Мәскеуде ҚР Тәуелсіздік күніне орай салтанатты қабылдау кеші өтті

Мәскеуде ҚР Тәуелсіздік күніне орай салтанатты қабылдау кеші өтті
Фото: Massaget.kz

Желтоқсанның 15-ші жұлдызы күні Мәскеуде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай салтанатты қабылдау кеші өтті, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің ұйымдастыруымен өткізілген дипломатиялық шараға Президент Әкімшілігі, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министірлігі мен Үкіметінің өкілдері, Мемлекеттік Думаны депутаттары және Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы, Мәскеудегі шетелдік дипломатиялық корпустың басшылық құрамы, халықаралық ұйымдар, ғылым және мәдениет қайраткерлері, Федеральді БАҚ басшылары, журналистер және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. 

Салтанатты кеште алғаш болып сөз алған Қазақстан Респуликасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Марат Тәжин осы сәттен бастап Тәуелсіздіктің 25-ші жылдығының алғашқы күндері басталғанын айта келе өткен күндерге шегініс жасады. 


«2015 жыл Қазақстан және екі мемлекеттің екіжақты қарым-қатынасы үшін маңызды жыл болды. Өтер жылы Президент сайлауы өткізіліп, нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев халық қолдауымен қайта сайланды. Ғасырлар қатпарында қалған тарихымызға тереңнен үңілуге мүмкіндік берген Қазақ Хандығының 550 жылдығы тойланды. Сонымен қатар, бірлесе Жеңістің 70 жылдығын да атап өттік. Мұның бәрі біздің «өткеніміз» бен «бүгінімізге» және қазіргі заманның дамуына деген көзқарастарымыздың бір арнада түйісетінін көрсетті». 

Марат Тәжиннің айтуынша, 2015 жылдағы Қазақстан және Ресей қарым-қатынасына көптеген қайшылықтар мен қиындықтарға қарамастан, жаңа замандағы екі тәуелсіз елдің өркениетті серіктестігінің үлгісі деп баға беруге болады. 

Өз кезегінде Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрінің орынбасары Василий Небензя қазақстандықтарды Тәуелсіздік Күнімен құттықтап, қазақ елінің қазіргі дамуына жоғары баға берді. 


Ресейлік дипломат еліміз жайлы толғанысын: «Қазақстан – әлемдік қауымдастықтың беделді мүшесі. Ол – экономикалық өрлеуі мен жоғары шаруашылық әлеуетінің арқасында халқына сапалы өмір сыйлап отырған мемлекет. Ресей мен Қазақстанды жүзжылдықтарға жалғасқан тарихы, берік достастығы мен бейбіт көршілестігі байланыстырады. Біздің достастығымыз стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастыққа негізделген. Өтер жылы оны нығайту үшін көптеген жұмыс жасалды», - деп түйді. 

Салтанатты қабылдаудың аясында еуразиялық интеграция және қазақстандық-ресейлік қарым-қатынастарды тереңдету тақырыбы бойынша журналистік жұмыстар байқауының лауреаттары марапатталды. Аталмыш байқауды осы жылы РФ-дағы ҚР Елшілігі және РФ Журналистер одағы жариялаған болатын. 

Байқау жеңімпаздары қатарында «Труд» газетінің бас редакторы Валерий Симонов, Қазақ радиосының бас директоры Махат Садық, жазушы және журналист Кирилл Привалов пен Бақытжан Қанапиянов, «Российская газета» шолушысы Юрий Снегирев және «Kazakh TV» телеарнасының «Single Market» бағдарламасы бар. 

«Лотте-Москва» қонақ үйінің фойесінде Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі және Қазақстанның тамаша табиғатына арналған фотоэкспозиция ұйымдастырылды. Қонақтар ұлттық тағамнан ауыз тиіп, қазақстандық скрипкашы Лана мен «Голос» байқауның лауреаты Диана Шарапованың өнеріне тәнті болды. 

Е. Жұмабайұлы