Дариға Шакимова Олимпиадада ел намысын қорғайды

О Сансызбай Корреспондент
Дариға Шакимова Олимпиадада ел намысын қорғайды
Фото ©️ vk.com

Қыздар арасындағы бокстан Рио Олимпиадасының алғашқы жолдамасы бұйырды. 75 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын Дариға Шакимова төрт жылда бір рет өтетін дүбірлі додада ел намысын қорғайды.

БӨЛІСУ

27 жастағы қазақстандық боксшы жартылай финалда солтүстік кореялық Унг Жангты 3:0 (39:37, 39:37, 39:37) есебімен жеңді. Нәтижесінде қыздар арасында бірінші болып Олимпиада жолдамасын жеңіп алды. Енді жарыстың алтын жүлдесіне таласатын болады.

Айта кетейік, Қытайдағы турнирге Олимпиада ойындарына енген салмақ дәрежелері бойынша үш боксшы аруымыз барған болатын. Алайда Назым Қызайбай мен Назым Ишанова жолдамаға таласта жеңіліс тапты.

Бүгін өткен ерлер арасындағы күндізгі бәсекеде Абылайхан Жүсіпов пен Жәнібек Әлімханұлы Олимпиада жолдамасын иеленіп, финалға шықты. Ал 56 келіге дейінгі салмақта Қайрат Ералиев жартылай финалда жеңіліс тапты. Десе де қазақстандық боксшы Олимпиада жолдамасынан үміт үзген жоқ. «Box-off» ережесіне сәйкес, отандасымыз ертең қосымша жолдама үшін жекпе-жек өткізетін болады.

Бүгін өтетін кешкі кездесулер жекпе-жегінде Олжас Сәттібаев, Әділбек Ниязымбетов пен Иван Дычко шаршы алаңға шығатын болады.