Жеңіп тұрып, жеңілдік (видео)

Ресей жерінде өтіп жатқан «Достастық кубогы-2015» халықаралық турнирінде Қазақстан жастар құрамасы жүлделі орыннан көрінуден үміт үзді. Саулюс Ширмялис шәкірттері Беларусь жастарына ойын соңындағы пенальти сериясында есе жіберіп алды.

Кездесуді екі команда да ширақ бастады. Жылдам гол соғуға ұмтылған. Бірақ, бұл ұмтылыстары бірінші таймда нәтиже бермеді. Екі құраманың да қорғаушылары бірнеше рет қателесті. Өкінішіке орай, футболшылар бір-бірінің қателіктерін пайдалана алған жоқ. Тек екінші таймда ғана есеп ашылды.

64-ші минутта қорғаушылар арасынан оқ бойы озып шыққан «Тобыл» командасының талантты жартылай қорғаушысы Рауль Джалилов Қазақстанды алға шығарды. Бірінші нөмірмен ойнап келе жатқан беларустар таразы басын теңестіруге тырысты. Араға 15 минут сала Саулюс Ширмялис командасы қорғаушыларының қателігін оңтайлы пайдаланған қарсыластар есепті теңестіріп кетті. Қазақстан жастары қолда тұрған жеңісті сақтап қала алмады. Нәтижесінде ойын соңына дейін 1:1 есебіне өзгеріс енбеді. Халықаралық турнир ережесіне сәйкес, негізгі уақыт аяқталғаннан кейін командалар 11 метрлік айып добы арқылы жеңімпазды анықтады.

Пенальти сериясында Беларусь жастарының бағы жанды. Қазақстандықтар сапынан Рауан Сариев қана мергендігімен танылды. Бірақ, Мирас Түлиев, Берік Шайхов пен Абат Айымбетов 11 метрден қақпаны дәл көздей алмады. Станислав Павловтың қайтарған бір соққысы Қазақстан жастар құрамасына көмектесе алмады. Нәтижесінде қарсыластар пенальтиде 3:1 есебімен жеңіске жетті.

Айта кетейік, Қазақстан жастар құрамасы «Достастық кубогында» үшінші жыл қатарынан ширек финалда беларустарға жол берді. Топтан ілініп-салынып шыққан Саулюс Ширмялис шәкірттерін халықаралық турнирде сәтті өнер көрсетіп жатыр деп айта алмаймыз. Десе де алда V орын үшін өтетін ойындар бар. Отандастарымыз Ресей мен ОАР құрамаларының жеңілгенімен кездесетін болады.

Cурет: com-cup.ru