- Негізгі бет
- Мәдениет
- Еліміздегі кинотеатрлар “Құнанбай”...
Еліміздегі кинотеатрлар “Құнанбай” фильмін көрсетуден бас тартып жатыр
Халқымыздың ұлы ақыны, кемеңгер Абайдың әкесі Құнанбай туралы фильм осы жылдың көктемінде жарыққа шығады деп жоспарланды. Бірақ белгісіз себептерге байланысты кейінге шегерілді, − деп хабарлады baistars.kz.
"Классика" радиосының журналисі Зира Наурызбаева фильмнің режиссері әрі басты рөлді сомдаушы Досхан Жолжақсыновқа мәселенің мән-жайын білмекке хабарласқан. Алайда, Досхан Жолжақсынов сырқаттанып ауруханада жатқан көрінеді.
Оған себеп «Құнанбай» фильмін еліміздің кинотеатрлары көрсетуден бас тартқан. «Қазақфильм» АҚ да еш әрекет жасамай отырғандығын айтқан. Фильмнің көрерменге жетуі үшін ол көп жерге барып, шаршағандығын жеткізген. Тек «Арман» кинотеатры 26 қарашада көрсететін болып келіскен. Басқа қалалар да 2-3 желтоқсан күндері көрсетуге уәде беріп отыр. Осындай жағдай болғандықтан «Құнанбай» фильмі кешеуілдеп жатыр.
Бұл − Досхан Жолжақсыновтың екінші режиссерлік жұмысы. Бұған дейін «Біржан сал» фильмін түсіріп, онда да басты рөлді сомдаған. Фильм сценариін Досхан Жолжақсынов Таласбек Әсемқұловпен бірлесе отырып жазған. Фильм Құнанбайдың туған жерінде, Шығыс Қазақстан облысында түсірілген.
Сол заманның тыныс-тіршілігін көрсету үшін қаншама деректі материал жинақталып, тарихи құндылықтар қайта жаңғырды. Табиғат аясына 150 киіз үй тігіліп, фильмде үш жүздің жүйрігі жарысқан бәйге, балуандар күресі, әнші-жыршы, күйшілердің сайысы да көрініс тапқан.
Дереккөз: NUR.KZ
С. Ерсін