- Негізгі бет
- Маккала
- Марат Жақиев: «Жігіттер...
Марат Жақиев: «Жігіттер youtube арқылы қарсыластарын зерттеді»
Ертең, «Astana Arlans» кәсіпқой бокс клубы бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) бесінші маусымын бастайды. Бұған дейін аталмыш додаға үзбей қатысып келе жатқан отандастарымыз жаңа маусымдағы тұсаукесер жекпе-жегін Венесуэланың былғары қолғап шеберлеріне қарсы өткізеді. Бүгін осыған орай, клубтардың баспасөз мәслихаты өтті.
«Astana Arlans» командасының бесінші рет ұйымдастырылғалы тұрған бокс додасында «В» тобында бақ сынайтыны өткен жылдың күзінде белгілі болған. Отандастарымызбен қатар, бұл топта «Argentina Condors» (Аргентина), «Сaciques Venezuela» (Венесуэла), «USA Knocrouts» (АҚШ), «Italia Thunder boxing team» (Италия), «Baku Fires» (Әзірбайжан), «Rafako Hussars Poland» (Польша) және «Puerto Rico Hurricanes» (Пуэрто-Рико) клубтары бар. Байқасаңыздар, биылғы маусымда жобаға қатысатын командалардың саны өскен. Мұның басты себебі, біріншіден, бүкіләлемдік бокс сериясының жекпе-жектері жыл сайын жанкүйерлердің қызығушылығын арттырса, екіншіден, осы жоба арқылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарының жолдамасы да сарапқа салынады.
Марат Жақиев бас бапкер болып келген клубтың V маусымдағы алғашқы қарсыластары атанған венесуэлалық «Сaciques Venezuela» клубы WSB бокс бәсекесіне алғаш рет қатысқалы отыр. Сондықтан болар, әзірге Венесуэла былғары қолғап шеберлері туралы мәлімет аздау. Бір қызығы, клубтың атауы «Венесуэладан шыққан әміршілер» деген мағына береді екен. Жаңадан келіп, WSB жобасындағы алпауыттарға әмірін жүргізе алады ма екен? Уақыт көрсетер. Десе де, соңғы жылдары венесуэлалық боксшылар халықаралық жарыстарда ара-кідік бой көрсетіп жүргенін де байқап жүрміз. Мәселен, 2007 және 2009 жылғы әлем чемпионаттарында 75 келі салмақта жұдырықтасып, қола жүлдеге ие болған Альфонсо Бланко венесуэлалық боксшы екенін айта кетейік. Сондай-ақ осыдан екі жыл бұрын Алматыда өткен әлем біріншілігінде 69 келі салмақта қола жүлде еншілеген Габриэль Маэстре де Венесуэла елінің боксшысы. Бұлардан өзге де, Венесуэланың аты аңызға айналған боксшылары ретінде Жозе Пинанго, Педро Каммаро, Брито Родригес, Альфредо Перес, Альфредо Ремус, Дэвид Гриман және Энгельс Педроса сынды әлем және Олимпиада ойындарында олжа салған былғары қолғап шеберлерінің есімін атай кетуге болады.
Расында да алғаш рет қатысқан команда құрамының боксшылары туралы мәлімет жинау қиын. Бүгін осыған орай қойылған сауалға бас бапкер Марат Жақиев төмендегідей жауап қайырды. Сонымен қатар, шаршы алаңға шығатын боксшылардың дайындық деңгейін айта кетті.
- Бірінші кездесуді жеңіспен бастау маңызды. Жігіттердің дайындығы да жоғары. Сондықтан жеңіске жететінімізге сеніммен қараймын. Қарсылас боксшылардың осал тұстарын қарастырдық. Жігіттер көбіне қарсыластарының өнерін youtube арқылы қарап, әлеуеттерін зерттеді. Ертең соған қарап, жүйе ұстанатын боламыз, - деді.
«Astana Arlans» кәсіпқой бокс клубының құрамына келсек, биылғы маусымда команданың дені толығымен қайта жасақталды. Бұл туралы осыған дейін де хабарлаған болатынбыз. Болат Манкеновты алмастырған Серік Сәпиев те бірінші кездесуде жеңіске жетуді маңызды санады. Ал клубты толықтырған ұлттық құрама боксшылары алдағы уақыттағы кездесулерде шаршы алаңға шығатыны мәлім болды.
Венесуэла елінен келген боксшылармен өтетін жекпе-жекте Мардан Берікбаев (49 келі), Мейірболат Тоитов (56 келі), Самат Бәшенов (64 келі), Мейірім Нұрсұлтанов (75 келі) және Василий Левит (91 келі) сияқты боксшыларымыз ел намысын қорғайды. Бесеуі де осыған дейінгі команданың WSB жобасындағы кездесулеріне қатысқан. Бүгін боксшылар қарсыластарымен көз түйістіріп, салмақ өлшеді.
Мардан Берікбаев (48,900 келі) – Йоэль Ривас Финол (48,000 келі)
Мейірболат Тоитов (55,900 келі) – Хосе Висенте Диас (55,600 келі)
Самат Бәшенов (63,900 келі) – Луис Мартин Аркон (63,900 келі)
Мейірім Нұрсұлтанов (74,875 келі) – Хуан Карлос Родригес (74,600 келі)
Василий Левит (90,100 келі) – Альфонсо Хосе Флорес (90,600 келі)
Осыған дейін айта кеткеніміздей, бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) бесінші маусымында 2016 жылғы Олимпиада ойындарының 17 жолдамасы сарапқа салынады. 52 келіден 81 келіге дейінгі жеті салмақ дәрежесінде екі жолдамадан (7х2=14), ал 49, 91 және + 91 келі салмақтарда бір жолдамадан (3х1=3) беріледі.
49 келі – 1 жолдама
52 келі – 2 жолдама
56 келі – 2 жолдама
60 келі – 2 жолдама
64 келі – 2 жолдама
69 келі – 2 жолдама
75 келі – 2 жолдама
81 келі – 2 жолдама
91 келі – 1 жолдама
+91 келі – 1 жолдама
«Astana Arlans» пен «Сaciques Venezuela» командалары арасындағы кездесу ертең Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде, сағат 18:00-де басталады. Тікелей эфирде «Хабар» арнасы көрсететін болады.
Сурет: massaget.kz
О. Сансызбай