ҚР Президенті Парламентке заңның сапасына қатысты ескерту жасады

Бүгін алтыншы сайланған ҚР Парламентінің екінші сессиясын ашу барысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттің алдағы жұмысына сенім білдіре отырып, заң сапасына қатысты ескерту жасады.

«Биылғы сессия қастерлі тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойлайтын кезеңге сай келіп отыр. Қазір әлемде аса күрделі кезеңдердің бірін бастан кешіп отырмыз. Шекара талғамайтын терроризм мен экстремизм дүниенің барлық қырын шарлап келеді. Мұның бәрі жаһандық әлемнің ажырамас бөлігі Қазақстанға да ықпалын тигізбей қоймайды. Соған қарамастан, біз заманның сындарлы барлық қатеріне жауап беру үшін зор қызметтер атқарып келе жатырмыз. Еліміз тәуелсіздік тарихының екінші ширегін тың қарқынмен бастайды деп сенемін», - деді сессияны ашқан Н. Назарбаев.

Бұл ретте Елбасы еліміздің «Қазақстан2050» стратегиясында көзделген мақсаттарға үздіксіз ұмтылатынын атап өтті. Сонымен қатар, Президент алда үлкен міндеттер мен ауқымды жұмыстар күтіп тұрғанын, бұл орайда Парламентке де зор жауапкершілік жүктелетінін айтты.

«Бес инстиутттық реформаның жүзеге асырылуы, Ұлт жоспарының анықтамалығы қарқынды түрде жалғасуы қажет. Былтырғы жаңа реформаларды жалғастырып, сөзбен емес іспен жұмыс істейтінімізді әлемге дәлелдеуге тиіспіз. Кәсіби Парламент өзіне жүктелген тарихи міндеттің абыроймен атқаратынына сенемін. Дегенмен, кезек күттірмейтін заңдар деп, былтырғыдай заңның сапасын жоғалтып алмайық. Осы естеріңізде болсын», - деді Н. Назарбаев.

Дереккөз: ҚазАқпарат