«Астана» Чемпиондар лигасындағы бірінші ойынын жеңіліспен бастады (видео)

О Сансызбай Корреспондент
«Астана» Чемпиондар лигасындағы бірінші ойынын жеңіліспен бастады (видео)
Фото ©️ vk.com

Футболдан еліміздің «Астана» клубы Чемпиондар лигасындағы бірінші ойынын жеңіліспен бастады. Жарысты екінші електік кезеңнен жалғаған елордалық клуб сырт алаңда «Мариборға» бір доп айырмасымен ұтылды.

БӨЛІСУ

Станимир Стойлов жаттықтыратын қазақстандық клуб Мариборда жоғары деңгейде өнер көрсетті. Кездесу аяқталғанша бірінші нөмірмен ойнағанмен, «Астана» ойыншыларына сәттілік жетіспеді. Алаң иелері жылдам соққан голының нәтижесінде басымдықты сақтап қалды. «Мариборға» жеңіс сыйлаған голды  5 минутта Марко Шулер соқты.

«Астананың» таразы басын теңестірмек түгіл, ұтуға да қауқары жететіндей еді. Тек ойында шабуылға нүкте қоятын шабуылшы табылмады. Таңат Нөсербаев аса ширақ қимылдай алмаса, Бауыржан Жолшиевтің жолы бола қойған жоқ. Патрик Твумаси мен Георгий Жуков бірнеше рет соққы бағыттағанмен, Ясмин Хандановичтен айлаларын асыра алмады.  

Қос клуб арасындағы қарымта кездесу 22 шілде күні «Астана-Арена» стадионында өтеді. «Астана» үшінші іріктеу кезеңіне өту мүмкіндігін жоғалтқан жоқ. Жолдама тағдыры Астанада шешілетін болады.

«Марибор» (Марибор, Словения) — «Астана» (Астана, Қазақстан) 1:0 (1:0)

Гол: Шулер 5 (1:0)

Ескертулер: Кабха 29, Стоянович 82, Захович 86 — Илич 9, Жуков 78

«Марибор»: Ханданович, Шулер, Райчевич, Вилер, Стоянович, Ибраими, Вршич (Бохар 66), Кабха (Филипович 66), Мертель, Таварес, Волаш (Захович 74)

«Астана»: Логиновский, Аничич, Илич, Постников, Максимович, Жуков (Дедечко 82), Нөсербаев, Шомко, Каньяс, Жолчиев (Кетевоама 90), Твумаси

Бас төреші: Калос дель Серро (Испания)

14 шілде. Марибор. «Людски врт».

Кездесу статистикасы:

Голдар: 1 — 0
Қақпаға соққы: 10 — 11
Қақпаға дәл соққы: 3 — 3
Бұрыштама: 2 — 2
Офсайдтар: 2 — 0
Сары қағаз: 3 — 2