын тікелей қаржыландырғаннан гөрі, жекеменшік құрылысшыларды ынта­ландыру ісіне баса ден қойған жөн. Олардың тұрғын үй салу кезіндегі шығын­дарын азайтып, мемлекет өз рес­урстарын инженерлік және әлеумет­тік инфрақұрылымдар әзірлеуге жұмыл­дыруы керек. Бұл бюджеттен қаржы­ландырудың үлесін азайтып, жеке инвестицияны көбірек тартуға мүмкіндік тудырады. Сондай-ақ, төлем қабілеті бар тұрғындар тарапынан сұранысты жандандыру керек. Коммерциялық банктердің ипотекалық несие беруін жандандырып, пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қоса өзге де арзандату бағытындағы шараларды ойластыру қажет, деді Н.Назарбаев.

Президент бағдарламаның тағы бір компоненті тұрғын үй құрылысы жина­ғы жүйесі арқылы несиелік тұрғын үй құры­лысын жалғастыру болуы тиістігін атап өтті. Бұл ретте несиелік тұрғын үй құрылысын бюджеттен тыс қаржыландыру жүйесіне көшіру керек, ал бюджеттен займдық ресурстар құнын төмендету үшін субсидиялау түрінде ғана қолдау көрсеткен жөн. Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту қажет. Бұл міндеттің орындалуы мемлекеттің бөлінетін жерлерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мүмкіндігімен тікелей байланысты. Сондықтан Үкімет мұндай инфрақұрылым қалыптастыруға жұмсалған қаражаттың қайтарылу тетігін ойластыруы тиіс. Бұл оны қайтарымды негізде ұдайы қайтадан пайдалануға мүмкіндік береді, деді Мемлекет басшысы.

Н.Назарбаев әкімдерге Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге қолда бар жер қорына талдау жүргізіп, бас жоспарларды тиісінше өзгерту жөнінде ұсыныс беру міндетін қойды. Әкімдерге мемлекет мұқтажы, соның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер сатып алуға қосымша құқық беру керек. Көлікке қатысты шешімдерді, қандай әлеуметтік инфрақұрылым қажеттігін алдын ала ойластыру қажет. Бұл бағдарламаның елеулі әлеуметтік әсері болатынына сенімдімін. Жаңа жұмыс орындарына қоса, миллиондаған қазақстандық тұрмыс жағдайларын айтарлықтай жақсарта алады. Жаңа бағдарламаның маңызды әлеуметтік мәнін ескере отырып, Үкіметке «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, оны халықпен, жұртшылықпен және бизнес өкілдерімен бірге егжей-тегжейлі талқылауды тапсырамын, деді Елбасы.

Мемлекет басшысы сөзінің қорытындысында айтылған міндеттерді орындау үшін Үкіметке биылғы республикалық бюджетті нақтылау жұмысын жүргізуді тапсырды. Басымдығы бар жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыруға қосымша 380 млрд теңге, оның 280 млрд теңгесін мен бүгін айтқан шараларды іске асыруға, ал 100 млрд теңгесін қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, Астанадағы білім беру және инфрақұрылым нысандары құрылысына бағытталған және өзге де шығыстарға бөлу қажет. Ұлттық қордың қаражатын сақтап, одан әрі жинақтау мақсатымен 2016 жылы кепілдендірілген трансферт көлемін 400 млрд теңгеге қысқартуды, сондай-ақ, мақсатты трансфертті 50 млрд теңгеге азайтуды тапсырамын. Үкімет менің тапсырмаларымды жүзеге асыру үшін 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында алдағы үшжылдық кезеңнің шығыстарын қарастыруы қажет, деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Динара БІТІКОВА,

Жолдыбай БАЗАР,

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.

Дереккөз: egemen.kz

0
Рейтинг: +0

Дайындаған: Taлғат Кіршібаев
Фото: altyn-orda.kz
Қосылған күні: 13 қыркүйек 2016, 19:32

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.