«Құнанбай» фильмі мамырдың соңында жарыққа шығады

«Құнанбай» фильмі мамырдың соңында жарыққа шығады
Фото: zhasorken.kz

Абайдың әкесі, қайраткер тұлға Құнанбай Өскенбайұлы туралы толықметржады көркем фильм мамырдың соңында жарыққа шығады. Бұл туралы «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы, жазушы Дидар Амантайдың фейсбуктағы парақшасына сілтеме жасап zhasorken.kz сайты хабарлады.

«Таяуда Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері, өнер ардагері, ұлттық театр және кино актері, режиссер, продюсер Досхан Жолжақсынов жұрт назарына ұлы Абайдың әкесі, қайраткер тұлға Құнанбай Өскенбайұлы туралы толықметржады көркем фильмін ұсынады.

10460958_837534246340104_1866752630804248345_n

Кезінде елді елең еткізген «Біржан сал» фильмі кәсіби мамандар, киногерлер тарапынан аса жоғары баға алған болатын. 12 мамырда Қарауылда, 13 мамырда Семейде, 16 мамырда Астанада, 24 мамырда Алматыда тұсауы кесілетін бұл кинотуынды да кино әлеміндегі үлкен жаңалық болады деп ойлаймыз. Досхан ағамыз рөл сомдаса да, кино түсірсе де дүниеге, алдына қойған мақсат-мұратына тек қазақтың ұлттық мүдде тұрғысынан қарайды.

«Құнанбай» фильмі мамырдың 25-нен кейін еліміздің барлық кинотеатрларынан көрсетіле бастайды. Сценарийін жазғандар: Досхан ағамыз бен қазақтың аяулы перзенті, асыл досымыз, қазақ руханиятының таңғажайып құбылысы Таласбек Әсемқұлов мырза», – дейді Дидар Амантай.

Н. Айдархан