"Барсаның" барлық голы (видео)

Қаталондық ұжым осы жылы испан біріншілігін жеңіп алды. Чемпиондар Лигасының ақтық сынында есе жібермеді демесеңіз, өз ойын мәнерімен көпшіліктің көңілінен шыға алды...

Клуб жаттықтырушысының ауысқаны "тики-така" мұрагерлеріне бастапқы уақытта оңайға соққан жоқ. Жаттықтырушылыққа келген Тита Виланова ойламаған жерден сырқаттанып, біраз уақытқа ем-доп қабылдап жатты.

Команда сапынан Вилья, Тиаго есімді бірқатар ойыншылар кетті.

Сонау Аргентинадан әлемнің ең таңдаулы ұжымын жаттықтыруға Мартиноны алдырды. Елу бір жастағы білікті маман кейбір еуропалық басылымдардың көңілінен шықпауда. Дегенмен, оңтүстік америкалық бапкер осы маусымда команданы жеңістен жеңіске жеткізіп, клуб тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижені тіркеді.

Ендігі таңда өз ұстанымы мен бірқатар өзгерістерін енгізуде. Мессисіз бір тұтас көрінбейтін "Барселона" өзге ойыншыларға иек арта отырып, түрлі сыннан өтіп келеді. Қосалқы құрамдағы Фабрегас көп ойындарда тізгін ұстаушы көшбасшы ойыншыға айналуда. Хави қартайды, Тельо, Диеголар ізін өкшелеп келуде.

Бір ғана өткел бермес асу болып келгені, Мартино бапкердің тәуекелге барудан қашқақтайтындығы. Командада көптен бері жаңа өзгеріс орын алмаған. Тапқырлық тұрғысында білік дау тудырмағанмен, табандап енгізуде таласқа қалып жүр.

Басты бәсекелесі "Реалды" күз басында тізе бүктірді. Бразилиядан қолқа салып алдырған Неймар өреннің де аяқ алысы жаман емес. Көп құлап, көп жығылатыны болмаса, португалдың сұрмерген Роналдудың ізімен жалғас келеді. Өз елінде көп сенім артылған ойыншыға еуропалық футбол көп қысымын жасауда.

Жыл басынан Мессиді түрлі жарақаттар мазалаумен келеді. "Алтын доптың" төрт дүркін иегері бұл жылы да қанжығасын майлағысы келіп еді, сәті түспейін деп тұр. Бір жағынан, атақ-дәрежеге бұрынғыдай артық аусарлығы көрінбейді. Үлкен футболдағы жетістіктері өз алдына, отбасы - ошақ қасындағы некелі жарына, сүйкімді баласына көп көңіл бөле бастаған. Ойыннан ой бөлінсе, оған бір себеп бала болмауына кім кепіл.

Испандық футболды өрге сүйреп жүрген каталондықтар осы жылы да кәрі құрлықтың ең айтулы додасында топ жаруға дәмелі. Ширек финалда ағылшынның азулысы "Манчестер Ситимен"ойнайды. Чилилік маманның қол астындағы команданы дәл қазіргі таңда АПЛ-дың ең айбынды, ең таңдаулы, Жозе айтпақшы, ең мықты ұжымына баласақ, артық айтқандық емес. 

Бүгінгі бейне материалымызда каталондық "Барселонаның" 2013 жылы соққан барлық голы ұсынылады...

Испан біріншілігінде қарсылас қақпасына 49 гол соғыпты. Дәл қазіргі таңда 46 ұпаймен мадридтік "Атлетикомен" турнир кестесінің бірінші орнын бөлісіп тұр. 

Чемпиондар Лигасында бір жыл уақытта 16 гол соғылған.

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/mKkX69ejhno#t","width":"450","height":"338"});

Дайындаған: Әкежан Дәкен

Сурет: rsport.ru