Бейбіт Атамқұлов бірінші сыныптың әр шәкіртіне ағаш егуді ұсынды

Бейбіт Атамқұлов бірінші сыныптың әр шәкіртіне ағаш егуді ұсынды

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі бірінші сыныпқа барған әр шәкірттің өз ағаш көшетін егуді ұсынды,деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Бейбіт Бәкірұлы Шымкент қаласында жаңа ашылған №54 жалпы орта мектебіндегі алғашқы қоңырауға қатысып, жаңа оқу жылында шәкірттерге сәттілік тіледі.

- Еңбектің ең үлкені - білім! Жаһандану процесі барысында біз білім сапасына ерекше көңіл бөлуіміз керек, - деді өңір басшысы. - Сонда ғана бәсекеге қабілетті ел боламыз. Биыл 73 мыңнан аса бірінші сынып оқушысы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда төрт мыңға жуық балаға артық. Мен облысымызда бірінші сыныпқа барған әрбір шәкірттің мектеп алаңына өз ағаш көшетін отырғызуды ұсынамын. Бұл жақсы дәстүрге айналса екен деймін. Әр оқушы өз ағашының көркейгенін көріп өссе, келешекте мейірімді, қоршаған ортаға жанашыр болады. Бұл да бала тәрбиелеудің бір амалы деп ойлаймын.

Айта кетейік, Абай ауданына қарасты Ынтымақ шағынауданы халқының күн санап өсуіне байланысты бой көтерген жаңа мектеп 900 балаға шақталған. Заман талабына сай жабдықталып, балалардың толыққанды білім алуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасайтын типтік оқу орны 3 қабатты.

Мектепте 29 оқу кабинеті, химия, физика, биология зертханалары, мультимедиялы-лингофонды, компьютер класы, кітапхана, мәжіліс және оқу залы бар.

Дереккөз: inform.kz  

T. Кіршібаев