Итбегілік – бабадан қалған асыл мұра

Итбегілік –  бабадан қалған асыл мұра
Фото: Yernar Almabek/Massaget.kz

ҚР мәдениет және спорт министрлігі қазақы тазы мен төбеттің тұқымын сақтап, олардың санын арттыру жайын нықтап қолға алмақ. Жыл соңына дейін кешенді жұмыс жүргізіліп, болашақта итбегілікті ұлттық спорт қатарына қосу жоспарланып отыр. "Тазы-төбет-бөрібасар" қоғамдық ұйымының ресми емес деректеріне сүйенсек, елімізде қазіргі таңда 40 мыңнан астам тазы мен төбет бар екен. Негізгі жұмыс осы құрылымды аккредитациялау мен алдағы уақытта спорт мектептерінде секциялар ашып, жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыру болып отыр. 

Осы орайда Massaget.kz итбегілік өнерін спорт түріне қосу жолында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын, оның қандай пайдасы бар екені жайлы мамандардың пікірін сұрады.

Мейрамбек Махамбетов, ҚР МСМ Ұлттық спорт түрлері және спортта мүмкіндігі шектеулі тұлғалармен жұмыс басқармасының басшысы:

"Ұлттық құндылықтардың не екенін білгенде шешім жасау қиын емес. Қазақ халқының ұлттық құндылықтарының бірі тазы және төбет. Мемлекеттік қолдау арқылы тазы және төбетті әлемге жан-жақты таныту керек. 

Итбегілік спорт түрі ретінде танылған жағдайда Дене шынықтыру және спорт саласының заңнамаларына сәйкес мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Яғни, спорт жарыстарының күнтізбесіне енгізіледі, барлық деңгейдегі жарыстар өткізіледі. Өңірлердегі спорт ұйымдарында итбегілік бөлімшелері ашылады, жаттықтырушылары штаттық қызметке ауысады, жаттықтырушылар мен төрешілер институты қалыптасып, біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылады.

Бүгінде еліміз бойынша 21 мемлекеттік спорт мекемелері ұлттық спорт түрлерін дамытып жатыр. Олардың ішінде, атбегілік және құсбегілік қарқынды дамып жатыр. Осы принциптерді ескере отырып, алдағы уақытта спорттық итбегіліктің тарихи бастамасына қол жеткіземіз.

Министрлік "Қансонар" ұйымы және "Тазы, төбет, бөрібасар" республикалық федерациясы өкілдерімен бірнеше кездесу ұйымдастырып, білікті мамандардан құралған жүмыс тобын құру туралы шешім қабылдады. Итбегіліктің басында жүрген азаматтар мен ұйымдардың басын қосып, мемлекет тарапынан қажет қолдауларды анықтап, нақты жұмыс жоспарын бекіту мақсаты бар".

Қанат Ахметов, итбегі:

"Қазақтың құмай тазысы жоғалу алдында тұрған құндылықтардың бірі. Тазы мен төбет – аңшыл иттердің ең асылы. Олар иіспен, ізбен қуа алады. Тазының өзіне ғана тән айла-тәсілі де көп.  Итбегілік спорт түрі ретінде танылса оны сақтап қалуға көп көмегі тиеді. Жас буын құмай тазымен бала кезінен танысса, өле-өлгенше бірге болады. Адамның айнымас серігіне айналады. 

Қазір итбегілікті мемлекет қаржыланбайтын ұйымдар дамытып отыр. Итбегілікті спорт түріне қосу жолында "Қансонар" ұйымының ашпаған есігі, қақпаған терезесі жоқ. Олар тазы иттерді іздестіріп, тіркеп, құжат беруде. Бүгінге дейін 500 құмай тазыға құжат жасалды. 

Бабадан қалған асыл мұраны сақтап қалу, оны жас буынға жеткізу үшін құмай тазыны қазақы ит екенін дәлелдеп, тіркеуіміз қажет. Одан кейін ұлттық спорт мектептерінде итбегілік бөлімін ашып, мемлекет қанатының астына алуы керек.

Бүгінде итбегіліктен түрлі жарыстар өтіп жатыр. Алайда оның деңгейі жоғары деп айтуға келмейді. Итбегілік өнерінің хал-жағдайы нашар. Қазақ атадан қалған мәдени дәстүрін ешқашан жоғалтпаған. Қазір де бар. Бірақ соның басын біріктіретін кез келді. Үкімет қолдауымен итбегілік өнерін қайта жандандыру қажет".

Рауан Оқас, спорт журналисі:

"Итбегілік қайта қарқын алып келе жатыр. Мемлекет қолдауымен ары қарай жандана түседі деп ойлаймын.  Тазысын түлкіге, қарсаққа, қоянға салып жүрген біраз итбегілерді танимын. Өнерімізді ұлттық спорт түріне қосқан жөн болар. Итбегілікте өзге спорттағыдай бәсеке бар. Дегенмен әлем мойындасын десек, жоғары деңгейде жарыстар өткіземіз десек кейбір тұсын қайта қарастыру керек".

Итбегілік –  бабадан қалған асыл мұра. Ал алдағы уақытта ұлттық спорт түрлерінің қатарына қосылса, онда осы мұрамыздың тағы бір жаңарып, мерейі тасығаны емес пе?!

А. Рысдәулет