Еуропалық төрешілер қазақ клубтарына қырын қарай ма?

Еуропалық төрешілер қазақ клубтарына қырын қарай ма?
Фото: fckairat.com

Футболдан Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңі аяқталды. Қазақстандық клубтар қатарынан "Астана" ғана алға жылжыса, "Қайрат" пен "Ордабасы" үшін еуромаусым жолы жабылды. Ал "Тобыл" болса бірінші іріктеу кезеңнен аса алмаған.

Бір апта бұрын өткен ойындардың нәтижесіне қазақ жанкүйерлерінің көңілі алаңдаулы болғаны рас. "Астана" Андорра елінің командасымен 0:0 есебімен ойнап қайтты. "Қайрат" қарсыласына 2:0 есебімен есе жіберсе, "Ордабасы" тең ойнаған.

Күні кеше Нұр-Сұлтан мен Шымкенттегі ойындар бірдей уақытта (20:00) басталды. Тіпті екі команда да бірдей уақытта өз қақпаларына гол соқтырып алды. Жай сәйкестік болар?

fca.kz

"Астананың" асығы алшысынан түсті. Андоррадан келген "Санта-Коломаның" қорғанысын бұзып жарды. Бір голдарына төрт голмен жауап қатты. Екінші таймда алаңға шыққан Марин Томасов хет-трик жасап, еурокубоктағы ойындарда команда сапында бір ойында үш гол соққан алғашқы ойыншы атанды.

"Астана" үшінші іріктеу кезеңде Мальтаның "Валетта" клубымен кездеседі. Олар да елордалық команда секілді Чемпиондар лигасынан төмен сырғып келген ұжым.

fcordabasy.kz

Шымкенттегі ойын да жылдам голдан кейін жандана түсті. Чехияның "Млада Болеслав" командасы зор дайындықпен келгенін байқатты. Себебі өз алаңында 1:1 есебімен тең ойнап қалған. Олар үшін гол соғып алу басты мақсат еді. Сол мақсаттарын артығымен орындағандай болды.  

33 минутта пенальтиден есепті еселеп кетті. Әйткенмен бірінші тайм аяқталар тұста Алексей Щеткин бір гол соғып, үміт сыйлаған. Ол үміттің де ауылы алыстады. Екінші тайм басында қонақтар үшінші рет "Ордабасы" қақпасынан саңылау тапты. 55 минутта Даниядан келген төреші "Млада Болеслав" қақпасына да пенальти белгіледі. Абдуллай Диакате мүлт кеткен жоқ. Осы есеп сақталып, "Ордабасының" Еуропа лигасындағы жорығы аяқталды.

Алматыдағы "Қайрат" пен "Хапоэль Бэер-Шеба" ойыны 20:30-да басталды. Норвегиядан келген төреші Нильсеннің ысқырығы шалынысымен-ақ алаң иелері жергілікті жанкүйерлердің қолдауымен алға лап қойды. Жылдам гол соғуға асықты. Израильдан келген команданың қорғанысы сыр берген жоқ.

"Қайрат" ФК

40 минутта қақпа алдындағы қарбаласта Раде Дугалич гол соғып, "Қайратты" алға шығарды. Жанкүйерлер камбэк күтті. Бірақ, бас төреші ойыншылардан сары қағазды "аяп қалмады". Бірінші таймның өзінде-ақ "Қайраттың" төрт бірдей ойыншысы ескерту алды. Сақ ойнаулары тиіс-ақ еді. Бірінші таймдағы жоспарлары жүзеге асқандай көрінген.

Бірақ... Бірақ бәрі жанкүйерлер күткендей болмады. 55 минутта Елдос Ахметов екінші сары қағазын алып, алаңды тастап кете барды. Алексей оны ауыстырып үлгермей қалды. 63 минутта Раде Дугалич тағы бір голды өз еншісіне жазды. Бұл жолы доп қонақтар емес, өз қақпаларына еніп кетті.

"Қайрат" ойыншылары қызуқандылыққа салына бастады. Алаңда қақтығыстар да көп болды. Сондай сәттердің бірінде алматылық команданың қосалқы қақпашысы Владимир Плотников қызыл қағаз алды. Бас төреші мұнымен де тоқтап қалмады. Ойын аяқталар тұста Гафуржан Сүйімбаевты да қызыл қағазымен "марапаттады". Ал жанкүйерлердің Нильсенге деген өкпесі қара қазандай болды. Стадионнан бөлмесіне бағыт алған жолда түтіп жердей шүйлікті...

Қос ойын қорытындысы бойынша "Хапоэль Бэер-Шеба" үшінші іріктеу кезеңге шықты. Ал "Қайраттың" бас жаттықтырушысы Алексей Шпилевский ашумен іште бүккенін айтып салды.  

"Қайрат" ФК

- Өкінішке қарай, Еуропада қазақстандық клубтарды ешкім көргісі келмейді. Біздің екі ойынға да төрешілердің әсері болды. Біз бәрібір Еуропаға ораламыз. Еуропа лигасына емес, Чемпиондар лигасына. Менің шәкірттерім бұған әбден лайық. Енді біз ішкі чемпионаттың ойындарына көңіл бөлеміз.

Қапталдағы төреші офсайд деп көрсетеді. Ал бас төреші болса голды есепке алады. Қызық жағдай. Бір ойыншының алаңнан қуылуы - ойынға көп әсерін тигізді. Егер жігіттер 11-ге 11 болып ойнағанда мықтылықтарын мойындатар еді, - деді Шпилевский.

Ойынды басқару, төрешілік жасау - ең қиын жұмыстардың бірі. Қазіргі таңда технология дамып, олардың жұмысы да жеңілдеуде. VAR жүйесінің өзі осы спорт тарихындағы айтулы жаңалықтың бірі. Бізге әлі жете қоймағаны болмаса... Ол күнді де көрерміз. Бірақ еурокубок ойындарында қазақ клубтарына көпе-көрнеу қиянат жасалып жатқан жоқ па деген ой келеді, кейде. Себебі кеше өткен "Қайраттың" ойынына төрелік жасаған маманның жұмысына жұрттың көңілі тола қойған жоқ. Әлде бізге солай көрінді ме екен? Дегенмен мұны даңқты қақпашы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Құралбек Ордабаев та құптайтындай. Атамекен арнасының журналисі Ермұхамед Мәуленге берген сұқбатында бұл жайында ашығын айтты.

kapital.kz

- Төрешілердің біраз қателігі болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын "Астана" - ХИК матчында да Израиль елінің төрешісі біздің командаға қарсы жұмыс істеді. Израиль командалары бұрыннан бері төрешілермен жақсы "жұмыс істейтінін" білеміз. Сосын УЕФА-дағылар Қазақстан алыс деп, біздің елдің командаларын топтық кезеңге шығармауға тырысады. Оның үстіне телевизиялық көрсетілімнің де сапасы біздің елде нашар. Олар негізгі табысты содан алады,– дейді Құралбек Досжанұлы.

Жә, "битке өкпелеп, тонымызды отқа жағып қайтеміз? Еурокубок ойындарында қазақ клубтары атой салар күн де алыс болмағай. Жылдағыдай биыл да "Астананың" жолына үмітпен қараймыз.

О. Сансызбай