- Негізгі бет
- Маккала
- Арман Оспанов: "Бірнеше...
Арман Оспанов: "Бірнеше жекпе-жектен кейін UFC-ден көріп қаларсыздар"
"Жұлдыз FM" радиосының "Таңғы шоу" бағдарламасында "Alash Pride" клубының президенті Данияр Қасқарауов пен жауынгерлік самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы, әлем кубогының иегері Арман Оспанов қонақта болды. Бағдарлама соңынан Арманмен аз-кем тілдесудің сәті түскен еді.
- Ассалаумағалейкум, АСВ (Абсолютті Беркут Чемпионаты) жобасындағы алғашқы жарқын жеңісіңізбен құттықтаймыз. Енді осы ережесіз жекпе-жекке біржола бет бұрдыңыз ба? Әлде жауынгерлік самбодан әлі де халықаралық турнирлер мен әлем чемпионатына қатыса бересіз бе?
- Қазіргі кезде боксшылар да әуесқой бокс пен кәсіпқой бокста қатар жүруіне болады. Сол секілді мен ережесіз жекпе-жекке біржола бет бұрған жоқпын. Екеуіне де қатыса беруіме мүмкіндігім бар. Бастысы - екі жарыстың уақыты қатар келіп қалмаса болғаны.
- АҚШ-қа барып та жаттығасыз. Ондағы дайындықтың ерекшелігі неде?
- 2014 жылдан бері мұхит асып, АҚШ жерінде жаттығу жасап жүрмін. Онда көптеген спарринг қарсыластар бар. UFC жарыстарына қатысатын спортшылармен бірге жаттығып, тәжірибе алмасамыз. Жаттықтырушы Джексон Уингтің бақылауымен шеберлігімізді шыңдаймын. Онда жаттығу мол тәжірибе ғана емес, менеджерлердің көзіне түсіп, тез таныласың да.
- Бүгінде ережесіз жекпе-жектегі ең танымал ұйымдардың бірі – UFC. Сіздің мақсатыңыз да осы ұйым аясында жекпе-жек өткізу. Қазақ елінің көк Туын желбірету. Әзірге бұл ұйым аясындағы кездесулерге шығуға не кедергі?
- Алып бара жатқан кедергі жоқ. Тек осы ұйым аясында жекпе-жек өткізуге талпыну керек, еңбектену керек. Олар UFC-ге қатысатындарды жайдан-жай қабылдай салмайды. Спортшылардың шеберлігіне, танымалдылығына, рейтингтік көрсеткіштері мен жетістіктеріне қарайды. Сондай-ақ мықты менеджер керек. Елімізде менеджерлік қызмет аса жоғары деңгейде дамымаған. Қазір Әли Абдулазиз деген мықты маманмен жұмыс жасаудамыз. Алда АСВ ұйымындағы кездесулерде өзімді жақсы қырымнан танытып, осы UFC-ге шығуды мақсат тұтып отырмыз.
- АСВ аясындағы алғашқы жекпе-жегіңізді өткіздіңіз. Естуімше үш кездесуге келісім жасаған секілдісіздер? Өзге ұйымдардан ұсыныстар түсті ме?
- Иә, үш кездесуге келісім жасағанбыз. Ережесіз жекпе-жекте кездесу кешін ұйымдастыратын ұйымдар көп. Ұсыныстар да көп түседі. Бірақ біздің мақсат – UFC. Қазақ елінің атын әлемдік ареналарда танытып, абыройын асыру. Осы ACВ-дағы бірнеше жекпе-жектен кейін UFC-ден көріп қаларсыздар, бұйырса.
- АСВ де әлемнің мықты спортшылары жиналған. Жақында жаңарған рейтингте 7-орынды сақтап тұрсыз. Өзіңіз бақ сынайтын жартылай жеңіл салмақтағы қауқарлы қарсыластар кімдер?
- АСВ де әлемдегі үздік ұйымдардың бірі. Мұнда тәжірибелі спортшылар жетерлік. Олардың қатарында кезінде UFC-қа да қатысқан спортшылар баршылық. Осал қарсылас жоқ.
- АСВ ұйымы әр елде жарыстар ұйымдастырып келеді. Қазақстанда да өткізуі мүмкін бе?
- Бұл ұйымның жарыстарға қатысты өз жоспары бар. Ал елімізде ережесіз жекпе-жектен АСВ жарысы өтуі бек мүмкін. Қазіргі таңда Данияр Қасқарауов ағамыз басқаратын "Alash Pride" командасы осы жарыс туралы келіссөздер жүргізуде. Қыркүйек айының соңында өткізуді жоспарлап отыр.
- Қай қалада болуы мүмкін?
- Қазіргі жоспарымыз бойынша Алматы қаласын таңдап отырмыз.
- Келесі кездесуіңіз қашан өтеді?
- Сол қыркүйек айының соңындағы ұйымның турнирінде басты жекпе-жекке шығу жоспарда.
- Ережесіз жекпе-жектегі ең жарқын жеңісіңіз? Таичи Накажимаға қарсы кездесудегі әдісіңізді үздік деп санайсыз ба? Әлде оған дейін бұдан да ерекше әдіспен жеңіске жеткен кездеріңіз болып, халық назарынан тыс қалғандары бар ма?
- Таичиге дейін де ерекше айла-тәсілмен жеңген жекпе-жектерім болды. Дегенмен АСВ-дағы алғашқы осы кездесуім мені ерекше қанаттандырды, рухтандырды. Халықтың да қошеметі зор болды.
- Спортшы ретінде Мейвезер мен МакГрегор кездесуі жайлы ойыңызды білсек. Сондай-ақ қыркүйек айында өтетін Головкин – Канело кездесуіне қандай болжам жасайсыз?
- Мейвезер мен МакГрегор кездесуі қызық болмақ. Ирландиялық спортшының соққысы жойқын. Сәті түссе бір соққысы жекпе-жекті шешуі мүмкін. Дегенмен Мейвезер тамаша қорғана біледі. Панчер болмағанмен, қарсыласының айла-тәсілін жақсы сезеді. Егер жекпе-жек 10-11 раундқа созылар болса, Конор шаршап қалуы мүмкін.
Геннадий Головкин – мексикалық стильде жұдырықтасудың хас шебері. Оған қоса қазақ боксы мектебінің де айла-тәсілдерін жетік меңгерген. Екеуінен қорытынды шығара білген мықты панчер. Отандасымызға зор сенім артамын.
- Мексикалық стиль демекші, Сізді осы стильде жұдырықтасуды үйреніп жүр деп естіген едім...
- Иә, мексикалық стильде жұдырықтасуды үйреніп жүргенім рас. Онда бүйірден ұру мен жақын қашықтықта жойқын соққы жасауға дағдыланасың. Жылдамдық маңызды. Жекпе-жек кезінде керек болар деген мақсатпен. Дегенмен ережесіз жекпе-жекте ылғи мексикалық стильде кездесу өткізу, әлде соған дағдылану қауіпті. Себебі бокста мексикалық стильмен жұдырықтасқанда боксшылардың жүзін қолғап қорғайды. Ал бізде боксшылардікі секілді қолғап емес. Сондықтан ережесіз жекпе-жекке қазақ боксының стилі дұрысырақ келеді.
Қазір маған көзге түсу үшін жекпе-жек кезінде жұрт білетін айла-тәсілдермен емес, ерекше, жұрт таңданатындай етіп қарсыласты жеңу маңызды. Сол арқылы беделді ұйымдардың жарыстарына қатысуға мүмкіндік туады.
- Жас спортшыларға, ережесіз жекпе-жекпен шұғылданғысы келетін өрендерімізге қандай ақыл-кеңесіңізді бересіз?
- Спортқа келген соң тәжірибе жинау маңызды. Бірден биікке қол созбай, барлығын кішігірім дүниелерден бастау керек. Сол арқылы тәжірибе жиналады. Алдымен – әуесқой, одан кейін кәсіпқой деңгейге көтерілесің. Ережесіз жекпе-жекке кәмелет жасқа толғаннан кейін қатысқанды жөн санаймын. Ал оған дейін бірнеше спорт түріне қатысып, айла-тәсілдерін меңгеріп, тәжірибе жинағаны абзал. Тынбай еңбектену керек.
- Сұхбатыңызға рақмет! Алдағы жекпе-жектеріңізде тек жеңіс тілейміз!
О. Сансызбай