ТӘУЕЛСІЗДІК-25: Ғарышты игерген ел

Ғарыш - алаштың да аяулы арманы еді...

Әдетте ондай ойдың еліміздің төрінде «Байқоңыр» ғарыш айлағының жайғасуынан тумағаны анық. Керек десеңіз, былайғы жұрт сондайлық «жабық та құпия» әскери шаһардың ел аумағының қай бұрышында орналасқанын да білмеді, хабарсыз тек жүрді. Бірақ біртұтас Кеңес Одағының барлық түкпірінде ұлттық, Отандық патриотизм сезімінің шырқау шегі - ғарышкер деген атаудың төңірегінде байланып тұратындай бір сиқырлы шындығы бар-тын. Кеңес елінің кез келген кішкентай бүлдіршініне «Өскенде кім боласың?» деп жай ғана сауал қойсаң, міндетті түрде «ғарышкер!» деп саңқ еткен жігерлі дауысын естір едіңіз. Кеңес Одағында - Гагарин, ғарышкер, құрмет - үшеуі бір ұғымға айналды!, - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында.

Тым алысқа бармай-ақ қояйық, көрші өзбек елінде илеген жұқа теріден тартып тігілген жеті даңғыраға бір мезетте жан бітіріп, он саусағымен «тырсылдатып» ойнайтын Қаһарман Дадаев есімді өнерпазды ел-жұрты «Біздің бүгінгі күнгі батырымыз, біздің теңдессіз ғарыш­керіміз!» деп ма­сат­танатын. Неге дей­сіз бе? Өйткені, ға­рышкерден асқан құр­метті атақ КСРО елдерінде болған жоқ! Ғарыш көгінде самғау, шексіз­дік әлемімен қауы­шу дүние жүзі елдері­нің әрқайсысы­ның-ақ асыл арманы санала­тын. Солар­дың қатарында ежелден өр туған қазақ та ғарышқа құлшына қол созды. Армандады... Ел Тәуелсіздігінің қарсаң­ын­да сол арманына жетті де. 1991 жыл­дың 2 қазанында тұңғыш қазақ ғарышқа ұшты! Айта салғанға ғана сондай жеңіл сөз. Ғарышқа ұшу жеңіл болып па еді?! Жеңіл болса, Юрий Гагариннің өзі неге 2500 әскери үздік ұшқыштың ара­сынан іріктеліп, таңдалып алынды?

Жарайды, елге оралайық, сонымен... қазақтардың ғарышқа «алғашқы ша­б­уылы» қай кезде, қалай басталып еді өзі, еске түсіріп көрейік?!

Қазақтардың ғарышқа «алғашқы шабуылы»

1991 жылғы 3 сәуір күні Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзат баласының тұң­ғыш өкілі Юрий Гагариннің «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарышқа аттануының 30 жылдығы мерейтойына орай сол кездегі Кеңес Одағының бас газеті «Правдаға» үлкен мақаласы жарияланды. «Кезінде кеңінен қолданылсын деп, «елсіз-күнсіз жер» деген тіркес енгізілді. Өз басым оны ұнатпай, ытырынып қаламын. Кейде, тіпті, осы сөзді орынды-орынсыз қолданған кісілер Табиғат анасын тарс ұмытып кететіндей көрінеді, - деген Қазақ елінің басшысы өз ойын әрі қарай былай жалғайды.

- Елсіз-күнсіз деген жер жоқ. Тіпті, уақытша мекен еткен полюстер мен тау шыңдарын елсіз-күнсіз десе, альпинистер мен қыстап қалушылардың да көңіліне келуі кәдік. Ал біздің далалы өлкенің тұрғындары жайында, тіпті, сөз басқа. Бізде әрбір қырқа, әрбір бұйрат құм, әрбір сүрлеу ата-бабаларымыздың атымен айшықталған емес пе. Осынау жерде бұрынғымыз бен бүгініміз тоқайласып, осы арадан халық зердесінің қайнары бастау көзін алады. Бұл жерде қандай заңғар қорғанмен қоршасаң да, адам зердесіндегіні жоя алмайсың.

Демек, бәріміздің, күллі қазақ­стан­дықтардың тың көтеру, «Байқоңыр» космодромы немесе Семей түбіндегі поли­гон құрылысы елсіз-күнсіз жерде жүзе­ге асты деген мәлімдемені аң-таң болып қарсы алғанымыз әсте тегін емес. Мұн­дай бағдардың жерді мейлінше билеп-төс­теп қалғандар үшін оңтайлы екенін түсінемін. Әйткенмен, мұны халық аң­­ғармайды, табиғат көрмейді деген­дей сыңай таныту бізге жараса қояр ма екен?!».

Қазақ Президенті Ұлы Даланың өз иесі барын, өз киесі болатынын осылай мең­зейді. Бос жатқан дала жоқ. Тіпті, Пре­зидент сол жолы... қазақтың ғарышқа өткен ғасырлардың өзінде-ақ көз тігіп, көңіл терезесінен өткізіп қойғанын «Прав­даның» бетінде ұлы бабамыз Әбуна­сыр әл-Фарабидің төгілген жыр шума­ғы арқылы былай дәлелдеп те берді:

Қандай қиын күресте өткен күндерің,

Тағдырыңның айлағы боп тұр жерің.

Туған үйің ғарыш қана шынайы,

Ол - сенімен,

Сен - онымен мәңгіліксің ұдайы.

Арада онша да көп уақыт өткен жоқ, КСРО Машина жасау министрлігі мен тікелей ғарыш зерттеу саласының бір топ кіл мамандары Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматыға әдейі атбасын бұрып келді. Екі қазақ жігітінің ғарыш сапарына дайындалып жатқаны туралы жағымды хабар сол тұста жарияланды. Қазақ халқы құлағын түріп, елеңдесіп қалысты. Кеңес Одағының Батыры, еңбегі сіңген сынақшы-ұшқыш Тоқтар Оң­ғарбайұлы Әу­бәкіров пен азаматттық авиацияның ас­қан шебер ұшқышы Тал­ғат Аманкелдіұлы Мұса­баевтың есімі ха­лыққа сол жолы алғаш рет белгілі болды. Президент «Егер атақ-даңқ үшін қазақ азаматын ғарыш­қа екі-үш сағатқа ұшыру керек болса, ол бізге қиындық туғызбас еді. Бірақ, біз болашағымызды ғарышпен тікелей бай­ланыстырып отырған елміз» деп маңыз­ды мәлімдеме жасады.

Бүгінгі тарих шындығын осынау оқи­ғалар аясында сараптар болсақ, Қазақ­станның шексіз кеңістікке ұлы жорығы, қазақтардың ғарышқа «алғашқы шабуылы» дәл осы кезден бастау алғанын есте сақтауға тиісті екенбіз. Қазақстанның озық ойлы ғалымдары Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сол мәлімдемесін күтіп тұрғандай-ақ екен, тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров ұшатын 1991 жылдың 2 қазанына дейін ғылыми үш бағытты мейлінше терең қамтитын ғарыштық бағдарлама жасап, оны болашақ ғарышкермен ғылыми оты­рыстарда талқылап та, мұқият тиянақ­тап та үлгерді... Неткен әбжілдік еді, десеңізші!

Тұңғыш қазақ ғарышкері суы тар­тылып, тұзды бораны үдеп тұрған Арал теңізінің аумағын сегіз күн бойы ғарыштан суретке түсірді. Сурет болғанда қандай! Мәскеу ол тұста «Наны көп - Қазақстанға» ел аумағынан түсірілген көлемі 18х18см болатын ғарыштық бір суреттің бір данасын мемлекеттік бағамен 30 мың сомға сатқан! (Ол кездегі кеңестің 97 тиыны 1 АҚШ доллары екен.) Спектрлі толқынды сәулелер ағы­нымен түсірілген ол суреттердің ғылым үшін теңдессіз құндылығы күні бүгінге дейін күшін жоймағаны анық. Мұн­дай ғарыштан түсірілген суреттер компью­терге жүктелген сәтте жердің топыра­ғының дымқыл немесе құрғақ екендігінен бастап, жерасты суының тазалығын, мұнай, газ қорының, түсті металдардың көлемін анықтайтын «көріпкел» қасиеттері барынан бүгінде жұртшылықтың жақсы хабардар екені де жаңалық болмай қалды.

Қазақстанның молекулярлық биоло­гия мен биохимия институты ауыл шаруашылығының ең үздік мамандары­мен кеңесе отырып, келісіп жасаған ғарыштық тұңғыш қомақты жобасы да күні бүгінге дейін халық үшін ғылыми жемісін беріп келеді. Салмақсыздық жағдайында ғарышкердің қол күшімен белгілі кестеге сай шайқалған суспензия Қазақстанның ауыл шаруашылығына «Тоқтар», «Орбита», «Қоғалы» деп аталатын айрықша дәмді картоп түрлерін алып келді. Қазақстанның таулы аймақ­тарында күні бүгіндері гектарына кемі 30 тоннадан түсім беріп жүрген суыққа да, ыстыққа да төзімділігімен танымал болған бұл картоп сорттарының ғарышта жасалған қазақстандық алғашқы тәжіри­беде Тоқтар Әубәкіровтің қолымен будан­дастырылғанын көпшілігіміз біле де бер­мейміз. Қазақстан Республикасы патент иесі ретінде осы күнге дейін бес жүз тоннадан астам осындай картоп­тың тұқымдық сұрпын алыс-жақын шетел­дер­ге лайықты бағасына сай сатып үлгерді.

Ғарыштық тәжірибе жасауға бейім қазақ ғалымдарының кейінгі тәжіри­белерін Талғат Мұсабаев ұзақ мерзімді ғарышта өткізген үш сапарында (1994, 1998, 2001 жылдар) ойдағыдай жүзеге асыр­ды. Зерттеуші-ғарышкер кәдімгі бидай дәнінің клеткасына осы тектес әрі тұқымдас дақылдың ДНК-сын салып, генетикалық трансплантация жасады. Салмақсыздық жағдайында «буыны» босаған бөгде дақылға осылайша экспансиялық әрекет ету арқылы бірегей тәжірибе жасалынды.

Бір сөзбен айтқанда, ел Президенті­нің бастамасымен 1991 жылдың 13 нау­рызында негізі қаланған «Қазақстан-Ға­рыш» бағдарламасы ғарыш кеңіс­тігіндегі кешенді зерттеулерге осылайша кең жол ашты. Содан келіп ғарыш зерттеу саласына біржолата мойын бұрған Қазақстан Республикасы 2007 жылы елімізде Ұлттық ғарыш агенттігін құрды.

2006 жыл. Қазақстан ғарыштық мемлекет. «KazSat» - сәтсіздік

Қазақстан мен Ресей арасындағы жоғары дәрежелі мемлекеттік қарым-қа­тынас ғарыштық байланыстар негі­зінде жыл сайын өркендеп, құлаш жайып дами бастады. Ресейдің ғарыш агент­тігінің кәсіби іс-қимыл қызметін, тіпті, «Қазғарыштың» араласуынсыз көз ал­ды­мызға елестету мүмкін де емес секілді еді.

2004 жылдың қаңтары. Көрші жатқан екі ел арасында қазақстандық тұңғыш геостационарлық ғарыш аппаратын дайындап ұшыру туралы мемлекеттік маңызы бар келісімшартқа қол қойылды. Үлкен жобадағы аталмыш Жер серігі 12 транспортерден тұрады десек, оның 8-і интернет пен телефонияға, үкімет­тік және басқа да байланыстарға бағыт­тала жоспарланып, 4 транспортер телевизиялық жобаға қызмет ететін болды. Жер серігін жасауға Ресей Федерациясынан тыс 15 шетелдік фирма мүшелері қоян-қолтық араласып атсалысты. Олардың қатарында әлемдік борттық телекоммуникациялық жаб­дық­тар шығаратын Boeing, Alcatel Alenia Spazio Italia, ComDev компаниялары да бар. «Протон-К» зымыран тасы­мал­дағышымен жоспарланған алғашқы Жер серігі 2005 жылдың желтоқсанында орбитаға шығатын болып бекітілгенмен, қосымша тексерулердің қажеттілігіне байланысты әуелгі ұшу кейінге шегерілді.

Тәуелсіз Қазақстанның ғарыш сала­сына қатысты тарихының жаңа парағы 2006 жылдың 18 маусымы күні ашылды.

Осы күні «Байқоңыр» ғарыш айла­ғынан қазақстандық тұңғыш «KazSat» Жер серігі ұшырылды. Аса маңызды тари­хи салтанатқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Пре­зиденті Владимир Путин қатысты.

Қараша айында «KazSat» жер бе­тіне жиілетіп телехабарлар таратып, жедел интернет-коммуникациялық қыз­мет үлгілерін көрсете бастады. 2007 жыл­дың аяғында да қазақстандық Жер серігіне жоспарланған жұмыстың 70 пайы­зы жүктеліп, ақаусыз әрі қалыпты жұмыс істеп тұрды. Алайда, соған қара­мастан, келер жылдың басында, аны­ғырақ айтқанда, 2008 жылдың 10 қаң­тарында «KazSat» аппараты алғаш рет «жүрісінен жаңылып», комму­никациялық байланысында іркіліс пайда бола бастады. Сол кезде Қазақстан опера­торлары Жер серігімен он сағат бойы бай­ланысқа шыға алмай әжептәуір әуреге түсті де қалды. Қазақтың өзі-өз болғалы тұңғыш деп жария еткен Жер серігі ға­рыштағы қызметімен аяқ астынан осылайша қош айтысты.

Үкіметтік дәрежеде құрылған ар­найы комиссия қазақстандық күллі ел­дің назарын өзіне аударып үлгерген Жер серігінің бойындағы бар техни­калық кінәратын зерттеп қана қоймай, халықаралық сақтандыру компания­ларынан өтемақы қайтарып алу жайын табанды түрде талап ете бастады. Германия, Франция, Англия, Америка Құ­рама Штаттары және Жапония секілді ірі мемлекеттердің атын жамылған барлығы 23 сақтандыру компаниясы комис­сия назарына ілінгенімен, бастап­қыда сөзбұйдалыққа бой алдырды. Ұзаққа созылған дәлелдеулер мен ақи­қат­тар айқасының ақырында Лондонда өткен ақтық мәжілісте, яғни, 2011 жыл­дың тамызында, тиын санаған сақтан­ды­рушылардан Қазақстан жағы 40 миллион АҚШ долларының үстінде Жер серігінің шығыны үшін өтемақысын қайтарып алды да.

Көп кешікпей Қазақстандағы ғарыш саласын игерудің негізін қалаушылардың бірі - Халық Қаһарманы, Ресей Батыры, ғарышкер-ұшқыш, авиация генерал-лейтенанты, Ұлттық ғарыш агенттігінің төра­ғасы Талғат Аманкелдіұлы Мұса­баев алғашқы Жер серігіміздің қысқа өмірі туралы өзінің пікірін кәсіби тұр­ғыда ашық білдірді. Сөзді бұлталақ­тат­пас­тан бірден Жер серігінің ғарышта­ғы қызметінің мерзімінен бұрын аяқта­луына Қазақстан Республикасы Ұлттық инновациялық қоры мен Ресей Федера­циясының Хруничев атындағы мемле­кеттік ғарыштық ғылыми-өндіріс­тік ор­талығының тәжірибесіздігі айтар­лықтай елеулі түрде әсер еткенін жариялады.

Алайда, Қазақстан мемлекеті алғаш­қы Жер серігінің сәтсіздіктері үшін сақ­тандыру қаражатын қайтарып алардың аз ғана алдында кезекті «KazSat-2» ғарыш­тық жобасын әзірлеп қойған да екен. Тіпті, «шешінген судан тайын­бас», сол тұста Қазақстан Ұлттық ғарыш агент­тігінің «KazSat-3» жобалаушы­ларына ха­лықаралық байқау жариялағаны туралы да жан-жаққа хабарланып үлгерілді.

2011 жылдың 16 шілдесінде «Бай­қоңыр» ғарыш айлағынан рет саны бойынша екінші кезекпен қазақстандық «KazSat-2» Жер серігі аппараты ғарышқа ұшырылды.

Араға үш жыл салып, яғни, 2014 жылдың 28 сәуірі күні «Байқоңыр» космодромының №81 алаңынан «Про­тон-М» зымыран тасығышына тиелген «KazSat-3» Жер серігі аппараты орбитаға шығарылды. Атап өтер бір жайт - қазақстандық ғарыштық бұл аппарат 176 миллион долларға сақтандырылғаны көп кешікпей баршаға аян болды.

Бүгінгі таңда әлемдік әйгілі ғарыштық 25 елдің қатарынан ойып тұрып өз орнын тапқан Қазақстан Республикасы өз Жер серіктерінің қызметін де, қызығын да көріп отыр деп толық айта аламыз.

Сандық және Жер серіктік теледи­дардың «Қазтелерадио» АҚ ұлттық опера­торы үстіміздегі жылдың науры­зынан бері қарай OTAU TV жерсеріктік теледидарының абоненттері отандық «KazSat-3» Жер серігі аппаратының қызметін хал-қадерінше пайдаланып келеді. Көрермендер осы күзден бас­тап қо­сымша SD, сондай-ақ, HD арна­лары­ның ерекше мүмкіндіктерін иелене алады.

Ғарыш кеңістігінде Жер шарын айналып ұшып жүрген Жер серіктерін Астана маңындағы «Ақкөл» респуб­ликалық ғарыштық байланыс орталығы бақылап отыр. Ол ол ма, отандық ғылыми жинақтау кешені Қазақстан ғарыш аппараттары мен Жер серіктерін жасау мен оны пайдалану ісінде де бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді.

Қазақтар космосты бағындырғандар қатарында

Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, еңбегі сіңген сынақшы-ұшқыш, техника ғылымдарының докторы Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров бүгінгі Қазақстан, бүгінгі ғарыш жайындағы әңгімесін былай түйіндейді:

- Ғарыш - ол, ғылымдағы ең жаңа, ең жетістікті технология саналады. Біз қазір осындай әлемдік ең үздік технологиялық жетістіктерден қол үзіп қалсақ, ертең Ұлы Абай айтқандай, «қолымызды мезгілінен кеш сермейміз», опық жейміз. Одан соң өмірбақи оның артынан қусақ та жете алмасымыз анық. Мұндай ғылыми озық технология өмір заңдылықтарына сәйкес күн сайын құбылып, ай сайын өзгеріп тұрады. Менің өз басым осы саланың өкілі болғандықтан да «Байқоңырды», ғарышты игеріп жатқан біздің Ұлттық ғарыш агенттігі дер кезінде құрылды, нағыз отау тікті-ау деп ойлаймын. Қазір бұрынғы кездерге қарағанда қара­жат та жеткілікті. Республикамыз бақуат. Ауқымды жұмыстар да рет-реті­мен атқарылуда. «Болашақ» бағдар­ла­масымен алыс шетелдерде оқып, білі­мін көтеріп елге оралып келіп жатқан жастарымыз да, құдайға шүкір, бар­шылық. Қазақстанның ғарыш саласын ғылыми тұрғыдан ілгерілетуге мүдделі ғой деп ойлаймын, ол жастар. Менің соған жаным сүйсінеді.

Айтса айтқандай, Қазақстан ғарышты зерттеу және ғарышты игеру саласының болашағы жас мамандардың, өскелең кадрлардың қолында. Мемлекетіміз тек қана шетелде оқу үшін ғана жастары­мызға жыл сайын ең кемі 200 грант бөледі екен. Немесе 70 грант Ресей Фе­дерациясының жоғары оқу орындарына бөлінеді. Олардың барлығы дерлік ғарыш аппараттарының өндірісі мен оған жерден қызмет көрсетуден тәлімді дәріс алады. Қазірдің өзінде-ақ жастары­мыздың бойында ғарышты игеруге деген ерекше құлшыныс, алабөтен талпыныс байқалады, дейді мамандар. Айтпақшы, осы арада республика бо­й­ынша 18 мектепте ғарышпен тіке­лей байланыстағы ілім - физика-ғарыш­тық пәнінен дәріс беретін он-сан сынып­тардың барын да еске салып қойғанының артықтығы жоқ шығар.

Ресей мен Ұлыбританияда, Фран­ция­да оқып Отанына оралған жастар легі ғылыми озық салада өзіндік қолтаң­баларын көрсетіп қана қоймай, жаңа­шылдық жасаудан еш жасқанбайды. Олар салыстырмалы түрде айтқанда ғарыш аппаратын жобалау мен пайдалануға дейінгі өндірістік үрдістерде шетелдік әріптестерінен қалысар да емес.

Қазақстан ғарыш саласының бүгінгі ахуалы, тыныс-тіршілігі, бір сөзбен айтқанда осындай. Қазақстанның бүгінгі ғарыш қадамы осындай!

«Қазақстан Ғарыш сапары» Ұлттық компаниясы АҚ Астанада Ұлттық ғарыш орталығын салды. Күрделі кешеннің негізінде болашақта құрастыру-сынақ орталығы ғимараты тұрғызылмақ. Ол жерде міндетті түрде шетелдегі секілді жаңадан ғарыштық Жер серіктері мен аппараттары жиналып, жасалары хақ. Осының бәрінен хабардар бола тұрып, күні ертең қазақтың «Бәйтерек» ауыр сыныптағы зымыран кешені, авиациялық зымырандық «Есіл» ғарыш кешені, қашықтықтан зондтайтын Жер серіктері - Қазақстанның ғылымын тек қана өрге сүйреріне еш күмәнің қалмайды.

Өткен жылдың аяқталар тұсында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­станның 39 ғалымына Әбунасыр әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықты тапсырды. Олардың арасында даңқты ғарышкеріміз Талғат Мұсабаев та бар. Ғарышқа үш рет аттанып ғарыш кеңіс­тігінде бір жылға жуық, яғни 341 күн 9 сағат 48 минут 41 секунд ғылыми сапар шеккен қаһарманымыз соңғы жылдары ғарыш саласында атқарған таза ғылыми еңбегі үшін марапат алды. Талғат Аманкелдіұлы әріптестерімен бірлесіп Жер бетін ғарыштық жүйемен мониторингілеу желісін жасап шығарды. Бұл әдіс қазір отандық Жер серіктерінде ойдағыдай кәдеге асып, ойдағыдай қызмет етуде. Талғат Мұсабаевтың қамқорлығымен АҚШ азаматы Деннис Титоның халықаралық ғарыш кешенінде болып қайтуымен ғарыш саласындағы туризм дәуірінің басталғанын да көпшілігіміз білеміз. Талғат Мұсабаевтың ашық космоста болған уақыт мерзімінің ұзақтығына сәйкес Гиннестің рекордтар кітабына кіргені ше... Мұның бәрі де қазақ ғарышы тарихының жарқын беттерінен алынды!

Күні кеше ғана ғарышта болып қайт­қан тағы бір қаһарманымыз - Айдын Айым­бетов. Ол қазір Ұлттық ғарыш агент­тігінде кәсібіне сай лайықты қызметін абыроймен атқаруда. Айдын Айымбетов - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген 1991 жылғы «Қазақстан-Ғарыш» жобасының бүгінгі заңды жалғастырушысы. Қазақ­станның ғарыш саласын игеру ілімінің қатары осылайша нығайып, өркендеп, қуаттанып, өсіп келеді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егер атақ-даңқ үшін қазақ азаматын ғарышқа екі-үш сағатқа ұшыру керек болса, ол бізге қиындық туғызбас еді. Бірақ, біз бола­шағымызды ғарышпен тікелей байла­ныс­тырып отырған елміз» деп әуелгі кезде - тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров алыс сапарға аттанар сәтте терең толғаныспен жасаған мәлімдемесінің сыры да осында емес пе?!

* * *

Бүгінгі қазақ Мәскеудегідей «Жұл­дызды қалашық» салуды армандамайды дейсіз бе? Әрине, армандайды! Сондай айшықты қалада тұрғысы келеді, ғажап қой!

Мәскеуден 25 шақырым жердегі «Жұлдызды қалашықтың» тарихы 1961 жылдан бастау алған екен. 1990 жылы қатаң түрде қайтадан құпияландырған ғарышкерлер қаласы бүгінде, әйтеуір, туристерге есігін әупірімдеп ашты.

Даңқты қалада ғарышкерлер отба­сымен және осы саладағы еңбек ететін ғалымдар мен мамандар тұрады. Қаланың атына заты сай таза кәсіби бөлігінде Юрий Гагарин атындағы Ғарышкерлерді дай­ындайтын орталық жайласқан. Онда ресейліктерден басқа, халықаралық ғарышкерлер де дайындықтан, сынақтан өтеді.

Айтпақшы, сол «Жұлдызды қала­шықта» біздің қандасымыз, қазақтың 4-ші ғарышкері Мұхтар Аймахановтай аяу­лы азаматымыз тұрып жатыр. Ол ғарышкерімізді біз қалай ұмытайық?!

Мұхтар - ғарыш сапарына аттанудың кезегінде тұр. Ғарышкер үшін ең ауыры - күту! Мұхтар Аймаханов бүгінде сондай кәсіби сын сәтті басынан өткеруде. Ресей азаматтығын алған. Ресей мемлекетінің атынан, сәті келген күні ғарышқа атта­нады... Бәлкім, таяу күндері, кім біледі, біз тек тілекшіміз!

...Ғарышқа ұшу - қазақтың кешегі арманы еді.

Ал бүгінгі қазақ - ғарышты бағын­дырғандардың алдыңғы қатарында алшаңдай басып жүр...

Дереккөз: inform.kz