Воскобоева "Ролан Гарростың" ширекфиналында

Қазақстандық теннисші Галина Воскобоева Франция ашық чемпионатының микст тобында ширекфиналға жолдама алды. 

Итальяндық Даниэле Браччиалемен жұпта ойнаған Воскобоева қажырлы күресте аргентиналық дуэт Гисела Дулко / Эдуардо Шванктан үстем түсті. Кездесу 6:4, 7:5 есебімен аяқталды. Айта кетсек, екінші сетте аргентиналықтар ойын барысын өзгертуге жақын болды. Қарсыластың жасаған брейгінен соң, Воскобоева мен Братччиале есеп теңестіріп, жеңіске жетті. 

Қазақстан-итальяндық жұптың келесі қарсыласы испандық Нуриа Вивес пен асвтриялық Оливер Марач болады. Естеріңізге сала кетсек, бұдан бұрын Воскобоева "Ролан Гаррос" турнирінің жұптық және жеке тобында өнер көрсетуді аяқтаған болатын. 

Сондай-ақ қазақстандық теннисші Анна Данилина жасөспірімдер арасында болып жатқан Франция ашық чемпионатын нәтижелі бастады. Ол алғашқы айналымда чехиялық Барбора Крежчиковадан басым түсіп,  7:5, 6:2 есебімен жеңіске жеткен еді. Келесі айналымда Даниланың қарсыласы ресейлік Ольга Дорошина болмақ. 

Сурет: prosportkz.kz