Астана шаршы алаңындағы «эль классико»

Астана шаршы алаңындағы «эль классико»
Фото: vk.com

Бүгінгі таңда бокстан командалық айқаста «Астана арландары» мен «Куба қабыландары» арасындағы кездесу ең қызықты дода болып тұр. AIBA бесінші рет ұйымдастырған WSB жобасының биылғы маусымында осы екі клубқа тең келер ұжым болмады. Бұл екеуі финалға дейін қарсыластарын үй демей, түз демей, қоғадай жапырды.

Финалда қайсысының жеңетінін ешкім де дөп басып айта алмайды. Футболдағы «эль классикоға» теңеп отырғанымыз да – содан. Екеуі де бір-біріне сай – азулы ұжымдар, қарымды командалар.

Рас, техникалық көрсеткіштері бойынша, маусым бойы «Cuba Domadores» клубының шоқтығы биіктеу болды. Олар биылғы маусымда «А» тобында 14 кездесу өткізіп, бәрінде де қарсыластарынан басым түсті. Осы 14 кездесуде 70 жекпе-жек өткізіп, 63-інде жеңіске жетіп, тек жетеуінде жеңіліске ұшырады. Ал жартылай финалда Мексика клубын 10:0 есебімен күйрете жеңді.

Ал «Астана арландары» «В» тобында үстемдік құрып, 14 кездесудің 13-інде мерейлері үстем болып, тек соңғысында жеңілістің кермек дәмін татты. Қазақстан клубының былғары қолғапты шеберлері 70 жекпе-жектің 56-сында жеңіске жетіп, 14-інде ұтылып қалды. Жартылай финалда азулы Ресей құрамасын 9:1 есебімен тас-талқан қылды.

Міне, өздеріңіз көріп отырсыздар, техникалық көрсеткіштері жағынан Бостандық аралының ең үздік боксшыларынан жасақталған команданың жетістіктері – сәл-пәл жоғарылау. Бірақ финалда бұл «сәл-пәл жоғарылық» теңеседі. Өйткені финал қазақ топырағында, Сарыарқа төсінде өтеді. Өз жерімізде боксшыларымызға жанкүйерлердің де, финалдық жекпе-жек өтетін спорттық кешеннің аурасы мен ауасының да ерекше әсер етіп, жігерлендіре түсерлері сөзсіз.

Бүгін, яғни финалдық кездесуі қарсаңында, Астанадағы «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығында екі күнгі былғары қолғап шеберлерінің шиеленісті «шайқастарына» арналған баспасөз жиыны өтті. Осы басқосуда білікті мамандарымызды сөзге тартқан едік:

Мырзағали Айтжанов, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:

– Куба қабыландары – өте қарымды боксшылар. Әрі соңғы жылдары қайтадан «қаһарларына» мініп, күшейе түсті. Сонау бір жылдардағы сәтсіздіктерінің орнын толтыра бастады. Ең бастысы, Бостандық елінің боксшылары азулы ұжым болып қалыптасты. Құрамдарында Олимпиада чемпиондары да, әлем чемпиондары да баршылық. Бірнеше жыл бойы өз салмақтарына үстемдік құрып жүрген тәжірибелі саңлақтары да баршылық. Бірақ олар да – ет пен теріден жаралған адамдар. Тіпті олардың боксшыларының да қабақтары жарылып, бет-ауыздары қанаған. Бәлкім, көздерінің көгеріп, беттерінің қызарғандары білінбес. Бірақ оларды да жеңуге болады. Финалда біздің жігіттер жеңеді. Сол үшін аянбай тер төктік.

Марат Жақиев, «Астана арландары» клубының бас бапкері:

– Жігіттер жан-жақты дайындалды. Бәрі де ел сенімін ақтауға дайын. Бәрін де «өз қарсыласыңды жеңуің керек» деп дайындадық. Ешқайсысына да қарсыласының атақ-даңқына қарап, «жеңілсең жер көтереді» деп отырған жоқпыз. Ал енді бақ шаба ма, бап шаба ма, оны ринг көрсетеді. «Бірінші күні ірі есеппен жеңіп алуымыз керек, екінші күні қиындау болады-ау» деп те отырған жоқпыз. Әрбір жекпе-жекте жеңіске жетуді көксейміз. Тек жеңіс керек бізге.

Карим Бузиди, WSB жобасының басшысы:

– Биылғы финалда нағыз мықты екі команда кездеседі. «Астана Арландары» – жыл сайын жоғары деңгейде өнер көрсетіп, тұрақтылығымен айрықша көзге түсіп жүрген команда. Кем дегенде жартылай финалға шығып, үшінші рет финалда бақ сынау құқығына қол жеткізді. Ал «Cuba Domadores» – қамшының сабындай қысқа уақытта осы жобаның көшбасшылары қатарына қосылған қарқыны өте жоғары ұжым. Екінші жыл қатарынан финалға шығып отыр.  

Автор: Нұрғазы Сасаев

О. Сансызбай