Қарағандыда бокстан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы таныстырылды

Қарағандыда бокстан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы таныстырылды
Фото: Қайыржан Галиев

Қарағандыда қазақ боксының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ғалым Жарылғапов атындағы халықаралық турнир кезінде ұлттық құраманың жаңа жаттықтырушысы Ғалымбек Кенжебаевты ресми таныстыру рәсімі өтті.

Қазақстан бокс федерациясы хабарлағандай, Турнир аясында ҚБФ бапкерлер кеңесімен жұмыс жөнінде вице-президенті Юрий Цхай, ҚР ұлттық құрама командасының жаңа бапкері Ғалымбек Кенжебаев, ҚР ҰҚК үйлестірушісі, бокстан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Болат Әбдірахманов бапкерлер мәжілісін өткізді.

Кездесу барысында сөз алған Юрий Цхай 2009 жылдан бері бокстан ұлттық құраманы жаттықтырып келген Мырзағали Айтжановқа алғыс айтты. Сонымен қатар, жаңа бапкер Ғалымбек Кенжебаевтың боксшыларымызды Токио Олимпиадасына жоғары дәрежеде дайындай алатынына сенім білдірді. Десек те, ХОК АИБА ұйымына сенімсіздік білдіруі салдарынан бокстың 2020 жылғы ойындарда болу-болмауы әлі анық шешілмеген мәселе.

Ал Ғалымбек Кенжебаев Грекия елінде болған халықаралық жарысқа жастар құрамасымен бірге соңғы сапарынан оралды. Ендігі кезекті жастардан ересектерге ауысқан бас бапкер барша бапкерлер қауымының қолдауына мұқтаж екендігін жеткізді. Айта кетейік, жастарымыз Грекиядан 5 алтын, бір күміс медаль иеленді.

 - Әрине, маған жастар құрамасын тастап кеткен оңай емес. Мен олармен көп жыл бірге жұмыс істеп келемін. Жастардың қарқыны өте мықты. Ал ересектерге келетін болсақ, әр боксшының артықшылықтарын одан әрі дамыта түссем деймін. Әрқайсымен жеке жұмыс жүргізіледі. Мырзағали Айтжановтың қандай мықты маман екенін білесіздер. Сондықтан алдағы уақытта та біз бірге жұмыс істейміз.

Жаңа бапкер алғашқы оқу-жаттығу жиынын келер жылдың қаңтар айында өткізеді.

Ғалымбек Кенжебаев ұлттық құрама тізгінін ұстағаны 14 желтоқсанде белгілі болған еді. Ол 1998 - 2005 жылдар аралығында Геннадий Головкиннің жеке жаттықтырушысы болған маман.

Ө. Сансызбай