Дзюдодан 2015 жылы өтетін байрақты бәсекелер

2015 жылғы байрақты бәсекелердің маңызы жоғары. Өйткені, көбінде дерлік келер жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына лицензия таратылады. Осыған орай, бүгін сіздерге дзюдодан осы жылы өтетін ірі додалар туралы айтатын боламыз.

2015 жылдың сәуір айында ғана дзюдодан халықаралық жарыстар өтпейді екен. Өзге айлардың барлығында ірілі-ұсақты жарыстарды кездестіруге болады. Ал біз солардың ішіндегі ең маңыздыларына тоқтала кетуді жөн санап отырмыз.

Қаңтар айының 21-і мен ақпанның 5-і аралығында Жапония астанасы Токиода халықаралық лицензиялық турнир өтеді. Ал бүгін дәл осындай турнир Өзбекстан астанасы Ташкентте өз мәресіне жетуде.

28 ақпан мен 1 наурыз аралығында Польша астанасы Варшавада Европа кубогы байрақты бәсекесі өтеді.

13-17 мамыр аралығында Кувейттің Кувейт-Сити қаласында ересектер арасында Азия чемпионаты жалауын көтереді. Бұл додаға да еліміздің татами шеберлері қатысатын болады.

6-7 маусымда Беларусь елінің астанасы Минскіде Европа кубогының кезекті кезеңі өтеді.

5-9 тамыз аралығында Босния және Герцеговина елінің астанасы Сараевода жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтеді.

2015 жылғы дзюдодан Олимпиада ойындарына лицензиялық ұпайлар тарататын әлем чемпионаты 24-30 тамыз аралығында Астана қаласында өтеді. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған бұл доданың маңызы жоғары. Оған әлемнің ең үздік балуандары қатысатын болады. Отандастарымыздың да Олимпиада жолдамасы үшін өтетін белдесулерде негізгі ұпайларды иеленіп қалуға мүмкіндігі мол. Осыған орай, жақында ғана «дзюдо федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бірінші вице-президенті Мықтыбеков Маратбек Сәменбекұлы 2015 жылғы әлем чемпионаты жайлы өз ойын жеткізген еді:

- Қазақстан үшін халықаралық дзюдо федерациясының Астана қаласында дзюдо күресінен әлем біріншілігін өткізу құқығы берілгендігі біз үшін маңызды. Бұл дзюдоның елімізде ары қарай насихатталуына мүмкіндік бермек.

2013 жылдың қыркүйегінде халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер, Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Кеңес Рақышев және Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов келешектегі дзюдо орталығының құрылысына сәттілік тілеп, алғашқы кірпішін қалаған еді, нысанның құрылысы 2015 жылы аяқталмақ, - деген-ді.

Расында да байрақты бәсекенің елімізде ұйымдастырылуы ел спорты үшін ғана емес, дзюдошыларымыздың да жеңіске жету үшін талпынуына қамшы болары сөзсіз.

Әлем чемпионатынан кейін Астана қаласы 25-27 қыркүйек аралығында «Гран-При» кезеңін қабылдайтын болады. Сонымен қатар, бұл доданың өзге де кезеңдері Дюссельдорф, Тбилиси, Будапешт, Ташкент, Кингдао және Джеджу қалаларында өтеді.

23-27 қазан аралығында Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қаласында жастар арасында әлем чемпионаты өтеді.

Бұл аталған ірі додалардан өзге «Үлкен дулыға» халықаралық турнирінің кезеңдері әр елде өтетін болады.

2015 жылғы байрақты бәсекелерде ел намысын қорғайтын дзюдошыларымызға жарқын жеңістер тілейміз!

Сурет: massaget.kz, worldjudo2015.kz