- Негізгі бет
- Маккала
- «Астана» Чемпиондар лигасын...
«Астана» Чемпиондар лигасын жалғастыра ма?
Бүгін футболдан Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі қарымта ойындар өтеді. Елордалық «Астана» өз алаңында Словенияның «Марибор» клубымен кездеседі. Бірінші ойында қазақстандық клуб қарсыластарына бір доп айырмасымен есе жіберіп алған болатын.
Станимир Стойлов шәкірттеріне бүгін жеңіс ауадай қажет. Чемпиондар лигасындағы жорығын жалғастыру үшін нәтижелі ойын көрсетулері тиіс. Шабуылға мән беріп, қорғанысты назардан шығармауы тиіс. Себебі қарсыластар бір гол соқса, жағдайдың қиындары сөзсіз. Бірінші ойында «Астана» Мариборда тәуір ойнағанмен, сәттілік жетіспеген еді. Тіпті, отандастарымыз 90 минут бойы болмаса да, ойын тізгінін уысында ұстаған-ды. Қазақстандық жанкүйерлер отандастарымыздың өнеріне қуанғанмен, команда ойынында бір кемшілік бары байқалып еді. Ол қандай кемшілік?
«Астана» клубының шабуыл шебі шебер ойыншыларға толы деп айта алмаймыз. Таңат Нөсербаев бір ойында тәуір ойнап, бір ойында мүлде көзге түспей қалады. Ал Бауыржан Жолшиев болса қанша финт жасап, қарсыластарының қорғаушыларын шаршатып жүріп, өзі де «шаршап» қалады. Бірінші ойында Бауыржанның бір емес, бірнеше рет гол соғуына мүмкіндік болған. Ал Фокси Кетевоаманың аздап жарақат алуы – команданың шабуыл шебін тағы да ақсатып тұр. Өткен турда Алексей Щеткиннің «Жетісуға» қарсы ойынын көріп, «Мариборға» қарсы ойында негізгі құрамда шығады деп күту қиын. Жақында ғана клуб сапын толықтырған Жуниор Кабананга болса әлі өзін көрсете алар емес. Бірінші ойында нәтижелі соққыларымен көзге түскен ойыншылардың бірі – Патрик Твумаси болды. Ол бірінші ойында Ясмин Хандонович қорғаған қақпаға үш соққы бағыттаған еді. Тек нәтиже шықпаған-ды. Сондай-ақ өткен ойында Георгий Жуковтың алдыңғы шепте ойқастағанын көрдік. Бәлкім, Станимир сол жүйесін қайта ұстанар ма екен?
Елордалық клуб бүгін де негізгі құрам қақпашысы Ненад Эричпен бірге алаңға шықпайды. Қақпашы жарақатынан әлі сауықпаған. Бүгін де клуб қақпасын Владимир Логиновский қорғайтын болады. «Жақсы қақпашы – жарты команда» демекші, Владимирді де осал голкипер деп айта алмаймыз. Негізгі құрамда көп шығып жүрмегендіктен, қателікке бой алдырмаса болды. Өзге ойыншылар бірінші ойындағыдай белсенділігін танытса, «Марибор» алынбайтын қамал емес.
Букмекерлік орталықтар аз да болса «Астананы» фаворит санауда. Қазақстандық клубтың жеңісіне 2,08 коэфициент, тең ойынға – 3,22, «Марибор» жеңісіне 3,68 коэфициент ұсынуда. Кездесудегі бас төреші – Адриен Жакотте (Швейцария).
«Астана» мен «Марибор» арасындағы ойынды қазақстандықтар «KazSport» арнасынан тікелей эфирде тамашалай алады. Жеңімпаз атанған ұжым үшінші айналымда Финляндияның «ХИК» клубымен кездеседі.
Астана уақытымен кешкі сағат 20:00-де басталатын ойында қазақстандық клубқа сәттілік тілейміз. Елордалық клубтың ойыны - ел футболының Еуропадағы бір көрсеткіші. Сәттілік серігің болсын, «Астана»!
О. Сансызбай