Тарихи Олимпиада туралы кітап жарыққа шықты (видео)

Тарихи Олимпиада туралы кітап жарыққа шықты (видео)

Алматыда танымал спорт журналисі және спорт қайраткері Несіп Жүнісбайұлының «Золотой Олимпийский маршрут» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Кітап ХХХ жазғы Олимпиада ойындарындағы Қазақстан спортшыларының тарихи ерен жетістіктері туралы жазылған. Әрі Сочи Олимпиадасы туралы да біраз баяндалған.

360 беттік қалың кітапта спортшылардың мыңға жуық суреттері топтастырылған. Олимпиада ойындарын бастан-аяқ өз көзімен көріп, Қазақстан спортшыларының жарқын жеңістеріне куә болған Несіп Жүнісбайұлы өз ойын қағаз бетіне тебірене отырып түсіргені анық байқалады. Орыс тілінде жазылған автордың еңбегі - алдындағы Олимпиада ойындары туралы жазылған үш кітабының жалғасы іспетті.

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне еліміздің танымал спорт журналистері мен беделді тұлғалар қатысты. Жиынға спорт журналистикасында өшпес ізін қалдырған Сайын Тұрсынов, қазақ телеарнасында бірінші болып спорттық шараларды жүргізген комментаторлар – Диас Омаров пен Сұлтанғали Қаратаев, таэквондо сынды спорт түрін қазақ топырағына әкеліп, тамыр жайғызған тау тұлғалы азамат Мұстафа Өзтүріктің шәкірті Қайрат Қырғызбаев, Несіп Жүнісбайұлының ұстазы Сейдахмет Бердіқұловтың баласы Санжар Бердіқұлов, Республикалық спорт колледжінің директоры Амалбек Тышанов, даңқты спортшы, грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, және спорт тілшілері қатысты. Ал, тұсау кесер рәсімін «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі Нұртілеу Иманғалиұлы жүргізді.

Жиын барысында Несіп Жүнісбайұлы кітаптың тұсаукесеріне келген барша тілеулестеріне өз қолтаңбасы қойылған кітабын сыйлап, алғысын білдірді. Сонымен қатар, Қазақстан құрамасына толайым табыстар сыйлаған Лондон Олимпиадасы туралы айта кетті. Ал кітаптың алғысөзін автор төмендегідей оймен бастапты.

- Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындары Қазақстан құрамасы үшін тарихи ұлы жеңіс болды. 7 алтын медальмен жалпыкомандалық есепте 12-ші орыннан көрінді. Мұндай жетістікті жақын уақытта жаңартпақ түгіл, қайталаудың өзі оңай емес. Мен солай ойлаймын, - деген автор.

Айта кетейік, Несіп Жүнісбайұлының осыған дейін «Үшінші раунд», «Ауылдан шыққан алыптар», «Футболмен тыныстаған Испания», «Мексикадағы футбол тойы», «Әкемнің қамшысы», «Олимпиский маршрут», «Олимпиский маршрут продолжается», «Олимпиский маршрут:китайское чудо», «Ережесіз белдесу», «Намыс жыртар ұл қайда?» және «Бас иемін!» атты кітаптары әр жылдарда жарыққа шыққан болатын. 

Сурет: massaget.kz

Оқи отырыңыз

«Бір атаның балалары доп тебеді» додасында Көкеевтер әулеті топ жарды

О. Сансызбай