Қазақстанның музыкада жеткен биылғы 5 жетістігі

Қазақстанның музыкада жеткен биылғы 5 жетістігі
Фото: dimashnews.com

Қазақстанның музыка саласында биыл ірі жаңалықтар мен жетістіктер болды. Олардың кейбірі өзіміз күткендей, болжам жасағандай болса, енді бірі мүлде күтпеген жерден бұйырды.

Ендеше Massaget.kz сайты биыл қазақ әншілері мен музыканттарының әлемдік фуррор жасаған жеңістерін топтастырып көрді.

#1 ТМД-ға келген алғашқы Grammy

Ақсу қаласының жігіті, жас музыкант Иманбек Зейкеновтың музыка әлемінде үздік жетістік саналатын Grammy сыйлығын ұтып алғаны – нағыз күтпеген жайт болды. 15 наурызда әлемдік сыйлықты табыстаудың шарасы өтіп, қазақстандық музыканттың SAINt JHN атты рэпердің Roses әніне жазылған ремиксі "ең үздік ремикс" атанып, Grammy-ді қанжығаға байлады.

 SAINt JHN-тің YouTube-арнасында жүктелген ремикс бір жылда 200 млн қаралым жинаған (әннің оригинал-нұсқасы 57 млн қаралым ғана жинаған). TikTok-та бұл трекке 4 миллионға жуық видео түсірілген. АҚШ-та танымал ең үздік 5 музыкалық тректің қатарына енді. Billboard Hot 100-дік қатарына еніп, Ұлыбританияның хит-парадын басқарған трекке айналды. Shazam-ның топ-жиырмалығына енді. Әрі 22 миллион тыңдалым жинаған.

Иманбек жазған Roses АҚШ-тың Billboard чартында 11 апта бойы үздік би әні ретінде бірінші орында тұрды. Ремикс Apple Music-тің топ-ондығына енді. Ал "Яндекс. Музыка" чартында айлап бірінші орында тұрды.

Иманбек – бейклассикалық жанр бойынша ТМД-да Грэмми алған алғашқы музыкант атанды.  

"MTV Россия" телеарнасы Иманбекті "жыл музыканты", GQ Russia журналы "Жыл жаңалығы" деп таныды. Ал АҚШ-тың MTV EMA премиясы бойынша Best MTV Russia Act номинациясын алды.

Одан кейін музыкант Forbes және GQ рейтингтерінде көш бастады және Rita Ora, Usher, 50 Cent, Sean Paul, David Guetta сынды әлемге әйгілі музыканттармен бірге ән жазды. Қазір екінші Grammy алуға дайындалып жүр.

#2 Рухия Байдүкен

"Славян базары" байқауына қатысқан қазақстандықтар жүлдесіз қайтпайды. 2015 жылы Димаш Құдайберген байқаудың Гран-Приін алса, 2019 жылы Әділхан Макин жас жүлдені әкелді. Ал биылғы Гран-Приді Рухия Байдүкен алды.

2021 жылғы "Славян базары" байқауына 14 елден үміткер қатысты. Рухия Байдүкен финалда украин тіліндегі Злата Огневичтің "Зозуля" ("Көкек) әнін орындады. Әннің авторы Рухияның орындауындағы коверге жоғары бағасын берді.

Екі күндік сайыста қазақстандық әнші 138 ұпай жинап, ең үздік орындаушы атанды.

Бас жүлдеге "Алтын лира" мүсіншесімен бірге 20 мың АҚШ долларына ие болды.

Рухия Байдүкен 1998 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келген. Ол Қазақ Ұлттық өнер университетінде "Эстрада және вокал" мамандығында оқиды. 4 сыныптан бастап Талдықорған қаласындағы Өнер мектебінде вокал сыныбында білім алған.

Оның дауысы төрт жарым октаваға жетеді. Қазір вокалдан сабақ береді.

#3 Димаш Billboard Hot Trending Songs чартының үштігіне енді

Димаш Құдайбергеннің жақында шыққан екі әні Billboard Hot Trending Songs чартының үздік үштігіне енді. Қазір әншінің "Fly Away" әні – екінші, "Be With Me" әні – үшінші болып тұр.

Бір ай бұрын қазақстандық әншінің "Fly Away" әні топ-жиырмалыққа еніп, 19-шы орында тұрған. Қазір үздік үштікте тұр. Чартта BTS, Adele, Taylor Swift сынды танымал әншілер бар.

Billboard журналының Hot Trending Songs чарты теле, радио және ғаламторы желісінде, әлеуметтік желіде трендте жүрген музыканттар мен музыка туындылардың тізімін жасаумен айналысады. Димаш – әлеуметтік желіде ең көп ізделетін әрі бөлісілетін музыкант ретінде танылды.

Кез келген музыкант әлемдік абыройға ие болуы үшін АҚШ-тың чарттарында танымал болуы керек. Queen, The Beatles сынды топтар АҚШ-та танымал болуымен әлемдік танымалдылыққа қол жеткізді.

Сондай-ақ Димаш биыл Ресейдің "Виктория" музыкалық премиясы бойынша "Жыл әншісі" атағын, Қытайдың "Sweet Kids жобасының махаббат жаршысы" наградасын алды.

#4 Қазақстанның қос әншісі "Голос" шоуының финалында

Биыл Қазақстаннан үш бірдей әнші Ресейдің "Голос" телевизиялық шоуына қатысты. Ернар Садырбаев пен Әлішер Каримов финалға жетті. Қазақстандық әншілер "Голос"-та тұңғыш рет финалға жетіп отыр.

Ернар Садырбаев әнші Дима Биланның тобында. Жартылай финалда "Подбери музыку" әнін орындап, вокалдық қабілетінің қыр-сырын көрсетті.

"Ернар! Ғажап вокалдық мүмкіндіктер. Таң қалам. Жоғары ноталарды жеңіл аласыз, бірақ ыңғайсыз өтпелі ноталардың өзінен жаңылыспай таза алдыңыз. Мықты дауыс" деп бағалады жюрилердің бірі Леонид Агутин.

Ал әнші Әлішер Каримов марқұм Александр Градскийдің тобында. Жартылай финалда "Я тебя никогда не забуду" әнін орындады.

Финалда Ернар Садырбаев тәлімгері бірінші кезеңде Дима Биланмен "Ты должна рядом быть", "Ищу тебя" әндерін, кейінгі кезеңде "Unchained melody" ("Кеудені жарып шыққан әуен") әнін орындап, үздік үштікке енді.

Ал Алишер Каримов тәлімгері Александр Градскийдің "Мы были молоды" әнін, кейін "Ноктюрн", "Аве Мария" әндерін орындады. Бірақ финалда 46% дауыс жинаумен, екінші орынды қағанат тұтты. 

#5 Домбырашылар Golden Time Talent-те бірінші орын алды

Қазақстандық домбырашылары Темірлан Олжабай мен Ернар Наурыз халықаралық Golden Time Talent фестивалінде бірінші орын алды.

Гранд-финал мамыр айының соңында өтіп, домбырашылар Вивальдидің "Жыл маусымы" композициясын авторлық өңдеуден өткізіп орындады. Ал бейнеклипті Ұлыбританияда түсірген екен.

Golden Time Talent ұйымдастырушылары қазақ домбырашыларының өнерін бұрыннан біледі екен. Бұған дейін коллектив АҚШ-та өткен халықаралық байқауды алтын жүлде алған.

Топ 2017 жылы құрылған. Димаш Құдайбергенмен бірге Қытайға барып, I'm a Singer конкурсында ән сүйемелдеген. Сондай-ақ, Түркия, Израиль, Еуропа елдерінде өнер көрсеткен.

Golden Time Talent фестивалі – шығармашылық топ пен жеке орындаушылардың өнерін көрсету мақсатында ұйымдастырылған халықаралық фестиваль. Мұнда әлемнің 18 елінен 53 жюри қазылық етеді.

Қ. Слямбек