Жаттығудан кейін қалай тамақтану керек?

Жаттығудан кейін қалай тамақтану керек?

Спортпен шұғылдану – деніңіздің сау болуының бір кепілі. Күнделікті таза ауаға шығып, жүгіріп қайтудың өзі жаныңызға сергектік сыйлайды. Жүгіріп немесе жаттығу жасап келгеннен кейін де естен шығармай ескеретін дүниелер бар. Соның бірі – тамақтану. Яғни, кеше біз айтып кеткендей, бүгін жүгіріп немесе жаттығу залынан келгеннен кейін қалай тамақтану туралы сөз қозғайтын боламыз.

Жаттығу жасап келгеннен кейін адам ағзасы мен денедегі күш-қуат қайта қалпына келуді қажет етеді. Ал жаттығу кезінде бұлшықет талшықтары деформацияға ұшырап, қан айналым жылдам жүре бастайды. Қимыл-қозғалыстан кейін ағзаға пайдалы дәрумендер қажет. Ол үшін жаттығудан кейінгі асқа баса мән беру керек.

Жүгіріп жүріп, әр 2 шақырым сайын 2-3 жұтымнан артық су ішпеңіз. Ал жаттығу аяқталғаннан кейін бірден шөлді қандырып су ішуге, бірден тоя тамақ жеуге тағы болмайды. Кемінде 20 минут уақыт өтуі тиіс. Сонымен қатар, жаттығудан кейін газды сусындар мен бояу көп қосылған сусындарды ішпеуге кеңес береміз. Оның орнына түрлі табиғи шырындарды (алма, қызанақ, жүзім шырындары) немесе ыстық шай, коктейль, шоколад қосылған сүт ішіңіз.

Жаттығудан кейін адам ағзасына көмірсуы мол тағамдар қажет. Олардың қатарына шоколад, кептірілген жеміс-жидектер, макарон, күріш пен балды т.б. жатқызуға болады. Аталған тағамдар денеге қажетті қуатты қайтаруға септігін тигізеді. Ал асқа 20-40 минуттан кейін ғана дастарқанға отырып, ден қойғаныңыз абзал. Күш-қуат алу үшін майлы тағамдардан да (ет тағамдары, қуырылған ас) бас тартпаңыз. Сонымен қатар, тары, күріш, сұлы және ұнтақ ботқалары да пайдалы.

Дұрыс тамақтану сіздің жоғары нәтиже көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар, ауру-сырқаудан аулақ болуыңызға сеп болады. Жаттығуда шаршамай, күш-қуатыңыздың артуына жағдай жасайды. Ас ішу тәртібін сақтай отыра, өзіңіздің физикалық тұрғыдан белсенділігіңізді қалпына келтіре аласыз. Физикалық тұрғыдан жаттығуға дайын болу – жетістікке жетудің алғашқы қадамдары болып табылады. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: colorface.ru

Ұқсас жазбалар:

Жүгіру алдында қалай тамақтану керек?

Жүгіруді жаңа бастағандарға кеңестер

Жүгірудің пайдасы

Жүгіру жолында арықтау


О. Сансызбай