16-26 сәуір аралығында Таиланд елінің астанасы Бангкокта бокстан Азия чемпионаты өтеді. Сары құрлықтың басты додасында қазақ боксшылары да бақ сынайды. Бақ сынап қана қоймай, Азияның алды болу үшін барын салады.
Бокстан Азия чемпионаты өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бері ұйымдастырылып келеді. Ал Қазақстан құрамасы алғаш рет 1994 жылы Иран жерінде өткен бәсекеге қатысты. Ә дегеннен-ақ жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Болат Жұмаділов (51 кг), Болат Ниязымбетов (63,5 кг), Нұржан Сманов (67 кг), Қанатбек Шағатаев (71 кило) жəне Аркадий Топаев (75 кг) алтын медаль еншілеп қайтты.
Одан бергі аралықта қазақ боксшылары сары құрлықтағы ең мықты құрамалардың біріне айналды. Азия чемпионатында жеңіп алған алтынымызды санасақ, 40-қа жетеді. Күмісіміз - 17, қоламыз - 25.
1994 жылдан бері бокстан Азия чемпионаты 13 рет ұйымдастырылды. Қазақстан құрамасы сапында 30 чемпион шықты. Оның арасында екі рет сары құрлықтың басты додасында жеңіске жеткен 8 боксшы бар. Ал үш дүркін Азия чемпионы атанған боксшы біреу ғана. Ол - Василий Левит.
91 килоға дейінгі салмақта жұдырықтасатын Василий Левит алғаш рет 2009 жылы Қытайдың Жухай қаласында өткен Азия чемпионатында топ жарды. Одан кейін боксшы мансабы біраз тұралап қалды. 2015 жылы Василий қайта бабын байқатты. Таиланд төрінде қазақ елінің әнұранын шырқатты. Араға 2 жылы сала Ташкентте жалғыз өзі алтын алып, Азия чемпионатында үш рет жеңімпаз атанған тұңғыш қазақстандық боксшы атанды. 10 күннен кейін Банкгогта байрағын желбірететін жарыста топ жарар болса, төрт дүркін чемпион атанғанын да көріп қалармыз.
Екі дүркін Азия чемпионы атанған қазақ боксшылары:
Болат Жұмаділов - (51 кг, 1994, 1995) - 2
Болат Ниязымбетов (63,5 кг, 1994, 1995) - 2
Нұржан Сманов (67 кг, 1994, 1997) - 2
Ермахан Ибрайымов (71 кг, 1995, 1999) - 2
Бақыт Сəрсекбаев (69 кг, 2006, 2007) - 2
Серік Сəпиев (64 кг, 2007, 2009) - 2
Данияр Елеусінов (69 кг, 2013, 2015) - 2
Иван Дычко (+91 кг, 2013, 2015) - 2
2013 жылы Иордания елінің астанасы Амманда өткен Азия чемпионаты қазақ боксы тарихындағы ең табысты жарыстардың бірі болды. Қазақстан құрамасы 7 алтын, 1 күміс медаль еншіледі. Теміртас Жүсіпов (49 кило), Берік Əбдірахманов (60 кило), Мерей Ақшалов (64 кило), Данияр Елеусінов (69 кило), Жəнібек Əлімханұлы (75 кило), Антон Пинчук (91 кило) жəне Иван Дычко (+91 кило) дара шықса, Əділбек Ниязымбетов (81 кило) күміс алды. Одан кейін бұл жетістік қайталанбады. Болашақта бұл нәтижені де басып озар деп сенеміз.
Қазақстан құрамасының Азия чемпионатындағы нәтижелері:
1994 жыл (Иран, Тегеран): 5 алтын, 1-орын
1995 жыл (Өзбекстан, Ташкент): 6 алтын, 1 күміс, 1-орын
1997 жыл (Малайзия, Куала-Лумпур): 2 алтын.
1999 жыл (Өзбекстан, Ташкент): 2 алтын, 5 күміс, 4 қола, 2-орын
2002 жыл (Малайзия, Серембан): 1 күміс, 4 қола, 8-орын
2004 жыл (Филиппин, Пуэрто Принцесса): 3 алтын, 1 күміс, 3 қола, 1-орын
2005 жыл (Вьетнам, Хошимин): 2 алтын, 1 күміс, 3 қола, 2-орын
2007 жыл (Моңғолия, Ұлан-Батор): 3 алтын, 1 күміс, 2 қола, 3-орын
2009 жыл (Қытай, Жухай): 2 алтын, 3 қола, 3-орын
2011 жыл (Оңтүстік Корея, Инчхон): 2 алтын , 2 күміс, 1 қола, 2-орын
2013 жыл (Иордания, Амман): 7 алтын, 1 күміс, 1-орын
2015 жыл (Таиланд, Банкгог): 5 алтын, 1 күміс, 1 қола, 1-орын
2017 жыл (Өзбекстан, Ташкент): 1 алтын, 3 күміс, 4 қола, 2-орын
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасын 2018 жылдың желтоқсан айынан бері Ғалымбек Кенжебаев жаттықтырып келеді. Алдағы Азия чемпионаты бапкердің алғашқы үлкен жарысы болмақ. Сары құрлықтың басты додасына қатысатын құрам анықталып үлгерді.
Қазақстан құрамасының құрамы:
49 кг - Теміртас Жүсіпов
52 кг - Әнуар Мұзапаров
56 кг - Қайрат Ерәлиев
60 кг - Зәкір Сафиуллин
64 кг - Санатәлі Төлтаев
69 кг - Асланбек Шымбергенов
75 кг - Тұрсынбай Құлахмет
81 кг - Бек Нұрмағанбет
91 кг - Василий Левит
+91 кг - Қамшыбек Қоңқабаев
Айта кетейік, Қазақстан құрамасының Азия чемпионатындағы басты қарсыластары Өзбекстан, Үндістан, Филиппин және Таиланд елінің боксшылары болмақ.