Арман Оспанов 5 мамырда жекпе-жек өткізеді

Арман Оспанов 5 мамырда жекпе-жек өткізеді
Фото: acbmma.com, massaget.kz

Қазақ ережесіз жекпе-жек шебері Арман "Сұңқар" Оспанов 5 мамыр күні Мәскеуде өтетін АСВ 86 турнирінде бақ сынайды. Бұл туралы Massaget.kz сайтының тілшісіне "Alash Pride FC" президенті Данияр Қасқарауов хабарлады.

Арман Оспанов осыған дейін АСВ ұйымы аясында 3 жекпе-жек өткізді. АСВ 61 турнирінде жапон Таичи Накажиманы нокаутпен ұтты. 2017 жылдың қыркүйек айында Алматыда АСВ 69 турнирінің басты жекпе-жегінде бақ сынап, бразилиялық Тиаго Сильваға есе жіберіп алды. Желтоқсан айында ресейлік Александр Полпудниковке қарсы кездесуде қарсыласына төрешілер шешімімен жол берді. Бұл жекпе-жекте Арман жеңіле қоймаған. Тіпті ұйым басшысының өзі қазақстандық спортшы жеңіске жеткенін мойындаған-ды.

Қазақстандық спортшы АСВ ұйымымен тағы 4 жекпе-жек өткізуге келісімшартқа қол қойды. Бұл туралы Данияр Қасқарауов  мырза айта кетті.

- Соңғы жекпе-жектен кейін АСВ ұйымымен келісе отырып, ондай жағдай келісіде қайталанбас деген мақсатпен келісімді жалғастырдық. Александр Полпудниковке қарсы кездесудің нәтижесін өзгерткен жоқ. Төрешілерді алмастырды. Кешірім сұрап, Арманның жеңгеніне ешкім күмән келтіріп тұрған жоқ. Бүгін АСВ ұйымы аясында 4 жекпе-жек өткізу жайлы келісімшартқа қол қойдық, - деді.

Арманның 5 мамырдағы қарсыласы кім?

Қазақстандық спортшының қарсыласы – ресейлік (тегі армян) Акоп Степанян.  АСВ ұйымымен 2017 жылдың ақпан айында келісімшартқа қол қойған. "Снайпер" деген лақап атқа ие тәжірибелі ережесіз жекпе-жек шебері. ММА спортында 26 кездесу өткізген. Оның 19-да жеңіске жеткен. 7 рет жеңілген. АСВ 62 турнирінде Фелипе Крузды айналып теуіп құлатып, нокаутқа түсірген. Жекпе-жек кешінің үздік спортшысы атанған болатын. Дәл осындай стильде АСВ 61 турнирінде Арман Оспанов жапон Таичи Накажиманы нокаутқа түсірген еді. Спорт жанкүйерлері екі спортшы кездессе, тамаша шайқас боларын болжай бастаған. Алайда ол кезде екеуінің жоспары екі бөлек болды.

Акоп Степанян соңғы рет АСВ 74 турнирінде ұлыбританиялық Эндрию Фишермен кездесіп, жарақат алып, жекпе-жекте жеңілген. Спортшы көбіне тік тұрып жекпе-жек өткізеді. Себебі бокс, таеквондо және кикбоксингпен шұғылданған. Бұл спортшыны Данияр Қасқарауов мырза жақсы танитынын тілге тиек ете кетті.

- Акоп Степанянды бұрыннан жақсы білеміз. АСВ 86 турнирінің басты жекпе-жегінде шығатын Марат Балаев екеуі бір команда, бір жаттықтырушыда болды. Таеквондо, бокспен айналысқандықтан тік тұрып төбелеседі. Бір кездері қатты күресе алмағандықтан  АҚШ-қа барып, қателеспесем сонда жарыстарға қатысып, тәжірибе жинап келді, -  деді.

Арман соңғы жекпе-жектерінен кейін емделіп, жаттығу жұмыстарын бастады. Данияр мырзаның айтуынша, спортшы АҚШ-қа бармай (ары-бері уақыт жоғалтпай), Алматыда дайындалмақ жоспарда екен.

Тағы бір айта кететіні, АСВ 86 турниріне отандасымыз Асылжан Бақытжанұлы да қатысады. Оның қарсыласы әлі анықталған жоқ.

Басты жекпе-жекте ресейлік ережесіз жекпе-жек шеберлері Марат Балаев пен Юсуф Раисов кездеседі.

О. Сансызбай