Чемпиондар лигасы. Роналду бүгін қанша гол соғады?

Бүгін футболдан Чемпиондар лигасының төрт тобында соңғы ойындар өтеді. Осыған орай, кездесулер алдында шолуымызды ұсынамыз.

«А» тобы

«А» тобында мадридтік «Атлетико» ғана топтық кезеңнен шығу мәселесін шешіп үлгерген. Ал туриндік «Ювентус» пен пирейлік «Олимпиакос» екінші жолдаманы иеленуге бүгін күш салады. Ал бастысы – бұл топтағы командалар өз орнын осыған дейін тұрақтап үлгерген жоқ. Себебі, бүгін Туринде «Ювентус» «Атлетиконы» 2 доп басымдығымен жеңіп жатса, бірінші орынға шығады. Ал «Мальме» Пирейде «Олимпиакосты» сүріндіріп жатса, Еуропа лигасына жолдама алатын болады. Ал, италиялық клуб жеңіліп, грек ұжымы жеңіске жетсе, жағдай мүлде басқа болмақ.

Туриндік «Ювентус» өткен жылы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінен шыға алмай қара басқан еді. Бұл маусымда да сол қателігін қайталауға шақ келді. Тек абырой болғанда, V турда түзде «Мальмені» жеңіп, үміттерін жалғады. Десе де италиялық ұжым өз алаңында сәтті өнер көрсететін клубтардың қатарынан. Бүгін алаң иелеріне тең есеп те қол болғалы отыр. Егер екі доп басымдығымен жеңіп жатса, топты бірінші орынмен қорытындылайтын болады. Ал «Атлетиконы» да осал қарсылас деп бағалауға болмайды. Соңғы 5 ойында 1 гол ғана қақпаларына өткізген. Егер Туринде бір гол айырмасымен жеңіліп жатса да, клуб үшін маңызы көп бола қоймайды. Өйткені, өткен маусымдағы Чемпиондар лигасының финалисті топтық кезеңнен шығу жолдамасын иеленіп қойған.

Бұл топтағы екінші ойын Грекияның Пирей қаласында өтеді. Жергілікті «Олимпиакос» швециялық «Мальмені» қабылдайды. Ойындағы сөзсіз фавориттер де алаң иелері. Десе де екі команда арасындағы Мальмеде өткен алғашқы ойында швециялық клуб күтпеген жерден 2:0 есебімен жеңіп кеткен болатын.

"A" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс         Голдар         Ұпай     1.    Атлетико М 5 4 0 1 14:3 12 2.    Ювентус 5 3 0 2 7:4 9 3.    Олимпиакос     5 2 0 3 6:11 6 4.    Мальме 5 1 0 4 2:11 3


«В» тобы

Чемпиондар лигасында ұпайдан шашау шығармаған команда – мадридтік «Реал». Топтан да ертерек шығып үлгерді. Ал екінші жолдамаға ие болған команда бүгін анықталады. Оған ағылшындық «Ливерпуль» мен швейцариялық «Базель» таласады. Ал топта аутсайдер саналғанмен, тәуір ойынымен Еуропа назарын аударған болгариялық «Лудогорец» бүгін еурокубок ойындарындағы соңғы ойынын өткізері анық.

Бүгін түндегі жанкүйерлер назарын аударар кездесулердің бірі Англиядағы «Энфилд» стадионында өтеді. «Ливерпуль» «Базельмен» екінші жолдамаға таласады. Бұл мерсисайдтық клуб үшін - соңғы мүмкіндік. Алаң иелеріне тек жеңіс керек болса, Паулу Соуза шәкірттерін тең ойын да қанағаттандырады. Өйткені, екі команда арасындағы бірінші ойында «Базель» бір доп басымдығымен жеңіске жеткен еді. Үлкен мәнге ие ойында бірі жеңіске жетіп, «Реал» Мадридте қонақтарға 3 ұпай сыйлап жатса, «Лудогорец» Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шығып кетуі де ықтимал. Сонымен қатар, бүгін «Ливерпуль» сапынан ойынға Марио Балотелли мен Даниэл Старридж қатыса алмайды. Футбол мамандары болса алаң иелері жеңіске жетеді деп болжауда.

«В» тобындағы екінші ойын «Сантьяго Бернабеуде» өтеді. Бұл кездесудің фавориттері – айтпаса да белгілі. Ғайыптан тайып, болгар клубы «Реалдан» ұпай еншілеп жатса, «корольдік клубтың» 18 ойынға созылған жеңісті сериясына нүкте қояды. Сонымен қатар, Криштиану Роналду өткен кездесудегідей хет-трик орындап жатса, Лионель Месси рекордын (Чемпиондар лигасындағы ең үздік сұрмерген) қайталайтын болады. Егер покер немесе джокер авторы атанып жатса, аргентиналық сұрмергенді басып озады.

"В" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс         Голдар         Ұпай    1.    Реал 5 5 0 0 12:2 15 2.    Базель 5 2 0 3 6:7 6 3.    Ливерпуль 5 1 1 3 4:8 4 4.    Лудогорец      5 1 1 3 5:10 4


«С» тобы

«С» тобында леверкузендік «Байер» V тур ойындарынан кейін плей-оффқа шығып үлгерді. Ал екінші жолдамаға бүгін «Монако» мен «Зенит» таласатын болады. Ал лиссабондық «Бенфика» 2014/2015 жылғы маусымдағы соңғы ойынын өткізеді.

Француздың «Монакосы» бұл маусымдағы сәттілік жолдас болған командалардың бірі. Олай айтуымызға себеп те жоқ емес. Олар 2 ойында жеңіске жетсе, 2 ойында тең есеп тіркеген. Бір кездесуде жеңіліс тапқан. Барлығы 2 гол ғана соғып, 1 гол ғана қақпаларына өткізген. Бүгін «Зенитпен» тағы тең ойнап жатса, осы көрсеткішпен-ақ топтан шықпақ.

Ресейлік ұжымның құрамы ойынға толықтай дайын. Ал, алаң иелері қатарынан ойынға жарақаттарына байланысты Жоффрей Кондогбья, Рикарду Карвалью және Лейвин Курзава қатыспайтын болды. Жеңгенін – Чемпиондар лигасы, жеңілгенін – Еуропа лигасы күтіп тұр.

Бұл топтағы екінші аса маңызға ие емес. Тек «Байер» бірінші орын үшін таласса, «Бенфика» маусымның соңғы ойынында жеңіске талпынып көретін болады. Қонақтар қатарынан ойынға Штефан Райнарц пен Кириакос Попадопулос қатыса алмаса, алаң иелері сапынан Рубен Аморим, Любомир Фейс және Элизеу ойнамайды.

"C" тобы     Ойын        Жеңіс         Тең        Жеңіліс         Голдар         Ұпай    1.    Байер 5 3 0 2 7:4 9 2.    Монако 5 2 2 1 2:1 8 3.    Зенит 5 2 1 2 4:4 7 4.    Бенфика     5 1 1 3 2:6 4


«D» тобы

Бұл топта аса маңызға ие ойын жоқ. Тек, бірінші орыннан көрінетін команда ғана бүгін анықталатын болады. Ал осыған дейін Чемпиондар лигасына берілер екі жолдама мен Еуропа лигасына барар клуб анықталып үлгерген болатын.

Чемпиондар лигасының V тур қорытындысы бойынша, ең аз ұпай жинаған командалар - түркиялық «Галатасарай» мен кипрлік «АПОЭЛ». Бүгін түркиялық команда өз алаңында лондондық «Арсеналды» қабылдайды. Екі команда арасындағы бірінші ойында «канонирлер» 4:1 есебімен жеңіске жеткен еді. Футбол мамандары болса, бұл ойында аса көп гол соғылмайды деп болжауда.

Топтағы екінші ойын «Сигнал Идуна Парк» стадионында өтеді. Дортмундтық «Боруссия» Еуропа лигасына жолдама алған «Андерлехтті» қабылдайды. Алаң иелері үшін тең ойын да бірінші орнын сақтап қалу үшін тиімді. Бірақ, бундеслигада бағы жанбай жүрген Юрген Клопп шәкірттерінің ойыны Чемпиондар лигасында түлеп салатын бар. Сондықтан, команда ойыншылары мен жанкүйерлерін жігерлендіру үшін бүгінгі кездесудің маңызы жоғары саналады.

"D" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең        Жеңіліс        Голдар        Ұпай    1.    Боруссия Д 5 4 0 1 13:3 12 2.    Арсенал 5 3 1 1 11:7 10 3.    Андерлехт 5 1 2 2 7:9 5 4.    Галатасарай      5 0 1 4 3:15 1


Айта кетейік, барлық кездесулер Астана уақытымен түнгі 01:45-те басталады.

Сурет:AFP