- Негізгі бет
- Маккала
- Тазының өзге иттен...
Тазының өзге иттен айырмашылығы – жүйріктігі мен жүректілігінде
"Асыл тазы" қауымдастығының басшысы Нұрғали Нұрышов Жұлдыз FM радиосының "Таңғы шоу" бағдарламасында қонақта болып, итбегілікті дамыту, таза қанды тазыны анықтау мен оны баптау туралы айтты.
Тазымен алғашқы таныстығы
Тазы баққаныма 4 жылы өтті. Итбегілікке келуіме досымның шақыртуы себеп болды. Досым фазендасына шақырған. Сол кезде тазысын көріп, қызығушылығым оянды. Кейіннен келе интернеттен тазы туралы көп ақпарат оқып, зерттей бастадым.
Қазір 8 тазы ұстаймын. Осы қараша айынан бастап аңға шығу маусымы басталады. Оған дайындық жазда басталады. Тазаны семіртіп, жілік майын толтырамыз. Сосын күз жақындағанда жаттықтырып, аңға салуға дайындаймыз. Сиырдың не қойдың қарнын беремін, онда витамин көп. Соны күрішке араластырып беремін. Сол арқылы тазы табиғи ет жинайды. Тазыны 3-4 айынан баптау керек. Алдымен түлкінің терісін беріп, жұлқытып ойнату керек. Сол кезде мойны сынып, аңға шыға алады. Кейін 7-8 айында аттың артына қойып, жүгіртіп, аңға салу керек. Алдымен қоянға, кейін қарсақ, түлкіге шабуылдайды. Маусым басталғанда аң аулау үшін Қазақстанды аралап кетеміз. Тек тазыны аңға салып қана қоймай, түрлі заманауи видеолар түсіреміз.
Ұлттық салт-дәстүрімізді заманауи нақышта жастарымызға көрсетіп, дәріптеуді мақсат еттім. Бізден кейінгі буынға аңшылықты, итбегілікті архив ретінде қалдырсам деймін.
Қазақ итті сатпаған
Қазақта итті сатуға болмайды деген ырым бар. Бірақ тарихты зерттей келе аңға шығатын және мал қарауылдайтын итті сатуға болатынын түсіндім. Аңшылық кезінде еліміздің түкпір-түкпірін аралағанда көп адаммен танысып, достасамыз. Сыйластық деген бар. Кейде итімнің күшіктерін сыйға беремін.
Жалпы, тазының бағасы әртүрлі келеді. Таза қанды тазылар бағасы қымбат. Кезінде бір тазыны үйір байталға айырбастаған. Бірақ мен тазыны белгілі бір бағамен сатпаймын. Сұрап келгендерге кішігірім қарғыбауын тастап кет деймін. Дегенмен сатып алушының тазы ұстайтындай жағдайы бар екеніне көз жеткізуім керек. Тазыны сатып алғандар ол өскенше маған оның жағдайы туралы айтып отырады.
Тазының екі түрі бар
Тазының екі түрі бар. Бірі – шашақ құлақ, екіншісі – жарғақ құлақ. Итбегілердің 90% шашақ құлақты тазыны ұстайды. Жалпы таза қанды тазының стандарты бар. Оның бойы қандай болу керек, кеудесі қандай, бәрі жазылған.
Қазақстанды аралап стандартқа сай тазыларды іздестіріп, оларды жинастырып жүрмін. Қазір селекциямен айналысып, мықтыларын ұстаймын. Итбегілікті тез арада дамытпасақ, бәсекелестеріміз бізді басып озады. Өйткені қазір Ресей мен Түркияда қазақтың тазысын селекциялап, Орта Азия тазысы деп патенттейін деп жатыр.
Қазақта тазыға адам есімін бермеген
Қазақта тазыға адам есімін бермеген. Тазының түріне қарап ат қоямын. Көзіне, түріне, мінезіне қарай ойланамын. Бірақ әркім әртүрлі ойлайды ғой. Макрегор деген тазы итті көрдім. Мүмкін мықты төбелескеннен шығар. Өз басым тазыға адам есімін емес, құстың атын беремін.
Тазының өзге иттерден айырмашылығы – жүйріктілігі мен жүректілігінде. Оған қоса іздеу қабілеті жақсы дамыған. Басқа иттерде осы үш қабілеттің біреуі ғана дамыған болуы мүмкін. Ал тазы – әмбебап ит.
Айта кетейік, "Асыл тазы" қауымдастығының ашылғанына 2 жыл болған. Негізінен тазылардың құжаттарын рәсімдеуге көмектеседі. Сондай-ақ қазақи тазыларды сақтап қалу мақсатында жарыстар өткізіп, иттерді асылдандырып, қазақи саятшылықты дамыту аясында қызмет етіп отыр.
"Асыл тазы" ұйымының мақсаты – қазақы стандартқа сай тазыларды Қазақстан бойынша жинап, оларды асылдандыру, ата-бабаларымыздың бізге мұра етіп қалдырған тазыларын таза күйінде, бөтен иттің қанын араластырмай көбейту. Ұйымда жалпы 25 шақты тазы мен 6 төбет бар. Нұрғали Қазақстан бойынша қаны таза тазыларды жинап, қарамағына алып, асылдандырып жатыр. Оның сөзінше, ұйым адамдардың тазыларға деген қызығушылығын кішкене де болсын ояту мақсатында көрмелерді жиі өткізіп тұрады.
Алихан Сариев
Биыл итбегілік өнерін ұлттық спорт қатарына қосу қолға алынды. ҚР мәдениет және спорт министрлігі қазақы тазы мен төбеттің тұқымын сақтап, олардың санын арттыруды көздеп отыр. "Тазы-төбет-бөрібасар" қоғамдық ұйымының ресми емес деректеріне сүйенсек, елімізде қазіргі таңда 40 мыңнан астам тазы мен төбет бар екен. Негізгі жұмыс осы құрылымды аккредитациялау мен алдағы уақытта спорт мектептерінде секциялар ашып, жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыру болып отыр.