Геннадий Головкинге қарсылас қашан табылады?

Бокстан WBA (Super), IBO және WBC (Interim) нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы отандасымыз Геннадий Головкинге қарсылас табылмай тұр. Қазіргі таңда қазақстандық боксшы қарсылас табылғанша уақытша жаттығу жұмыстарын тоқтатыпты.

Геннадий Головкиннің бапкері Абель Санчес «World Boxing News» басылымына берген сұхбатында шәкіртінің уақытша жаттығу жұмыстарын тоқтатқанын хабарлады. Себебі, келесі қарсылас анықталмай, дайындық жоспарын құру ерте екен.

- GGG қазір дайындалып жатқан жоқ. Қазіргі уақытта ол отбасымен жүр, - деді Абель Санчес. Сондай-ақ келесі қарсыластарын асыға күтіп жүргендіктерін де мәлімдеді. Біз келесі жекпе-жек қашан, кіммен өтетіні туралы білмейміз. Бұл мәселе төңірегінде промоутер Том Леффлер мен менеджері Олег Герман айналысуда. Жақын уақытта келісімге келген боксшыны айтады деген сенімдеміз. Содан кейін барып қана, жаттығу жұмыстарына кірісетін боламыз, - деді бапкері.

GGG және оның командасы 2015 жылы төрт кездесу өткізуді жоспарлаған болатын. Осыған дейін екі жекпе-жек өткізіп үлгерген отандасымыз келесі қарсыласымен қыркүйек айында жұдырықтасуды мақсат тұтып отырғанын да хабарлаған едік. Алайда Геннадий жұдырықтасқысы келетін боксшылар түрлі сылтаулармен кездесуден жалтарып отыр. Әзірге отандасымызға қарсыластың қашан табылатыны белгісіз қалып отыр.

Айта кетейік, Геннадий Головкин соңғы рет 17 мамырда америкалық кіші Вилли Монромен кездесіп, оны 6-шы раундта жеңген еді.