«Astana Arlans» vs «Cuba Domаdores». Қай клуб чемпион атанады?

«Astana Arlans» vs «Cuba Domаdores». Қай клуб чемпион атанады?
Фото: vk.com, vesti.kz

20-21 маусым күндері Астанада Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) 2015 жылғы маусымдағы жеңімпазы анықталады. Өткен маусымда чемпион атанған «Cuba Domаdores» қазақстандық «Astana Arlans» клубына қарсы өз атақтарын қорғайтын болады. Назарларыңызға кездесу алдындағы шолуымызды ұсынамыз.

WSB жобасының бесінші маусымының өзі жаңалықтарға толы болды. Біріншіден, 2016 жылғы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарының жолдамасы сарапқа салынды. Соның нәтижесінде 91 келіге дейінгі салмақта қазақстандық Василий Левит төрт жылда бір келетін доданың жолдамасын жеңіп алды. Екіншіден, биылғы жарысқа 16 елдің командасы қатысты. Бұл да боксшылардың тәжірибе мен ұпай жинауы үшін берілген үлкен мүмкіндік болды.

«Сuba Domadores» 2015 жылғы WSB жобасының «А» тобында бақ сынап барлық кездесулерінде жеңіске жетті. Жалпы бұл жыл кубалық боксшылар үшін аса сәтті өтуде. Ұлттық құрама былғары қолғап шеберлері халықаралық жарыстарда көзге түсіп келеді. Олимпиада және өзге де ірі жарыстарда елдің намысын қорғайтын көп боксшылар осы - «СubaDomadores» құрамында. Оның алтауы WSB жобасы аясында 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының жолдамасына ие болып үлгерді. Осы уақытқа дейін өткізген 15 кездесуінің барлығында жеңіске жеткен «Бостандық аралының» клубы о баста жарыстың басты фавориттерінің бірі болатын.

Марат Жақиев жаттықтыратын «Astana Arlans» та бесінші маусымды сәтті өткізіп келеді. Қазақстандық клуб та о баста жарыстағы басты фавориттердің бірі болып саналған. Тіпті Қазақстан мен Куба арасындағы клубтардың финалда кездесетініне күмән келтірушілер де аз болды. Отандастарымыз топтық кезеңнің соңғы турында «Italia Thunder» клубына ғана есе жіберді. Жартылай финалда ресейлік қарсыластарын екі күнгі жекпе-жектер қорытындысы бойынша 9:1 есебімен ұтты.

«Бостандық аралының» командасы Астанаға азулы құраммен келді. Ал жекпе-жекке шығарғалы отырған 10 боксшысының 6-ы Олимпиада жолдамасын иеленіп үлгерген. Қос команданың финалда жұдырықтасатын құрамы кеше белгілі болды.

WSB финалын 49 келіге дейінгі салмақта Теміртас Жүсіпов пен Йоанис Оскар Аргилагос Перес бастайды. Кубалық боксшы осы аламан тарихындағы ең жас қатысушылардың бірі. 18 жастағы Йоанис Аргилагосқа «Бостандық аралының» бапкерлері үлкен сенім артып отыр. Ол осыған дейін жеті кездесу өткізіп, бесеуінде жеңіске жетті. Ал бұл салмақтағы рейтингте 23 ұпаймен төртінші орынға тұрақтап, Олимпиада жолдамасын иелене алмады. Өткен жылы бұл салмақта «Сuba Domadores» клубының намысын Йосвани Вейтиа Сото қорғаған болатын. Ол биыл 52 келіге дейінгі салмаққа ауысып кетті. Ал жас талант Йоанис Аргилагос оның орнын баса білді. Ал Теміртасқа келер болсақ, осал боксшы емес. Тек WSB жобасында аса көп кездесу өткізген жоқ. Үш жекпе-жекте еліміздің намысын қорғап екеуінде жеңіске жете білді. Өзге кездесулерде Ержан Жомарт жұдырықтасты. Бәлкім бас бапкер Марат Жақиев Теміртасты финалға дайындаған болар. Бірінші жекпе-жекте жеңіске жетудің маңызы жоғары.

Астанадағы финалдың екінші жекпе-жегіне 56 келіге дейінгі салмақтағы боксшылар көтеріледі. Бұл салмақта «Сuba Domadores» бапкері Роландо Асабель 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Робейси Рамиресті емес, Энди Крус Гоместі шығарғалы отыр. Екі боксшы да осал емес. Энди Крус бұл маусымдағы бес жекпе-жегінде де жеңіске жеткен. Оған қарсы «Astana Arlans» сапынан ұлттық құрама боксшысы Қайрат Ералиев жұдырықтасады. Қайраттың қарымы мен әдіс-тәсілі мықты, енді физикалық тұрғыдан дайын болса болғаны. Өйткені, осыған дейінгі екі кездесуде де соңына шаршап қалғанын аңғарғандай болғанбыз. Ал Мейірболат Тоитов ше? Ол осы салмақта төрт кездесу өткізіп, бәрін жеңді. Жанкүйерлер Мейірболат неге шықпады деген сауалға жауап іздері де даусыз. Себебі, Мейірболат шешуші жекпе-жекте өнер көрсетуі мүмкін. Екі күнгі кездесулер қорытындысы бойынша тең есеп тіркелетін болса, қосымша жекпе-жекке 56 келіге дейінгі салмақта Мейірболат Тоитов пен Робейси Элой Рамирес жұдырықтасатын болады.

64 келіге дейінгі салмақта кубалықтар сапынан Ясниер Толедо Лопес өнер көрсетеді. Ол осыған дейінгі алты кездесуін де жеңіспен аяқтап, Рио жолдамасын иеленіп үлгерген. Ал оның мысын басу үшін «Astana Arlans» капитаны Самат Башенов шаршы алаңға көтерілетін болады. Самат бұл маусымда бес кездесу өткізіп, барлығын жеңіспен аяқтады. Қазақстандық боксшы қорғаныста жүріп қарсыласын қапы қалдыратын нағыз сайыпқыран. Ол осыған дейінгі кездесулерінде мұны дәлелдей білді деуге негіз бар. Ал Асхат Уәлиханов бұл маусымда өзін таныта алған жоқ. Естеріңізде болса, 2014 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында Ясниер Толедо Лопесті Мерей Ақшалов финалда жеңген болатын.

75 келіге дейінгі салмақта «Сuba Domadores» Арлен Лопес Кардонаға сенім артып отыр. Ол осы салмақта Рионың екінші жолдамасын иеленген. Жеті рет шаршы алаңға көтеріліп, бір кездесуінде жеңіліс тапқан. Ал оған қарсы Мейірім Нұрсұлтанов жұдырықтасады. Жанкүйерлер Жәнібек Әлімханұлы қатысар деп ойлаған болатын. Бірақ Жәнібек Талдықорғандағы Спартакиадада жарақат алып қалған-ды. Десе де Мейірім бұл маусымда керемет өнер көрсетіп жүр. Бес кездесу өткізіп, барлығын жеңіспен аяқтады. Тіпті, Жәнібек шыққан екі жекпе-жекке қатысқанда жолдамаға қолы жетіп те қалар ма еді? Бірақ бапкерлердің өз жоспары бары рас. Енді Мейірімге Олимпиада жолдамасын иеленген Арлен Лопес Кардонадан мықты екенін дәлелдейтін кез жетті.

Финалдың бірінші күнгі жекпе-жегін 91 келіге дейінгі салмақта Василий Левит пен Эрисланди Савон Котилла қорытындылайды. Екі боксшы да осыған дейін жеті жекпе-жектен өткізіп, барлығын ұтқан. Екеуі де Рио Олимпиадасының жолдамасын иеленген. Енді өзара мықтыны, финалдағы жеңімпазды анықтайтын шешуші шайқаста дәлелдейді. Қазақстандық жанкүйерлер Василий Левиттен бірінші, екінші раундта жеңіс күтетіні анық.

Екінші күнгі жекпе-жектерді 52 келіге дейінгі салмақтағы боксшылар бастайды. Кубалықтар шаршы алаңға Йосвани Вейтиа Сотоны шығарғалы отыр. Ол осы маусымдағы 7 кездесуін де жеңіспен аяқтап, Олимпиада жолдамасын иеленді. Қарсылас шыдатпай келеді. Ал оған қарсы Олжас Сәттібаев жұдырықтасатын болады. Қазақстандық боксшы бұл маусымда төрт жекпе-жекке шығып, біреуінде ғана қарсыласына есе жіберді. Команданың негізгі құрам боксшысы намысты қолдан бермейді деген сенімдеміз.

60 келіге дейінгі салмақта «Сuba Domadores» Закир Сафиуллинге қарсы Ласаро Хорхе Альварес Эстраданы шығарғалы отыр. Ол осыған дейін екі рет әлем чемпионаты мен Олимпиаданың қола жүлдесін еншілеген. Ал бұл маусымдағы WSB жобасындағы 7 кездесуін де жеңіспен аяқтап, Рио-де-Жанейро Олимпиадасына жолдама жеңіп үлгерді. Ал Закир осыған дейін 4 кездесу өткізіп, 1-еуінде ғана қарсыласынан басым түсті. 3 рет жеңіліс тапты. Сондай-ақ бұл салмақта Ержан Мұсафиров пен Роман Щегринов болатын. Бапкерлер қосыны Закирді дайындығына қарай финалда бақ сынауына мүмкіндік беріп отыр.

69 келіге дейінгі салмақта жанкүйерлер қазақстандық клуб сапынан Данияр Елеусінов бақ сынайды деп ойлағаны жасырын емес еді. Десе де ұлттық құрама капитаны қазір нағыз бабында емес. Оны осыған дейінгі екі кездесуінен байқадық. Нәтижесінде бас бапкер Марат Жақиев финалдық кездесуге Асланбек Шымбергеновті шығарғалы отыр. Ол осы маусымда үш жекпе-жек өткізіп, екеуін жеңіспен аяқтады. Ал кубалық қарсыласы да осал емес. Роньель Иглесиас Сотолонго осыған дейін алты рет шаршы алаңға шығып, төртеуінде жеңіске жеткен. 20 ұпаймен Рио жолдамасын иелене алған жоқ.

81 келіге дейінгі салмақта кубалық клубтың намысын Хулио Сесар ла Крус Пераса қорғайды. Оның есімі қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. Алматыдағы әлем чемпионатында Әділбек Ниязымбетовтен айласын асырып, чемпион атанған болатын. Екі дүркін әлем чемпионына қарсы Нұрдәулет Жарманов жұдырықтасады. Қазандағы Универсиадада қола жүлдегер атанған қазақ боксшысына артылар үміт көп. «Astana Arlans» сапындағы алғашқы жекпе-жегін сәтсіз бастағанмен, финалды сәтті аяқтайды деген сенімдеміз.

Аса ауыр салмақта кубалық бапкерлер Астанаға Йоханди Тойрак Ортеганы ала келді. Ал бұл маусымда негізінен 91 келіден жоғары салмақта Ленье Перо Юстис көзге түскен болатын. Ол жеті жекпе-жегінің алтауында жеңіске жетті. Десе де «Astana Arlans» легионері Филипп Хрговичтің нәтижесі одан жоғары болып, жолдамадан қағылды. Йоханди Тойрак Ортега да осал емес. Өткен маусымда сәтті өнер көрсеткен боксшылардың бірі. Ал қазақстандық клуб оған қарсы Иван Дычконы шығарғалы отыр. Ұлттық құраманың белді боксшысы жанкүйерлерді жерге қаратпайды деген үміттеміз.

Астанада өтетін WSB жобасының финалы нағыз тартысқа толы болғалы тұр. Жанкүйерлер бұл бокс кешін «Хабар» арнасынан тікелей эфирде тамашалай алады. Жерлестерімізге жеңіс тілейміз!

О. Сансызбай