KFC тауық етімен бірге сыра сатуы мүмкін

KFC тауық етімен бірге сыра сатуы мүмкін

Полковник Сандерстің бизнесі әлемнің кез келген елінде жүріп жатыр. Ал KFC франчайзингінің Аустралиядағы өкілдері ыстық ауа райына байланысты мәзірдегі сусындардың қатарын толықтыруды ұсыныпты. Нақтырақ айтсақ, олар салқын сыраны сатуға рұқсат сұрап отыр.

Сидней қаласындағы қуырылған тауық етін дайындайтын ресторан сыра сатуға лицензия алуға талаптаныпты, деп жазады The Age. Бұл KFC тарихында алғаш рет болып отыр. Себебі, бұған дейін компанияның әлемдегі өкілдерінен спиртті ішімдіктерге қатысты өтініш түспеген. Егер KFC-дің Аустралиядағы өкілдігі рұқсат беретін болса, Сиднейдің Парраматта ауданындағы KFC рестораны сыра сататын алғашқы орталық болады.

Дегенмен, бұған келіспейтіндер де табылды. Мысалы, Куртин Университетінің профессоры Майк Дабл. Ол жылдам тағам дайындаумен айналысатын ресторанның алкогольді ішімдік сатуы ақылға қонымсыз дейді. «KFC сыра сатумен айналысуды ұйғарса, айналыссын. Бірақ балалардың көп баратын жерінде алкогольді сусындардың болуы біздің KFC туралы ойымызды өзгертеді», – дейді профессор.

Айта кетелік, KFC-дің Аустралиядағы франчайзерлері континенттегі ыстық климатты сылтауратып рұқсат сұраған. Құрлықтағы Grill'd, Guzman, Gomez және Nandos дейтін фаст фуд орталықтары сыра бизнесіне бет бұрып қойған.

Сурет: randlfoods.com

Ж. Өрісбай