Дзюдодан Азия чемпионатында алтын медаль бұйырмады

Дзюдодан Азия чемпионатында алтын медаль бұйырмады
Фото: fdk.kz

Бүгін Кувейт астанасы Эль-Кувейтте дзюдодан Азия чемпионаты командалық белдесу сынынан кейін мәресіне жетеді. Екі күні бойы өткен жекелей өнер көрсетуде қазақстандық дзюдошылар алтын жүлде иелене алмады.

Қазақстан құрамасы сапынан финалға дейін Максим Раков қана жетті. 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесетін отандасымыз алғашқы кездесуінде моңғолиялық Ариун-Эрден Батбаярды жеңді. Келесі кезеңде тәжік спортшысы Саиджалол Саидовтан басым түсіп, финалға жолдама алу үшін Қырғызстан дзюдошысын тізе бүктірді. Шешуші белдесуде қарсыласы жапондық Кайхан Такагиге ұтылып, күміс медаль еншіледі.

Қазақстандық өзге дзюдошылар финалға жете алмады. Көбі жартылай финал мен жұбаныш белдесуде ғана қола жүлде үшін таласты. Азия чемпионатының бірінші күнінде ел сенім артқан Елдос Сметов қырғыз Отар Бестаевтан иппон әдісімен ұтылып қалған болатын. Қола жүлде үшін таласқан алты спортшының ішінен Елдос Жұмаханов пен Мариан Ордабаева ғана қарсыластарынан басым түскен-ді. Жарыстың екінші күні Гүлжан Исанова (+78 келі) мен Ержан Шынкеев (+100 келі) қола жүлдегер атанды. Ал 7 спортшымыз бесінші орыннан көрінді.

Кувейттегі Азия чемпионаты бүгін командалық сынмен жалғасады. 1 күміс 4 қола еншілеген отандастарымыз жалпыкомандалық есепте 6-шы орында тұр. 

Айта кетейік, дзюдодан 2015 жылғы әлем чемпионаты тұңғыш рет Астана қаласында өтетін болады. 2016 жылғы Рио Олимпиадасына лицензиялық ұпайлар тарататын жарыс 24-30 тамыз аралығына жоспарланған.

Ұқсас жазбалар

Кувейтте Елдос Жұмаханов пен Мариан Ордабаева қола жүлде еншіледі

Қазақстандық дзюдошы Азия чемпионатынан шет қалды

О. Сансызбай