- Негізгі бет
- Мәдениет
- Норвегияда бейбітшілік саласы...
Норвегияда бейбітшілік саласы бойынша "Нобель" сыйлығы табыс етілді
Норвегия астанасы Ослода бейбітшілік саласы бойынша "Нобель" иегерлері марапатталды. 2018 жылы оған конголық гинеколог Денис Муквеге мен ирактық адам құқықтарын қорғаушы Надя Мурад лайық деп табылған.
Биыл бейбітшілік саласы бойынша "Нобель" сыйлығы жыныстық зорлық-зомбылықты соғыс пен қарулы қақтығыстарда қару ретінде пайдалануды тоқтатуға бағытталған күш-жігер үшін берілді. Жеңімпаздар қазан айында анықталған еді.
"Олардың ортақ күресі үш қарапайым мәлімдемеден тұрады. Соғыс пен қақтығыс кезіндегі әскери стратегияның бір бөлігі ретінде зорлық-зомбылықты жүйелі пайдалану – қылмыс", – деді Норвегияның Нобель комитетінің төрағасы Берит Рейсс-Андерсен.
Денис Муквеге – зорлық-зомбылықтан зәбір көргендерге көмектесетін емхананың негізін қалаған конголық дәрігер. 63 жастағы дәрігер өз саласындағы жарақаттарды емдеуде ең үздік маман ретінде марапатталған. Сондай-ақ ол, БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша берілетін сыйлық пен Сахаров атындағы сыйлыққа ие.
Надя Мурад – 25 жаста. Ирактағы адам құқықтарын қорғайды. БҰҰ-ның есірткі мен қылмысқа қарсы күресетін ұйымының өкілі. Сахаров атындағы сыйлықтың иегері. Time журналы түзген 2016 жылдағы ең ықпалды жүз әйел тізіміне енген.
Биылғы жүлденің ақшалай сыйлығы 9 миллион швед кронын (1 миллион доллар) құраған.
Айта кетейік, Швеция астанасы Стокгольмде медицина және физиология бойынша Джеймс Аллисон (АҚШ) мен Тасуку Хондзё (Жапония), физика саласы бойынша Артур Эшкин (АҚШ), Жерар Мур (АҚШ/Франция) және Донна Стрикланд (Канада), химия саласы бойынша Фрэнсис Арнольд (АҚШ), Джордж Смит (АҚШ) және Грегори Винтер (Ұлыбритания), экономика бойынша Вильям Нордхаус пен Поль Ромeр марапатталғанын жазған едік.
Т. Раушанұлы