Біз Тәуелсіздік үшін не бердік?

Біз Тәуелсіздік үшін не бердік?
Фото: Нұрғиса Елеубеков

Қартайған Ертістің ағымына ілескен тарихтың толқыны бізді тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесіне де жеткізді. Жылдан жылға тарихтың ағымы әлемдегі құбылыстардың әсерімен ұдайа күшейіп келеді, тарихи үрдіс пен өзгерістердің қарқыны анық байқалады. Жаһанданудың әсерімен жанталасқа түскен еліміз үшін құны жетпес Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында еліміздің осы тәуелсіздік үшін өткен тарихи жолына, қазақ халқының жадындағы оның құндылығы мен маңызына ой өрбіту қажет.

Тәуелсіздік – қазақ халқы үшін қатардағы түсінік емес, бұл қазақ халқының тарихи болмысындағы аңсаған арманы. Тәуелсіздік – барша халқымыздың күрес пен еңбек, ілім-білім мен өнерінің шабытына қамшы басқан үміті. Бұған дәлел – азаттық үшін шаттанған ата-бабамыздың жолы.

Сонау сақ-ғұн заманында ата-бабаларымыз тәуелсіздік жолында алпауыт Парсы мен Хань империяларына қарсы тұрды. Ғұндардың қаһары мен қуатының күштілігі сонша – бүкіл Аспанасты елін біріктірген Цинь императоры Шихуан-ди оларға қарсы Ұлы қытай қорғанын салды.

Көшпелі ата-бабамыз өз өркениеті мен мәдениетінің болмысын сақтап қалып, өз мемлекеттілігін қалыптастырды. Мемлекеттілік – қазақ халқы үшін 1991 жылы алғаш туындаған жаңалық емес, осы жылы біз өзіміздің мемлекеттігімізді жаңғырттық, қайта тәуелсіз ел болдық. Қазақ мемлекеттілігінің тарихи тамыры тереңде жатыр. Ежелгі ғұн заманында Орда институты қалыптасып, көшпелі қоғамның спецификалық мемлекеттілігінің формасына айналды.

Көптеген Еуропаның халықтары әлі қалыптаспай жатқанда, біздің тікелей ата-бабаларымыз – түріктер 551 жылы тәуелсіздігі жолында көрші жатқан жужандардың бодандығынан құтылып, Қара теңіз бен Корей теңізіне дейін Еуразияның ұлан-ғайыр далаларын алып жатқан ұлы империяның негізін қалады. Түркі заманында ерекше көшпелі әлемнің мемлекеттілік нышанына айналған – қағанат жүйесі қалыптасып, көрші жатқан моңғол мен угор халықтарының мемлекеттілік институтының негізі болды. Бұған дәлел – Хазар, Авар қағанаттары. Ұлы жаулаушы Шыңғысханның өзі қаған атанған.

Көшпелі әлемнің екі алпауыты – түркі мен моңғол халықтарының тарихының сабақтастығы анық. Шыңғысхан мен оның ұрпақтары құрған империя тек моңғол халқы үшін туған орда болған емес, бұл империя – бүкіл көшпелі әлем үстемдігінің символы. Ата-бабаларымыз Шыңғыс ханның мұрасын, оның ұрпақтарын – төрелерді ерекше қадірлеп, өзіндей көрген. Қазақ халқы моңғол ұлыстарын, Алтын Орданы – бөтен, жаулаушы халықтың емес, өз мемлекеттілігі деп таныған. Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек пен Керейдің өздері Шыңғыстың ұрпақтары еді.

Қазақ хандығының дәуірі – қазақтың ұлттық егемендігі мен тәуелсіздігінің шарықтаған шыңы. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» – тайға таңба басқандай қазақ мемлекеттігінің нышандары, қазақ тәуелсіздігінің айқын айғағы. Жәнібек пен Керей, Қасым мен Хақназар, Тәуекел мен Есім хандардың жетекшілігімен халқымыз 300 жылдық тәуелсіз хандық дәуірінде өмір сүрді. Осы дәуірді халқымыз «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» бейбітшілік пен азаттық дәуірі деп еске түсіреді. Алайда, халқымыздың бейбіт өмірі тәуелсіздік үшін күреске түскен сындармен қатар жүрді. Тәуелсіздік жолында қазақ халқы қайталанбас ерліктің үлгілерін көрсетті. Мысалы, Ресей деректеріне сүйенсек, 1643 жылы 600 адамнан тұрған Жәңгір хан басқарған қазақ жасағы 50 мың жоңғар жасағына қарсы тұрған. Бұл атақты 300 спарталық жауынгерлердің ерлігіне тең қазақ тарихындағы үлгі.

ХVIII-ші ғасырдағы қазақ тарихы ел тағдыры үшін шешуші сәттерге толы, қайғылы да қасіретті кезең. Бұл қазақтың өз мемлекеттігі мен тәуелсіздігі үшін күресте жанталасқа түсіп, «найзаның ұшына, білектің күшіне» жүгінген қиын-қыстаулы тарих беттері. Тәуке ханның өлімінен соң басталған ішкі саяси бытыраңқылық қазақ халқының басына төнген сыртқы қауіппен қосталды. Жан-жақтан: солтүстік пен батыстан – Ресей мемлекетінің, оның қоластындағы башқұрт, қалмақтардың, шығыстан – жоңғарлардың, оңтүстіктен – Орта Азия хандықтарының саяси қысым жасады. Қалыптасқан саяси жағдай мен ішкі алауыздық қазақ халқының тарихында өшпестей із қалдырған – Ақтабан-шұбырынды қасіретіне әкелді.

Зар-заман шығармашылығындағы дәуір сипатын ашатын халық мұңының жолдарын келтіретін болсақ:

 

Бақ дегенім сорға айналды,

Тақ дегенім көрге айналды,

Көкірегіме шер байланды, толайым

Жер дегенім кебенек пе,

Ел дегенім ебелек пе,

Ер дегенім көбелек пе, ағайын

Атамекен - алып тозақ,

Мойыныңды қамыт қажап,

Мойыдың-ау, ғарып қазақ, аһ ұрып.

Найзағайлы намыс қайда,

Қайта бізбен табыспай ма,

Ата жаумен алыспай ма, ақырып – деген өлең жолдары заманның бүкіл келбетін, халықтың мұң-сырын ашады.

Дәл осы тарихи кезеңде қазақ халқына құрып кету қаупі төнді. Ел басына ауыр күн туды. Сол кездің өзінде халқының болашағы үшін бүкіл күш-жігерін салатын суырыла сөйлейтін шешендер, топты бастар көсемдер, ту ұстайтын батырлар, елді ерлікке шақыратын жыршылардың бастауымен тәуелсіздікті сақтап қалдық. Халқымыз тәуелсіздігі мен болашағы үшін Бұланты мен Аңырақай шайқастарында ұлы жеңістерге қол жеткізіп, құрып кетуден аман қалды.

Ресейдің отаршылдығы мен Кеңестік дәуірлерде халқымыз тәуелсіздік жолындағы 300 жылдық ұлы күресі мен қажырлы еңбегінің арқасында бүгінгі тәуелсіздікке қол жеткіздік. Тек кейінгі екі ғасырдың ішінде халқымыздың өз бостандығы жолында Ресей империясы мен басқа да отаршыларға қарсы екі жүзден астам ұлт-азаттық көтерілістерге шыққаны - халқымыздың тәуелсіздікке ұмтылысының айғағы. Тарихымыздағы Сырым мен Исатайдың, Кенесары мен Жаңқожаның ұлт-азаттық күрестері,

Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,

Қарағым, енді жату жарамас-ты,

деп халқының болашағы үшін жан азабына түскен кешегі Алаш зиялыларының күресі, Желтоқсанда қазақтың болашағын аңсаған қазақтың жастарының алаңға шығуы, – тәуелсіздік жолындағы күресіміздің айғағы. Тәуелсіздің тұғырының нығаюына Елбасымыздың – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үлесі аса зор. Президентіміздің басшылығымен бүгінгі күні егеменді еліміз бүкіл әлемге танымал, қарқынды дамып жатқан елге айналып, Мәңгілік Ел идеясы аясында халқымыз бірігуде.

Тәуелсіздік – ата-бабамыздан мирас болып қалған ұлы құндылықтарымызды: ділімізді, тілімізді, дінімізді жаңғыртуға мүмкіндік берген асыл қазына.

Тәуелсіздік – біз үшін көпті берді, ал біз тәуелсіздік үшін не бердік? Ойланайық, ағайын! Тәуелсіздік – бақта өскен гүл сияқты, әрбіреуіміздің нәр себуімізді талап етеді. Тәуелсіздіктің тірегін нығайту елдің әр азаматының қолында. Егемен мемлекетіміздің тамыры тереңдеп, тәуелсіз еліміздің шаңырағы берік болсын, ағайын!!!

Қайрат Батталов, тарих ғылымдарының кандидаты, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі.

Дереккөз:  abai.kz

T. Кіршібаев