Мәнерлеп сырғанаудан Әлем чемпиондары Денис Теннің мұз шоуында бас қосты

Мәнерлеп сырғанаудан Әлем чемпиондары Денис Теннің мұз шоуында бас қосты

Жанкүйерлердің көптен күткен «Денис Тен және достары. Олимпиада энергиясы» мұз шоуы Алматыда жоғары деңгейде өтті. Қазақстандық фигурист, Сочиде өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Денис Тен мәнерлеп сырғанаудан әлемнің ең танымал фигуристерінің басын қосып, көрермендерге естен кетпес кеш сыйлады. Шоуға келген қонақтар айшықты өнерлерін көрсетіп, чемпионаттарда орындап жүрген күрделі айналымдар мен үш және төрт аксель секірістерін паш етуден аянбады.

Кешті екі Нұрлан - әнші Нұрлан Абдуллин мен Нұрлан Қоянбаев жүргізді. Ал екінші бөлігінде оларға Алексей Ягудин қосылды. Төрт дүркін Әлем чемпионы, үш дүркін Еуропа чемпионы Алексей Ягудин кешке арнайы қонақ ретінде шақырылған.

Жыл сайын шоуға жиналған фигуристер арнайы тігілген костюмдермен және хореографиялық дайындықпен топтық өнер көрсетеді. Бұл жолы да фигуристер тобы алдын ала әзірленген бимен шоудың шымылдығын ашты. Топтық бидің ортасында мұз айдынына осы шоуды өткізуге ұйытқы болған Азия ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Денис Тен ортаға шықты. Ол қазірде әлемдік хит болып жүрген Сэм Смиттің «Money on my mind» әніне билеп, көпшіліктің, оның ішінде жастардың көңілінен шықты.

Денис Теннің жеңіл қолымен, еркін биімен ашылып берген мұз айдынында әлемге танымал фигуристер бірінен кейін бірі шығып, өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсетіп жатты. Бірі түрлі чемпионаттарда орындаған қысқа бағдарламаларын көрсетсе, бірі еркін бағдарламаларын ұсынды. Көбі әлемдік хиттерге билеп, көрермендердің де көңілді, сергек отыруына ықпал етті.

Канаданың алты дүркін чемпионы, Ванкуверде өткен Қысқы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Джоанна Рошетт

Екі дүркін Әлем чемпиондары, бес дүркін Еуропа чемпиондары, Туринде өткен Қысқы Олимпиада ойындарының бас жүлдегерлері Максим Маринин мен Татьяна Тотьмянина

Әлем Чемпионы, үш дүркін Еуропа чемпионы, Францияның сегіз дүркін Чемпионы Бриан Жубер

Әлем чемпионаттарының қола жүлдегерлері, Еуропаның екі дүркін чемпионы Натали Пешала мен Фабьян Бурза, Франция

Жасөспірімдер чемпионатының жүлдегері Элладж Балде, Канада

Ресейлік акробаттар Владимир Беседин мен Алексей Полищук ерекше шоу көрсетіп, күлкілі нөмірлерімен көрерменді қарық қылды

Сочиде өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионаттарының қола жүлдегері, бес дүркін Еуропа чемпионы Каролина Костнер, Италия

Олимпиада чемпиондары, Әлем чемпиондары, Еуропаның үш дүркін чемпиондары Максим Траньков пен Татьяна Волосожар, Ресей

Туринде өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, екі дүркін Әлем чемпионы Стефан Ламбьель, Швейцария

Фигуристерден өзге, шоуға сонымен қатар Америкадан арнайы келген биші Гев Манукян қатысты. Жас кезінде Көкшетаудан Америкаға қоныс аударған биші аталған елде үлкен жетістіктерге жетіп, «So You Think You Can Dance» би жарысының жеңімпазы атаныпты. Ол Қазақстанда өнер көрсетіп жатқанына және басқа емес, осы керемет шоуға ат салысып жатқанына бақытты екенін жеткізді.

Шоу екі күн өтетініне қарамастан, бірінші күні зал лық толы болды. Оның ішінде Шығыс Азия елдері Жапония, Оңтүстік Корея және Қытайдан келген жанкүйерлер де көп болды. Олар әр елдің жалауларын әкеліп, шынайы жанкүйерлік ықыластарын білдірді.

Әр жылдардағы Қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегерлері Денис Тен мен Дайсукэ Такахаси би-баттл ұйымдастырып, барабанның сүйемелдеуімен екеуі әдемі иірімдер мен айналымдарын көрсетті. Алайда екі үздік мәнерлеп сырғанаушының бұл жарысы достықпен аяқталды. Өйткені, мұнда ешкім жарыспайды, бәрі тек достықтарын паш ету үшін жиналған.

Әлбетте, жанкүйерлердің басым бөлігі әлемге әйгілі фигуристер Мао Асада мен Эван Лайсачектің өнерін көруге асықты. Бұл екі фигурист те шетелге көп шықпайтын, түрлі шоуларға көп қатыса бермейтін спортшылар болғандықтан олардың осы шоуда өнер көрсетуі біз үшін үлкен мәртебе және Денистің де абыройының биік екенін көрсетсе керек.

Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы, АҚШ-тың екі дүркін чемпионы Эван Лайсачек

Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, үш дүркін Әлем чемпионы, үш дүркін төрт құрлық чемпионы, Гран-при финалының төрт дүркін чемпионы, Жапонияның алты дүркін чемпионы Мао Асада

Кештің шарықтау шегі Денис Тен мен оның жұлдызды достары бірігіп, арнайы тігілен ұлттық костюмдермен қазақ биін орындауы болды. Атақты спортшыларды қазақы ұлттық үлгідегі костюмдермен мұз айдынында көрген көрерменнің ықыласында шек болмады.

Кеш соңында Денис Тен шоуды ұйымдастыруда қолдау білдірген достарына, демеушілер мен Қазақстан халқына алғысын жаудырды. Билеттерден түскен қаржы Қазақстанда мәнерлеп сырғанауды дамытуға жұмсалатынын жеткізді.

Автор және сурет: Анар Мұстафина

A. Mustafina