Алматыда Азияның мықтысы анықталады

Алматыда 17-21 қыркүйек аралығында барлық жас аралығы мен барлық категорияда зілтемірді жатып көтеруден Азия Чемпионаты өтеді. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі Азия Пауэрлифтинг Федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

Айта кетелік, Азия Пауэрлифтинг Федерациясы IPF нұсқасы бойынша пауэрлифтингтен әлемдік федерацияның мүшесі болып табылады. Шараның мақсаты Қазақстан мен Азия аймағында пауэрлифтинг спортын дамыту, осы арқылы қоғамды спортқа баулу, сонымен қатар, спортшылардың шеберлігін арттырып, мықтының мықтысын анықтау.

Шараны Қазақстан Республикасының пауэрлифтинг, бодибилдинг, фитнес және бодифитнес федерациясы «CLASSIS» спорт кешенімен бірігіп ұйымдастыруда. Чемпионаттың абыроймен өткізілуіне, сонымен қатар, Алматы қаласы әкімшілігі, Алматы қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы, ҚР туризм және спорт агенттігі өз үлестерін қоспақ.

Байрақты бәсекенің құрметті қонақтары ретінде Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, ҚР туризм және спорт агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев, Алматы қаласы спорт басқармасының басшысы Хайырболат Хайдаров, пауэрлифтингтен Азия федерациясының президенті Сусуму Ёшида, пауэрлифтингтен Азия федерациясының бас хатшысы Субрата Дутта және пауэрлифтингтен Әлемдік федерацияның президенті Ханни Смит шақырылып отыр.

Біріншілікке Азия құрлығының 20 елінен келген пауэрлифтингтен Әлем және Азия чемпиондары қатысады.

Чемпионаттың өткізілу орны мен уақыты:

Алматы қаласы, Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы. Абай көшесі, 44 (Байтұрсынов көшесінің қиылысы). Чемпионат 18.09.2012 - 21.09.2012 аралығында күн сайын сағат 10.00 - 18.00 аралығында өткізіледі. Чемпионаттың ресми ашылу салтанаты 18.09.2012 күні сағат 16.00-ге белгіленіп отыр.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: t-nation.com