Футболдан Қазақстан құрамасын ресейлік маман жаттықтырады

Футболдан Қазақстан құрамасын ресейлік маман жаттықтырады
Фото: kff.kz

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасын ресейлік маман Александр Бородюк жаттықтыратын болды. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясы ресми түрде хабарлады.

Қазақ футболшыларын осыған дейін Талғат Байсуфинов жаттықтырып келген еді. Бұл маман Александр Бородюктің қызметке келуімен жұмыссыз қалмайды. ҚФФ техникалық директоры лауазымы қызметін атқаратын болады. 17 жастағы жасөспірімдер құрамасынан бастап, ұлттық құрамаға дейін командалармен жұмыс жасайды. Командалардың жаттықтырушыларын ұйымдастырушылық және әдістемелік көмектер көрсетеді.

Александр Бородюктің Қазақстан құрамасын жаттықтыруы мүмкін екені 2013 жылдан бері айтылып келді. Ақыры екі тарап келісімге келіп, ресейлік маман Қазақстан құрамасын жаттықтыратын болды.

Александр үшін қазақ футболы таңсық емес. Ол 2015 жылдың желтоқсан айында Алматының «Қайрат» клубына жаттықтырушы болып тағайындалды. Алайда 2016 жылғы маусымда алматылық команданың алғашқы ойындары сәтсіз басталды. Төрт турдан кейін жаттықтырушы өз қызметінен кетті. Дегенмен командамен ҚР Суперкубогын жеңіп алды. Одан кейін жаттықтырушылық қызметте болған жоқ.

Ресейлік маманның бұл қызметке шақырылуында Федерацияның жаттықтырушылар кеңесі оның ұлттық құрамалармен жұмыс тәжірибесінің молдығы мен қазақ футболына жақындығын ескерген. Басты себептің бірі Александр Бородюктің біздің құрамамен жұмыс істеуге деген ықыласы болыпты. Ол бірқатар ұлттық құрамалар мен өзге елдердің футбол ұйымдарының ұсыныстарынан бас тартыпты да. 

Келісімшарт үш жылға есептелген. Жаңа жаттықтырушыға жергілікті жас таланттарды таныту, құраманы жасарту міндеті жүктеліп отыр. Қазақстан футбол федерациясы бұл тапсырманы жүзеге асыруға Александр Бородюктің мол тәжірибесі жететініне сенімді.

Айта кетейік, 55 жастағы маман бір жылдары «Крылья Советов», «Торпедо», секілді клубтар мен Ресейдің жастар құрамасында бас жаттықтырушы қызметін атқарған. Сондай-ақ Ресей ұлттық құрамасының да қосалқы бапкерлері қызметін атқарған. Гус Хиддинк пен Дик Адвокаттың көмекшісі болған.

О. Сансызбай