- Негізгі бет
- Маккала
- Қазақстандық боксшы қыздардың...
Қазақстандық боксшы қыздардың қарсыластары белгілі болды
19 мамыр күні Астанада қыздар арасында бокстан әлем чемпионаты басталады. Додада Рио Олимпиадасының 12 жолдамасы сарапқа салынатын болады.
Елордадағы бәсекеде ел намысын 10 cалмақта 10 боксшы қорғайды. Бүгін жеребе тастау рәсімі өтіп қазақстандық боксшылардың қарсыластары белгілі болды.
48 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын қазақстандық боксшы, әлем чемпионы Назым Қызайбай бірінші жекпе-жегін поляк Анжелика Гроньскийге қарсы өткізеді. Ол – қыздар арасында қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Оның Астанада кезекті рет жеңіс тұғырынан көрінуіне мол мүмкіндігі бар. Бірақ, Олимпиада ойындарына қатыса алмайды. 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесі Олимпиадаға енбеген. Қытайда өткен іріктеу турниріне 51 келіге дейінгі салмақта қатысып, жолдамасыз қалған болатын. Астанада бұл салмақта жолдамаға Жайна Шекербекова таласатын болады.
Жеребе қорытындысы бойынша Жайна Шекербекова жарысты екінші кезеңнен бастайтын болды. Ол аргентиналық Сиара Лескурат пен алжирлік Соухила Боучене арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен жұдырықтасады. Басты қарсыластары ретінде бес дүркін әлем чемпионы Мэри Комды, үш дүркін әлем чемпионы Рен Канканды, 2012 жылғы Олимпиада жеңімпазы ұлыбританиялық Никола Адамсты санауға болады.
54 келіде Дина Жоламан, 57-де Айжан Ходжабекова шаршы алаңда ел намысын қорғайды. Екеуі де жарысты екінші кезеңнен бастайтын болады. Бұл салмақ дәрежелері Олимпиадаға енбеген.
Ал Олимпиадаға енген 60 келіде қазақстандық Римма Волосенко жұдырықтасады. Негізінен осы салмақта әлем чемпионатына қатысатын боксшылар арасында дау шыққан-ды. Римма осы салмақтағы спаррингте Назым Ищановамен жұдырықтасып, жеңіске жеткен. Кейіннен Назым жаттықтырушылардың шешімін құптамайтынын алға тартқан болатын. Дегенмен додаға Римма қатысады. Астаналық боксшы ел намысын қолдан бермейді деген сенімдеміз. Бұл салмақтағы басты фавориттердің бірі – Лондон Олимпиадасының чемпионы Кэти Тэйлор.
Римма Волосенко әлем чемпионатын екінші кезеңнен бастайды. Онда ол дат боксшысы Ивон Расмуссен мен вьетнамдық Ти Дуйен Лю арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен кездеседі.
64 келіде жұдырықтасатын қазақстандық Зарина Цолоева бірінші кездесуін вьетнамдық Ти Лин Хаға, 69 келіде Валентина Хальзова кәріс Химин Ноға қарсы жұдырықтасады.
Олимпиада бағдарламасына енген 75 келіге дейінгі салмақта Қазақстан құрамасында жолдама бар. Қытайда өткен іріктеу турнирінде Дариға Шакимова жеңімпаз атанып, Олимпиада жолдамасын иеленген еді. Жаттықтырушылар Дариғаны Астанадағы әлем чемпионатына қатыспағанын жөн санапты. Бұл жолы шаршы алаңға Виолетта Князева шығатын болады. Ол бірінші айналымда аустралиялық Кейтлин Паркермен кездесу өткізеді.
81 келіге дейінгі салмақта ел намысын Юлдуз Маматкулова қорғайды. Оның бірінші қарсыласы – ресейлік Любовь Пашина.
Ал 81 келіден жоғары салмақта Ләззәт Күнгейбаева чемпиондық атаққа таласады. Ол екінші айналымда әзірбайжандық Айнур Рзаева мен үндістандық Сим Пуния арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен жұдырықтасады.
Айта кетейік, бокстан ерлер құрамасы тамыз айында өтетін Олимпиада ойындарына алғаш рет толық құрамда қатысады. Қазіргі таңда боксшылар төртжылдықтың басты додасы алдындағы дайындықтарын шыңдауда.
О. Сансызбай